Максим Рожин: «Қазаққа алғысты қазақ тілінде айту керек!»

28 Ақпан 2020, 16:27 8255

Белгілі блогер қазақ тілін ерікті түрде үйрену туралы үндеу тастады

Қазақтың қамын жеп жүрген сары бала Максимді танымайтындар кемде-кем шығар. Белгілі журналист, блогер және бүгінгі күннің белсендісі. Қазақша сөйлегенде, тілі тас жарады. Еріктілер жылында Максим қазақстандық жастарға ерікті түрде қазақ тілін үйрену туралы үндеу тастады. «Су ішкен құдығына түкірмеудің» үлгісін ісімен көрсетіп жүрген де осы жігіт.
Максим Рожин 1983 жылы 11 қазанда Алматы облысы Қаскелең қаласында дүниеге келген. Алайда, ол балалық, бозбалалық шағын Арыс қаласында өткізіпті.  Бала кезінен айналадағы сұлулықты суретке түсіруге құмар болған ол бүгінде де бұл сүйікті ісінен қол үзген емес. Негізгі мамандығы еңбек пәнінің мұғалімі екен. Ал журналистикаға кездейсоқ келуі оның өмірлік бағытын айқындап бергендей болды. Қазақтың тіліне деген сүйіспеншілік оның қазақ әдебиетімен, сөз зергерлерінің інжу-маржандарымен кеңірек танысуына жол ашты. Соның арқасында оның қанатты сөздер мен мақал-мәтелдерді, тіпті қағытпа қалжың сөздерді өз орнымен пайдалануы өзге түгілі қазақтың өзін таңқалдырды.

Қайтсек, қазақтың тілінің көсегесі көгеріп, көкжиегі кеңейеді деп жүрген тіл жанашырларын Максимнің жуырда ғана әлеуметтік желіде жариялаған «Қазақ тілі дамып, өзіне лайықты денгейде болсын десек, қазақ тілін оқытып жатқандар, үйренгісі келетіндер, қазақ тілін білетіндер, барлығымыз осы мәселеде бірігейік!» деген  үндеуі елең еткізді. Іле-шала Максим қазақтың тілін үйренудің әдіс-тәсілдерін ұсынып, біраз іс тындырып жүрген В.Тен, Қ.Тасыбеков, М.Әбенов, сынды белсенділермен кездесуін жариялап, әйтеуір бір қарекет қылып жатқанын айтты.    


- Тіл мәселесіне байланысты тыңнан түрен салдыңыз. Не түрткі болды?

- Біз қазаққа не үшін қарыздармыз? Мәселен, менің әкем 1938 жылы отбасымен қуғын-сүргінге ұшырап Ресейден Қазалыға келген. Сол жерде білім алған, кейін Орта Азия бойынша жұмыс жасаған. Ал анам Нөкісте туылған. Біздің отбасымыз қазақ даласына келіп, еркіндіктің не екенін білді, шаңырақ құрды, ұрпақ тәрбиеледі. Шүкір, бейбіт күнде берекелі тірлік кешіп отыр. Шынымды айтсам, қазақ тілінің төңірегіндегі бітпейтін дау-дамайдан шаршадым. Қоғамда екі сыңар пікір пайда болды. Бұл жасырын емес. Ал дауласудың соңы көбінесе дүрдараздықпен аяқталып жатады. Мемлекеттік тілді үйренбеуге мың сан себеп айтатындар сол айтылған сын-пікірлердің салдарынан тілді үйрене қоюы екіталай, ал тілден, қазақтілді қоғамнан алшақтап кетуі әбден мүмкін.  Сол сияқты мемлекеттік тілдің дамуына ынтагердің өзі қоғамнан қолдау болмаған соң, әбден титығына жетіп шаршап, жарты жолда қолын бір сілтеуі де мүмкін.

Сізге өз тіліңізде жауап қатса, қуанып қаласыз ғой, солай ма?! Біз шетелдерге барғанда «Bonjour», «mersi» деп тілімізді бұрап, сындырып сөйлейміз. Және мұны бар ынта-шынтамызбен айтамыз. Себебі, біз олардың тілінде сөйлеу арқылы, оларға жақындай түсеміз, бір-бірімізді жақсырақ түсінеміз. Ал бізге өз туған жерімізде бір-бірімізге жақын болуымызға кім немесе не кедергі?! Міне, осы ой  адамдардың тіл үйренудегі кедергілерді еңсеруіне көмек қолын созуыма себеп болды.

