5 Қыркүйек 2016, 10:13
Варшавадан Мәскеуге ұшып келе жатқанмын. Жаныма сүйкімді келіншек пен оның інісі отырды. Танысып, шүйіркелесіп келеміз. Жерге қонғанда олар менен: «Сізді біреу күтіп ала ма?» деп сұрады. Күйеуімнің сөздері санамда қылаң берді: «Келе салысымен такси ұста. Саудаласпа». Мен басымды шайқап, «ешкім күтпейтінін» айттым. Жерлестерімнің үлкен ілтипатпен жарты жолға дейін жеткізіп салайық дегеніне қуана келісе кеттім. Қалаға кіре берісте мені түсіріп кетті. Үлкен жолдың бойында көлік ағылып жатыр. Қол көтеріп біраз тұрдым. Ешкім тоқтамады. Қар аралас жаңбыр жауа бастады. «Неге осы мені ешкім күтіп алмайды?» деп ойладым. Сөмкемдегі бар киімімді киіп алдым. Жарты сағат дегенде алғашқы аялдамаға келдім. Түн жарымындағы соңғы автобусқа отырып, үйіме шаққа жеттім. Есіктен кіре бере малмандай су қалпымда жерге отыра кеттім. «Жаным, келдің бе?» деді іштен күйеуім. Отырған жерімнен тұруға асықпадым.
«Мына адамның жанында не істеп жүрмін мен?» деген ой мазалады. Дәл қазір ол не дейтіннің бәрін алдын ала білем. Такси ұстау керек еді дейді. Сонда су болмай үйге жылдам келер едің деп ұрсады. Көлігің болмаса түн ішінде адамды әуежайдан күтіп алу еріккендік дер. Әншейін ұрысуға сылтау таба алмай отырсың ғой деп өзімді сөгеді. Оның саналы, ақылды себеп-салдарын тұтас білемін. Қарсы айтар уәжім де жоқ. Бірақ жүрегіме бір беймазалық қонақтады. Бұлай болмау керек.
Бірнеше айдан соң ғана менің қиындығым неде екенін анық түсіндім. Бір арнадан Осборндардың реалити-шоуын көрсетіп жатты. Аналары бүкіл бала-шағаны көлікке тиеп алып, әуежайға әкесін қарсы алуға шығады. Балалар тентектік жасап, «не үшін оны қарсы алу керек?» деп барғысы келмейтінін айтып жатты. Сосын анасының дауысына салып: «өйткені, біз оны жақсы көреміз» деп көңілді келемеждегенін көрдім.
Сол кезде санама сарт етті. Мен бәрін түсіндім. Біз ет жақынымызды сөмкесі ауыр болғаны үшін күтіп алмаймыз. Біз оларды жақсы көргендіктен күтіп аламыз. Махаббат деген әуежайдан күтіп алу. Сүйікті жанды қуантқымыз келгендіктен сөйтеміз. Қолдағымыз келгендіктен. Құшақтағымыз келгендіктен. «Оралғаның қандай жақсы болды!» деу үшін.
Мен отбасыны «Такси ұстай сал», «Маған тиіспеші», «Бөгет жасама», «Бірдеңе ғып өзің істей салшы» дегенді есту үшін құрмадым ғой. Мен ұшып келгенде, әуежайда сол адам көпшілік арасынан мені көзімен іздеп тұру үшін онымен бірге болуды қаладым емес пе?
Әрине, бұл мәселені тек саналы түрде есептесек, бұл кездесудің бәрі – ылғи ыңғайсыз, бейуақта, әрі мүлде керексіз сияқты. Әуежайға бармаса да болады – кептеліс деген әдемі сылтау бар. Одан да үйде отырып компьютер ойнаған ұтымды. Ауруханаға да өзің бармай, делдалды жұмсап, бір пакет апельсин беріп жіберсең не тұрады? Жыл сайын той күнін атап өтудің не қажеті бар – бәрібір таза ақымақтық, ақша шашу ғана. Жалпы, артық қимыл жасаудың еш қажеті жоқ. Сен сияқты айналасына немқұрайлы адамға да өзгелер бейтарап қалмайды деп дәметіп жүре беруге болар, бәлкім.
Бірақ олай болмайды ғой. Жақсы қарым-қатынасқа лайықты ілтипат керек. «Өздігінен бола салу» тек жамандықты шақырады. Оззи Осборн көлік жүргуші ұстауға қауқарлы бай адам. Бірақ үйіне қайтып оралғанда оны шопыр емес, отбасы, ең жақындары күтіп алғанын қалайды. Мен де соны қалаймын. Бәрі де соны қалайды. Алайда бәрі соны істеуге құлықты емес.
Күтіп алуға ерінетін, тыңдауға құлқы жоқ, жұбатуға шамасы келмейтін, жақындарын қуантуға ниетсіз адамдардың арасындағы сезім баяғыда түгесілген шығар? Егер олардың арасында сезім болған болса...
«Махаббат деген не?» деген кинофильмдегі бас кейіпкер досына айтатыны бар ғой: «Әйелімді әуежайдан күтіп алғаным үшін сен оны барып тұрған оңбаған санайсың. Ал, мен оны күтіп алғым келетіндіктен сонда болғым келеді. Бар айырмашылық осы ғана».
Автор Наталья Радулова
Аударған Шынар Әбілдә