04.09.2025
12:21
1471
Магниттік дауылдар шынымен қауіпті ме? Дәрігерлер не дейді?

Магниттік дауылдар шынымен қауіпті ме? Дәрігерлер не дейді?

Осыдан бірер күн бұрын Жерде магниттік дауыл жүріп жатқаны хабарланған. Ал магниттік дауыл деген не және одан қандай қауіп бар? Бұған қатысты мамандар мен дәрігерлер пікірі қандай? El.kz интернет порталының тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Магниттік дауыл деген не?

Магниттік дауыл – Жердің магнит өрісіндегі қатты өзгерістер. Олар өрістің қалыпты жұмысын бұзып, бірнеше сағаттан бірнеше тәулікке дейін созылады. Бұл құбылыс «ғарыштық ауа райына» байланысты – яғни Күндегі жарқылдардың әсерінен туындайды.

Магниттік дауылдар Жердегі спутниктік және өзге де технологияларға, сондай-ақ адам денсаулығына ықпал етуі мүмкін. Ғалымдар мұны «ауа райы» деп тегін атамаған. Қоршаған ортаны бақылау жөніндегі федералды қызмет мамандарының айтуынша:

Жер маңында да өз дауылдары мен құйындары (магниттік және ионосфералық), бұлттары (мезосфералық, немесе күміс бұлттар), желі (күн желі), тіпті жауыны (полярлық ионосферадағы құбылыстардың бірі) бар – кәдімгі ауа райының барлық белгілері кездеседі.

Магниттік дауыл қайдан пайда болады?

Күн бетінде температурасы төмен аймақтар бар – оларды күн дақтары деп атайды. Осындай дақтарда ерекше магниттік белсенділік пайда болып, магниттік бөлшектерден құралған бұлттар атқылайды. Олар ғарышта Жерге қарай жылжиды.

Жерге жеткенде, бұл бөлшектер планетаның магнит өрісіне соққы беріп, электр құрылғыларын істен шығарады. Егер дауыл тым қуатты болса, бүкіл өркениет бірнеше айға «тас ғасырына» қайта оралуы мүмкін.

Магниттік дауылдың адамға әсері

Ресми медицина әлі күнге дейін геомагниттік дауылдардың денсаулыққа әсерін толық дәлелденген деп санамайды. Себебі ғарыштағы өзгерістер адамға күнделікті физикалық жүктемеден әлдеқайда аз ықпал етеді.

Алайда «Ғарыштық ауа райы» зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Тамара Бреустың айтуынша, адам жасушалары электрлік зарядқа ие, сондықтан ғарыштық ауа райының өзгерісіне жауап береді. Егер геомагниттік өріс тербелісі 1-2 секундтық жиілікке жетсе (жүрек соғысының ритміне сәйкес келсе), жүрек-қан тамырлары ауруы бар адамдардың жағдайы нашарлауы мүмкін. Сондықтан инсульт, инфаркт және гипертониялық криздердің 70%-ға жуығы магниттік дауыл кезінде болатыны түсіндіріледі.

Магниттік дауылдар адамға мынадай әсер етуі мүмкін:

  • капиллярлық қан ағымын баяулатып, тіндердің оттегі жетіспеушілігін туғызады,
  • қан қысымы мәселелерін асқындырады,
  • ұйқысыздықты қоздырады,
  • жүрек соғысын жиілетеді (тахикардия),
  • мигрень ұстамасын шақырады,
  • тірек-қимыл аппараты ауруларын өршітеді.

XIX ғасырдағы апат

Тарихтағы ең күшті геомагниттік дауыл 1859 жылғы 1 қыркүйекте болды. Солтүстік жарты шардың түнгі аспаны алаулап, ғажайып сәулелерге толды. Бұл құбылыс тіпті Гавайиде де байқалды. Ол кезде электр қуатын жаңа ғана қолдана бастағанымен, телеграф желілері шамадан тыс жүктеліп, тіпті өртеніп кеткен.

National Geographic жазғандай, егер дәл осындай құбылыс қазір қайталанса, электр трансформаторлары жаппай істен шығады. Қоймадағы қордан да көп зақымдалуы мүмкін, соның салдарынан миллиондаған адам айлап жарықсыз, ауыз сусыз, жылусыз, байланыссыз, дәрі-дәрмексіз және азық-түліксіз қалуы ықтимал.

«Интернет-апокалипсис» қаупі

2021 жылдың тамызында коммуникациялар жөніндегі конференцияда америкалық зерттеуші Сангита Абду Джоти «Геомагниттік дауылдар: интернет-апокалипсиске дайындалу» атты баяндама жасады.

Оның айтуынша, жергілікті интернет желілері қатты зардап шекпейді, себебі талшықты-оптикалық кабельдерге магниттік дауылдардың әсері аз. Бірақ континенттерді жалғайтын ұзын суасты кабельдері бұзылады. Ал бұл бүкіл планетаны интернеттен ажыратып тастайды.

Сангита Абду Джоти:

Пандемия кезінде әлемнің дайын еместігін көрдік. Дәл сондай жағдай интернет тұрақтылығына да қатысты. Қазіргі инфрақұрылым Күндегі ірі жарқылдарға дайын емес, - деді.

Геомагниттік дауылдар сирек кездесетіндіктен, нақты деректер жоқ. Соңғы 150 жылда ірі жарқылдар үш рет болған: 1859, 1921 және 1989 жылдары. Бірақ салдары орасан болуы мүмкін, ал жаһандық экономикаға шығыны $10 трлн-ға дейін жетуі ықтимал. Сол себепті ғалымдар алдын ала дайындалу аса маңызды деп есептейді.

Қауіптің алдын алу үшін не істеліп жатыр?

Ғарыштық ауа райын болжау Жердегіден де қиынырақ. АҚШ-тың Ұлттық мұхит және атмосфера басқармасының ғалымдары күн дақтарын күн сайын бақылап, олардың көлемі мен орналасуындағы өзгерістерді тіркеп, Жерге бағытталған жарқыл болу ықтималдығын болжайды.

Бельгиядағы Корольдік обсерватория да күн дақтарын қадағалап, Күн белсенділігінің максимумдары мен минимумдарын есептейді. Бұл ғарыштық ауа райын дәлірек болжауға мүмкіндік береді.

Магниттік дауылды тоқтату мүмкін емес, бірақ одан қорғануға болады:

  • электр трансформаторларын қорғайтын арнайы құрылғылар орнату,
  • желі жүктемесін реттейтін стратегиялар жасау.

Магниттік дауылдан қалай қорғануға болады?

Қауіп тобына жататын адамдарға мына кеңестер беріледі:

  • дене жүктемесін азайту,
  • толыққанды 8 сағат ұйықтау,
  • күйзелістен аулақ болу,
  • таза ауада көбірек серуендеу,
  • дәрілерді әдеттегі режимде қабылдау,
  • қан қысымын үнемі бақылап отыру.

Егер жағдай қатты нашарласа, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.