Менің балалық шағым қазақ ауылында өтті. 400-ге жуық түтіні бар Арыста бір де бір адам орыс тілінде сөйлемейтін. Мен көшеден етсіп келген қазақша сөздерімнің мағынасын түсінбей, анамнан келіп сұрайтынмын. Ал қазір қазақ әдебиетінің классиктерін төлнұсқасында оқимын.

- Қазақтың мәселесін өзге ұлттың айтып, сойылын соғуын қоғам қалай қабылдайды?

- Бізде бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол қазақ тілі. Әрбір қазақстандық азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті. Демек, біз барлығымыз да қазақ тілін білуіміз керек. Әрине, бүгінде қай мекемеде болмасын, тіпті мемлкеттік мекемелерде құжаттардың орыс тілінде рәсімделетінін жоққа шығаруға болмайды. Бұл енді сол мекеменің басшысына да байланысты. Басшы көп жағдайда қазақ тілін білмеуі мүмкін, сондықтан ол хат мазмұнын түсінуі үшін алғашқыда орыс тілінде рәсімдеп, кейін қазақ тіліне аударып жатады. Бұл мәселелердің барлығы да уақыт өте келе шешіледі деп сенгіміз келеді. Бірақ бұған байланысты заң жүзінде қатаң шаралар қабылдануы керек деуден аулақпын. Біз керісінше, қазақ тілін қоғамның дұрыс қабылдауына ықпал етуіміз керек. Мемлекеттік тілді бәсекеге қабілетті, қолдданысқа қажетті етуіміз керек. Мен қазақ тілінің жастар арасында, әсіресе оқыған интеллигент жастар арасында көбірек қолданысқа енгенін қалар едім. Тілді жастар қажет етуі керек.

- Ол үшін не  істейміз?

- Бүгін балабақша, мектеп табалдырығында жүрген балалар үшін ертеңгі күні қазақ тілі өте керек. Әрине, егер олар Қазақстанда қалып еңбек етемін десе. Міне, осы жерде тілді дамытуға титулдық ұлттың өкілдерінің өздері де күш салуы керек деген мәселе туындайды. Өзге кетсе де, өз жерінен қазақтар ешқайда кетпейді.

- Көптеген орыстілділер қазақ тілінде айналасындағылардың көзге шұқуынан қысылып, сөйлеуге ұялатындарын айтады. Сіздің өз басыңызда мұндай жағдай кездесті ме?  

- Менің қазақ тілінде тіл сындырғаныма 30 жылдан асты. Алты жасымнан бастап, қазақ балдарымен доп теуіп жүріп, әу дегеннен қазақтың тұрмыстық тілін үйреніп алғам. Анам мен апам да қазақ тілін дәл солай, көршілерінен үйренді. Ол жерде ешқандай мәжбүрлеу болмады, ешкім қазақшаны бұзып сөйлегеніміз үшін бізге қолын шошайтып, бетін шымшып күлмеді. Қазақ тілін білуім менің қазақ редакциясында журналист болып жұмыс жасауыма жол ашты. Мен шынында, тілді білу адамдарды бір-бірімен жақындастырып, шекараны, тосқауылды жойғанын қалаймын. Қазақ тілін үйреніп, Қазақстанға келіп жұмыс жасап жүрген, тіпті осында тұрып жатқан шетелдіктер бар.  Бір американдықтың Қазақстанға келер алдында үш ай бойы қазақ тілін үйренгенін білемін. Бұл қылығына таңқалғаныма ол одан бетер таңқалды «Мұнда қазақ тілі керек, себебі, мен осы жақта жұмыс жасаймын» деген еді ол сонда. Ия, тілді үйренудің өз қиындықтары бар. Сеул университетінде Орта Азия тілдерінің кафедрасы бар. Онда Сон Ен Хун есімді профессор қазақ, қырғыз, өзбек тілдерінен дәріс береді. Оның студенттері Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанда жұмыс жасау үшін 5 жыл сонда білім алады. Мен сол студенттердің бірімен сөйлескенмін. Ол Қазақстанның солтүстік өңірінде тілдік тәжірибеден өтудің қиын болғанын айтып берді.

Өз ішімізде тіл проблемасының төңірегінде келеңсіздіктің көптігі қынжылтады.  Мен сұқбаттың басында қоғамда тілге қатысты екі тараптың бар екенін айтқан болатынмын. Бұған еріктілік бастама туралы әлеуметтік желіде пост жариялаған кезде көз жеткіздім. Оған екі тарап та бірдей үн қатты. Қоғам бұл мәселенің тезірек шешілуіне мұқтаж.  

