Жеңістің 72 жылдығы қарсаңында «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс Корпорациясы» жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Қабденұлы Шыңғысов және филиалдың саяси Кеңес мүшелері Саят Бәкіров., Ардагер Арынов., Сайран Әменов Жезқазған және Сәтбаев қаласында тұратын соғыс ардагерлерінің шаңырағына барды.
Қонақтар алдымен соғыс ардагері Виноградова Нина Степановнаның үйіне барды. Ардагер 94 жаста. Кейуана меймандарды құшақ жая қарсы алды. Дастархан жайып, өмірінен өнегелі сыр шертті. Ардагер кәмелет жасын толмай-ақ соғысқа шақырылыпты. Майдан даласындағы шайқасқа әжеміз 1941 жылы аттанған. Медбике ретінде 2-ші Украина фронтында міндетін атқарды. Соғыстың зұлматын көрген әжеміз 1946 жылы әскер қатарынан босап, Жезқазған облысы Рудник кентінде қызметін жалғастырды. Қазақ жеріне келген сәтін қарт жауынгер толқып отырып есіне алды.
«Қазақ жері бізді құшағын жая қарсы алды. Ол кезде барлық елдің жағдайы нашар еді. Өздеріне талғажауды әрең тауып отырса да қазақта тауығы мен қозысын беріп, жылы жұмсағын ұсынып, керемет қолдау білдірді. Қазақ ұлтының арқасында аяққа нық тұрып, білек сыбанып еңбек майданына араластық. Соғыста біз Жеңіске жетеміз деп күрессек, соғыстан кейін қираған қалаларды қалпына келтірдік. Елдің жағдайын көтердік. Мойымадық, шаршамадық. Мен сол ауыр жылдар мен кең жүректі қайрымды жандарды ешқашан ұмытпаймын»- деп, еске алады жауынгер ана.
Ардагерлермен кездесуде Бауыржан Шыңғысов ардагерлермен кездесу, сұхбаттасып, көңіл хошын көтеру, үлкен құрмет екенін атап өтті. Ол ардагерлерді келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтап, перзенттік тілегін жеткізді. «Соғыстың сұрапыл жылдары Сіздер жасаған ерлік пен қайсарлық біз үшін мәңгілік ерліктің үлгісі болып қала бермек. Партия мүшелері атынан Сіздерге ыстық ықыласымызды көрсетіп, құттықтағым келеді. Жезқазған аймағында Балхаш және қарағандылық Қазақмыс Корпорациясында еңбек еткен 31 ардагеріміз бар. «Қазақмыс Корпорациясының» өкілдері бүгін барлық ардагерлеріміздің шаңырағына барып, олармен жүздесіп, құттықтауда»- деді Б.Шыңғысов. Меймандар ардагерлерге жылы лебіздерін жеткізіп, әр майдангер қарияға 150 000 теңге көлемінде сыйақыларын табыстады.