UFC-де отандық спортшылардың арасынан кім чемпион атануы мүмкін? Лиганың басты жұлдыздарының бірі Шавкат Рахмонов октагонға орала ма? Отандық спортшылардың UFC-дегі жолы қашан ашылады? Осы және өзге де мәселелер төңірегінде танымал спорт менеджері Дидар Сағадиевпен сұхбаттастық.
El.kz: Дидар мырза, жақында ғана UFC-дегі басты жұлдыздарымыз Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаевтың жарақат алып, біраз уақыт октагонға шыға алмайтыны белгілі болды. Бұл жағдайға кәсіби тұрғыда қалай қарайсыз?
– Ең алдымен, мұндай мәселеге баға бермес бұрын оның түп-тамырын толық түсіну керек деп ойлаймын. Әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде «енді олардың мүмкіндігі азайды», «бір-екі жылдан кейін ғана оралады», «уақыты өтіп бара жатыр» деген сыңайдағы пікірлерді көзім шалды. Бірақ бұл кәсіби көзқарас емес.
Шавкат та, Асу да титулдық жекпе-жекке өте жақын тұрған спортшылар. Шавкаттың басты мақсатына қол жеткізуіне бір-ақ жекпе-жек қалды деуге болады. Себебі спортта бәрі қалпына келу процесіне, реабилитацияға, спортшының өз ішкі дайындығына байланысты.
Шавкатты жақсы танимын. «Dar Team-де» директор болып жүрген кезімде онымен тікелей жұмыс істедім, келісімшартқа отырдым. Оның мінезін, мүмкіндігін, әлеуетін жақсы білемін.
Егер операция шетелде жасалып, қалпына келу процесі де сол жақта өтсе, бұл әлдеқайда тиімді. Қазір оған қолдау көрсетіп жатқан адамдар көп, мүмкіндік те бар.
Сондықтан әрбір сұраққа келгенде жан-жақты ақпарат алып, түп-төркінін біліп барып қана баға беру керек.
El.kz: Шавкат пен Асудың спорттық әлеуетіне келсек, жарақат олардың деңгейіне әсер етуі мүмкін бе?
– Кәсіби деңгейде екеуінің де мүмкіндігі өте жоғары. Жауынгерлік аспектілерінің барлығы мықты: тік тұрып төбелеседі, партерде де, тактикалық ойлау жағынан да толыққанды қалыптасқан спортшылар.
Бұл спортта ең бастысы – мінез бен табандылық. Ал бұл қасиет Шавкатта да, Асуда да бар. Бұлар үшін чемпиондық атақ жай арман емес – нақты мақсат.
El.kz: Соңғы уақытта Шавкаттың Иэн Гарримен жекпе-жекке жарақатпен шыққаны көп талқыланып жатыр. Оның емінің ұзаққа созылып кетуін де осымен байланыстырып жатқандар бар...
– Шыны керек, нақты қандай жарақат болғанын, оның қаншалықты ауыр екенін дәл қазір ешкім ашық айтып отырған жоқ.
Өздерімен сөйлескен адамдар да нақты диагнозды жарияламады. Сондықтан бұл жерде «неге емделмеді, неге шықты» деп біржақты айту қиын. Мұндай жағдайда біз нақты дерекке сүйенуіміз керек.
El.kz: Шавкаттың мінезі туралы айтып қалдыңыз. Ол мінез октагондағы шешімдеріне әсер ете ме?
– Әрине. Шавкат – өте қайсар, табанды жігіт. Дәл сол мінезінің арқасында жеңіске жетіп жүр. Кейде сол қайсарлық жарақатпен де жекпе-жекке шығуға итермелеген болуы мүмкін.
Бірақ бұл – оның әлсіздігі емес, керісінше, ішкі мықтылығының көрінісі.
El.kz: Соңғы кезде «Шавкат тойынды, бұрынғыдай аш емес» деген әңгімелер де көбейді. Бұған көзқарасыңыз қандай?
– Бұл – жай ғана өсек-аяң. Сырт көздің үстірт бағасы. Адамның ішкі психологиясын, ішкі дайындығын білмей тұрып ондай әңгіме айту – дилетанттық көзқарас.
Тойынған адам жаттығу жасамайды, маған сеніңіз. Ал жарақат алса, залға тіпті келмейді. Ондайдың талайын көрдік. Бірақ Шавкат пен Асу – өздерін сөзбен емес, іспен дәлелдейтін жігіттер.
Екеуін де жақсы білемін. Бірге жұмыс істедік, талай рет әңгімелестік. Олар артық сөзді жақтырмайды, нәтиже арқылы ғана сөйлейді. Сондықтан «тойынды» деген әңгіме қисынсыз.
El.kz: Қалталы адамдардың спортшыларға ықпалы туралы да жиі айтылады. Бұл Шавкатқа да әсер етуі мүмкін бе?
– Нақты қалай әсер еткенін айта алмаймын, өйткені оның қасында жүрген жоқпын. Оның өмірге деген көзқарасы өзгерді ме, қалай өзгерді – оны өзі ғана біледі.
Бірақ өз тәжірибемде көргенім: тойынған спортшы жарақат алған кезде жаттығуға келмейді. Бұл – дәлелденген нәрсе. Ал Шавкат жаттығуды тоқтатқан емес.
El.kz: Жарақат пен ұзақ үзіліс спортшыға психологиялық және физикалық тұрғыда қалай әсер етеді?
– Уақтылы жасалған операция мен дұрыс оңалту процесі әдетте оң әсер береді. Кейде спортшы бұрынғыдан да мықты болып оралады. Себебі ол осы кезеңде дайындық процесін екі есе арттырып, өз әлсіз тұстарымен жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Шавкат – өте салқынқанды жігіт. Сондықтан бұл сынақтан да сәтті өтеді деп сенемін.
El.kz: Чемпиондық атаққа қашан қол жеткізуі мүмкін деген сұраққа қалай жауап берер едіңіз?
– Бұл бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, дивизиондағы жағдай: кім қалады, кім кетеді, кім жеңіледі, кім жарақат алады. Қазір ең мықты жауынгерлердің бәрі 77 келі салмақ дәрежесінде жиналған, бәсекесі жоғары дивизион.
Екіншіден, UFC-дің өз саясаты бар. Олар титулдық айқасты кімге беру тиімді екенін, қай нарыққа басымдық беру қажет екенін жан-жақты саралайды. Үшіншіден, медианың факторы өте маңызды: көрерменге кім қызық, кімнің жекпе-жегін сату оңай – соны да ескереді.
El.kz: Осы тұрғыдан алғанда, Шавкат UFC үшін қаншалықты қызықты болуы мүмкін?
– Өте қызық. Америкада оны жақсы көреді, таниды. Ол әдемі, көрерменге ұнайтын стильде төбелесед, күреспен шектелмейді. Тік тұрып айқасады, тартысты жекпе-жектер өткізеді. Ең бастысы – жеңіліссіз рекорды бар.
Мұндай жауынгерлер UFC-де өте аз. Сондықтан Шавкат – бағалы проспект.
El.kz: Ислам Махачевпен ықтимал жекпе-жек туралы пікіріңіз қандай?
– Егер чемпиондық жекпе-жек болса, әрине, бұл кездесудің маңызы зор. Шавкат – жан-жақты жауынгер: тік тұрыста да, грэпплингте де, күресте де қауіпті.
Оның үстіне, оның бойында қазақтың рухы бар. Бұл факторды ешқашан елемеуге болмайды. Ол рухпен де, техникасымен де жеңіске жете алады.
El.kz: Америкалық ММА сарапшысы Люк Томас «Шавкат өзінің шарықтау шегінде тұр еді, алайда қазір ең қымбат уақытын жоғалтып жатыр, чемпиондық белбеуді иеленіп, оны қорғап жүретін кезеңін өткізіп алды» деген пікір айтыпты.
– Бұл жерде барлық факторды жан-жақты саралау қажет. Спортшының нақты мүмкіндігін бағалау үшін оның физикалық жай-күйін, психологиялық жағдайын, жаттығу процесін, қалпына келу кезеңін түгел ескеру керек.
Шарықтау шегін, әлеуетін толық түсіну үшін спортшыны іштен бақылап, күнделікті жұмысын көріп, барлық процеске қанық болу қажет.
Оның нағыз мүмкіндігі октагонға қайта оралған кезде ғана анық көрінеді.
El.kz: Жалпы, UFC-дегі қазақстандық жауынгерлердің болашағын қалай бағалайсыз?
– Қазір нақты бір-екі спортшыны атап айту қиын. Бірақ алдағы бес жылда ұйымдағы спортшыларымыздың саны көбейетіні анық, себебі қазір талантты жастар көп. Ішкі жарыстарды, кәсіби жекпе-жектерді үнемі бақылап жүрміз.
Егер сол балаларды қолдап, дұрыс бағыттай алсақ, алдағы уақытта Шавкаттың деңгейіндегі спортшылар тағы шығады.
El.kz: Шавкат феномені басқа қазақстандық спортшыларға әсер етті ме?
– Әрине. Ол UFC-дегі қазақ жауынгерлерінің жолын ашты. Жекпе-жегімен ғана емес, болмысымен, құндылығымен ерекшеленген жан. Қазақша сөйлеп, ұлттық болмысын жоғалтпай, өзіндік ұстанымын көрсетті. Басынан малақайын тастамайды. Қарапайымдылығымен жұртты баурап алды.
Соның арқасында бүгінде ол америкалық жүргізушілер мен сарапшылардың аузында жүрген тұлғаға айналды.
El.kz: Біздің спортшылар негізінен жеңіл салмақтарда табысты өнер көрсетіп жүр. Ал ауыр салмақта мүмкіндігіміз қандай?
– Қазақтың алып жігіттері де ұйымда өз орнын иелене алады. Мысал ретінде Дияр Нұрғожайды айтуға болады. Диас ауыр салмақтағы алғашқы өкіліміз болған соң, жауапкершіліктің бәрі соған жүктелді, ол сол қысыммен күресе алмай қалды.
Шанхайда өткен айқасында қырғыз спортшысынан жеңілді. Жекпе-жегін арнайы барып көрдік. Әлеуеті бар жігіт. Оның үстіне ауыр салмақтарда бәсеке аз ғой.