- Қос тарап туралы айттыңыз, қазақ тілін үйренуге мүмкіндігі бола тұра құлқы жоқтардың бар екенін мойындауымыз керек қой?

- Менің Солтүстік Қазақстан облысында тұратын бір танысым бар. Ол қазақ тілін үйренуге ешқашан талпынған да емес, себебі бізде қазақ тілін менсінбеушілік әлі де бар. Кейін сол танысым Алматы қаласына қоныс аударғанында, қазақ тілінде интеллигент жастардың сөйлегенін көріп, қазақ тілін аз уақыт ішінде өзі де меңгеріп алды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруімізге болады. Сондықтан, біз өзіміз үлгі болуымыз керек.

Әрине, тіл үйрету әдістемесінде күрделіліктер бар. Және бұл үйренемін деген адамның меселін қайтарып, сағын сындыруы мүмкін. Сондықтан, тіл үйренуге қолайлы жағдай, оңай әдістеме ұсыну керек. Көптеген табысты тәжірибелер бар. Оларды енгізіп, таратып, тіл үйрену процесінің маңыздылығын арттыру керек. Барлығының тілді үйренуде өз проблемасы бар. Біреуге өз ортасында сөйлесу қиын, біреулер тіпті тілді қажетсінбейді, ал кейбіреулер Абайды төлнұсқасында оқығысы келеді.

- Мемлекеттік тілді дамытуға қосатын нақты үлесіңіз, жоспарыңыз қандай болмақ?

- Қазақ тілін үйрену үшін оған деген оң пікірді қалыптастыру керек. Күштеп үйрету мүмкін емес. Сондықтан қазақ тіліне деген қызығушылық пен қажеттілікті тудыру керек. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенін, қоғамға жат, қажетсіз емес екенін ұғындыруымыз керек. Біз тілді шын ниет білдіріп үйренуге көмектесеміз.  Әрбір тілді тасымалдаушыны қазақ тілін үйренгісі келетіндерге көмек көрсетуге шақырамыз. Сапалы курстар тауып, біреулерге бастамашылық етіп, өз қамқорымызға алайық. «Қазақ тілін үйренуге көмектес!» деген жалпыхалықтық қозғалысқа серпін бергіміз келеді.

Меніңше, қазақ тілінің мәселесін әркім әрқалай шешуге ұмтылып жүр. Өз кезінде мен телеарналар мен киноөнімдерде титрлардың пайда болуына бастамашылық еткенмін. Бұл идеяны 2008 жылы Ассамблеяның съездінде айттым. Сондай-ақ, балабақшаларда қазақ тілін үйрету жөніндегі жұмыстарды күшейтуді ұсындым.

Қазақ тіліндегі ақпараттардың сапасы өте маңызды. Қазір қазақтілді контентті қолданушылардың саны күннен-күнге артып келеді. Бұны мақсатты аудитория статистикасы дәлелдеп отыр. Алайда, контент өте аз. Ал біз қазақтілді контентті сондай-ақ, шетелдегі қазақтарға да ұсынуымыз керек қой.

Жанымызда жақынына қолұшын созуға дайын қайырымды жандар өте көп. Бұл Ұлы даланың жазылмаған заңы да солай. Қазақтар ешқашан көмекке мұқтажды кеудесінен итермеген, керісінше, төріне шығарып, құдайындай сыйлаған, маңдайынан сипаған, қолындағы соңғы нанымен бөліскен. Сондықтан қазақтан үлгі алған барлық қазақстандық ұлттар бүгінде қазақтың осы дархан мінезін бойларына сіңірді. Себебі, олар өздері де осы мейірімділіктің арқасында аман қалды. Қайырымдылық - жақсы істердің бастауы болады. Біз біртұтас қоғамды не үшін тілдік өзгешелікке байланысты бөлуіміз керек?!  «Сәлеметсіз бе» деп айтудың несі қиын?!

Қазақ тілінде мүдіріспен сөйлеген адамды күлкі қылу бізге жараспайды. Ол бүгін мүдіргенімен, бір жылдан кейін қазақша тап-таза сөйлейтін болады. Бастысы, үйренемін деген талабы бар, ниеті бар. Біз осы туралы ойлануымыз керек. Шын мәніндегі толеранттылық деген де осы.

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: