Мәди Алжанбай: Жапон әдебиетінің бітімі бөлек келеді

9 Қыркүйек, 13:01 685

Әлемдік классик ақын-жазушылардың шығармасын қазақ тіліне тәржіма жасаған қаламгерлердің еңбегі өлшеусіз. Сол арқылы оқырман әлемдік әдебиетке сусындап, бөгде ұлттың мәдениеті, өмірі, әдет-ғұрпымен танысады. Кейінгі буын арасында өзіндік қолтаңбасы бар журналист, жазушы-аудармашы Мәди Алжанбай жапон қаламгерлерінің шығармасын аударып, оқырманға тарту етті. «Күншығыс елінің» әдебиетіне деген ынтызарлық қалай пайда болды? Бұл туралы журналист-жазушы El.kz-ке берген сұхбатында кеңірек әңгімелеп берді. 

El.kz: Мәди Әсетұлы, өзіңізді журналистен кейін жазушы, аудармашы ретінде білеміз. Көркем шығарманы аударуға деген ынта қашан пайда болды? Ең алғашқы тырнақалды туындыңыз жайында айтсаңыз?

Мәди Алжанбай: Рахмет! Шынында тілшілер қауымының көпшілігі түптің түбінде әдебиетке қарай ойысады. Бұл – өмір шындығы. Ел ішінде айтылатын: «Генерал болғысы келмейтін солдат жоқ» деген ұғымның тонын теріс айналдырып қолдансақ «Қаламгер болғысы келмейтін журналист жоқ» болып шығар еді.

Мені әдебиет атты әлемге арбаған ертегілер мен аңыз-әңгімелер. 5 жасымда атам Көшербайдың үйретуімен әріп танып, газет-журналдардың тақырыптарын оқи бастадым. Кейіннен әкем Әсет Көшербайұлы атақты дат жазушысы Ханс Кристиан Андерсеннің ертегілер томдығын сатып әперді. Әйгілі «Су перісі», «Ұсқынсыз үйрек», «Түймедағы», «Қайтпас қайсар қалайы солдат», «Қар ханшайымы», «Оле Лукойе» секілді ертегілермен қазақ тілінде таныстым. Оларды аударған Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Сасан Нұрғалиев, Ғаббас Жұмабаев секілді қаламгерлер. Жасалған тәржіманың шынайылығы, қазақы танымға жақындығы, тіл байлығы оқушыны жетелей жөнеледі. Сол арқылы ертегі деген әлемге қызыға түстік. Бұл кеңестік кезеңдегі аударма саласының жетістігін көрсетсе керек. Сол арқылы ұлттық дүниетаным байымаса кеміген жоқ.

Кейін мектепті бітіріп, арман қуып жоғары оқуға түсуге талап қылдық. Қатарынан 2 жыл түсе алмай, тек 1995 жылы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетінің сырттай бөлімі қабылдады. Қадыр Мырза Әлінің «Студенттер» атты өлеңі бар. Оқыған сайын өмірдің тәтті сәттері көз алдыңа оралады. Жалпы, журналистердің бәрі де алғашқы курста «ақындық» дертпен ауырады. Кейінгі жылдары әркім өз жолын тауып, прозаға ауысады. Курстастарым Алмат Исәділ, Алмас Темірбай, Қанағат Әбілхайыр төгіліп тұрған ақын. Оларға ілескен Ұлан Тәліпбай екеуміз көзіқарақты оқырманбыз. Шыны керек, осы курстастарым қатты әсер етті. Одан бөлек, әйгілі 5 жатақхананың әр қабатында бір-бір ақын, бір-бір жазушы тұрады. Біздің алдымыздағы Жанарбек Әшімжан, Дәрмен Смайыл, Есей Жеңісұлы, Қасым Аманжол, Данияр Саламат, Әлібек Шегебай, Бекжан Әшірбаев, Талғат Ешенов, Жәкен Омаров секілді оғландардың бәрі де тек әдебиет жайында сөйлеседі. Көршілес филология факультетіндегі Батырболат Қабош, Серікзат Дүйсенғазин, Балғынбек Имашев, Дәулеткерей Кәпұлы, Мақсат Ясылбайұлы, Серік Қалиев ҚазМҰУ-дің қалашығын ән мен жырға, өлеңге толтырып жатқан тұс. Кейіннен Маралтай Райымбек, Сәндібек Жұбаниязов, Сағындық Рзахметов, Жарас Сәрсек, Әмірхан Балқыбекпен, Тараздан тура тартқан Серік Томановпен таныстық. Дәл сол кезде менің бойымда көптеген өзгерістер мен жаңғырулар пайда болды. Әдебиетті жүйелеп оқу керектігін ұғындық. Бұрынғы оқығаным мен кейінгі түсінгенімнің арасын парықтадым. Оның үстіне сырттай оқитындарға «шетел әдебиетін» оқытатын ұстаз орыс әдебиетінің қабырғалы қаламгерлерін оқып келуді тапсырды. Қысқы сессияға дейін Достоевский, Толстой, Гоголь, Горький, Тургенев, Чехов секілді алыптармен таныстым. Сөйтіп, әңгіме жаза бастадым. Алғашқы тырнақалды әңгімем «Ойын» деп аталады. Оны соңғы курста жүріп жаздым.

El.kz: Қайбір жылдары «Жас толқын» сериясымен «Жалын» баспасынан «Шие жапырағы және сыбызғы» атты аударма мен әңгімелерден тұратын тұңғыш кітабыңыз жарық көрген еді. Онда негізінен жапон қаламгерлерінің шығармасын аудардыңыз. Неге таңдауыңыз жапон жазушыларына түсті? Әлде, қазақ менталитетіне жақындық, қандай да бір ұқсастық байқадыңыз ба?

Мәди Алжанбай: Студент кезімізде әлем әдебиетімен таныса бастадық қой. Өзара әңгімелескенде оқыған кітабымызды талқылау бір керемет әсер беретін. Соның әсерімен талай жігіт оқуға құмартты десем өтірік емес. Бір күні курстасым Алмат Исәділ Акутагава Рюноскэ деген жапон жазушысының орыс тіліндегі «Муки Ада» атты кітабын көтеріп келді. Жата жабысып, әлгі кітапты оқуға сұрап алдым. Сөйтіп, жапон әдебиетінің жауһарымен танысу басталды. Арада біраз уақыт өткен соң бір әңгімесін аударып, «Қазақ әдебиеті» газетіне апардым. Оған марқұм Әмірхан Балқыбек «Мылқау мұң» деген тақырып қойып, жарқ еткізіп басып жіберді. Бұл 2001 жыл болатын. Осылайша, аудармамен ауыра бастадым.

Бір қызық айта кетейін, сол кітап әлі менде. Иесіне қайтармадым. Өзі де сұрамады. Алмат оны Дүйсен деген ағасынан алыпты. Жұқа мұқабалы кітаптың ішіне иесі: «Жапон әдебиетін толық тану үшін қысық көзді болу аздық етеді» деген пікірді жазған екен. Акутагава Рюноскэнің қазақша аудармасын Самал Соқпақбаева «Мұғалім Мори» деген атпен шығарыпты. Оны өз басым оқымадым. Бірақ жапонның ажалға, тозаққа, жәннатқа, өлімге, аруаққа, ене мен келінге, бала тәрбиесіне, мұрагерлікке қатысты дүниетанымымен орысша таныстым. Аздаған өзгешеліктері болмаса бір кеңістікте жатқан ұлт ретінде түркі халықтарына жақындығын байқау қиын емес. Мысалы, «Мылқау мұң» әңгімесінде о-Тами есімді жесірдің енесі о-Суми мен баласы Хиро үшін қалай еңбектенгені, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткені, жаңбырлатып шөп шауып, қара суықта картоп қазғаны айтылады. Былай қарасаң қазақы ауылдың өмірінен айнымайды. Келінін төркініне жібермей қасында алып қалу үшін о-Суми әлдебір жамағайынын мақтап, күйеуге шығуға ұсынады. Мұндай тағдырлар біздің елімізде жоқ деп кім айта алады?!

Сөйтіп, жапон әдебиетінің бітімі бөлек, танымы ерек екенін ұғындым. Кобо Абэ, Дадзай Осаму, Морио Кита, Сига Наоя, Миура Тецуо секілді жазушылардың әңгімелерін аудардым. Солардың әрқайсысы бөлек-бөлек шың секілді. Мүддесі жапон құндылығын паш ету. Соған қарап әдебиет әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлшегіне айналғанын көрдік.

El.kz: Одан кейін қандай аударма еңбегіңіз жарық көрді? Қазір аудармамен айналысуға уақыт тауып жүрсіз бе? Егер мүмкіндік болса кімдерді аударар едіңіз? Жалпы, шығармашылығыңыз қалай даму үстінде?

Мәди Алжанбай: Осылайша аударманың тұнығынан ішіп, рухани кемелдену дегеннің  не екенін ұғынғандай болдым. Одан кейін орыс жазушысы Юрий Казаков пен Антон Чеховтың бірнеше әңгімесін қазақшаладым. Олардың бәрі де адам жанының қуаныш, қайғы, махаббат, жек көру, таңдану, немқұрайлылық секілді сезімдерін сөз етеді. Оны қазақ оқырманына жеткізу бүгінгі біздің міндет. Себебі, мәдениеттер, құндылықтар өзара танысқанда ғана ауысады. Ұлттың рухани байлығы толығады. Ең сорақысы бізде қазір кітап оқымайтын, тіпті, оқып көрмеген ұрпақ пайда болды. Бұл заманның зауалы осы болар. Соның кесірінен еренсіздік, жаны ашымастық, қараулық, көреалмастық секілді жағымсыз әдеттер белең алып барады. Кейде қазақтың болмысы бұзылып бара жатқандай көрініп кетеді. Қорқынышты. Журналист болған соң әркіммен тілдесесің, сұхбаттасасың. «Көлсай көлдері» ұлттық саябағын басқарған Әміржан Малыбеков бір сөзінде демалушылардың мәдениеті жоқтығын айтып еді. Отырған жерін жинап, қоқысын өзімен бірге алып кетуді өтінген ұлттық парктің қызметкерлеріне қарапайым ауыл тұрғыны қарсы шығып, төбелесе кетуге дайын тұрады екен. Соны кітап оқытумен ғана түзей аламыз. Шынында қазіргі жұрт ақшаға сатылмайтын құндылық жоқ деп есептеуге айналды. Оны да кітап оқымаудан көруге болады.

Өз басым қазір Чеховты қаузап жатырмын. Дәрігер бола жүріп, орыс қоғамындағы қайшылықты тұлғалар мен кейіпкерлерді қалай көргеніне таңғаласың. Мінездердің құбылмалығын танығыштығы тәнті етеді. Қарапайым адам байқай бермейтін сәттерді көрсетіп тұрған бір Жаратқанның барлығына осындайда көзің жете түседі. Соған қарап жазушылық та Алла тағаланың берген қабілеті екендігін ұғынасың.

El.kz: «Аударма – кілемнің арғы беті» деген екен жазушы Расул Ғамзатов. Демек, әлемдік әдебиетті аударғанда айналасы жұп-жұмыр, ұғынықты болу үшін неге мән беру керек? Сіздің басты ұстанымыңыз қандай?

Мәди Алжанбай: Ең бастысы, өзің түсініп оқу, тану, оқырманға керектігін білу. Қалғаны еңбектің арқасында келеді. Көздің майын тауысып тәржімалаған еңбектің нәтижесі бәрібір бөлек. Қазіргідей гугл-аудармашыға салып, түсініксіз сөйлем алғаннан гөрі, өзің ойланып, толғанып, сөйлем құраған дұрыс.

El.kz: Әлемдік классиктердің шығармаларын тәржімалаған немесе қазір аударып оқырманға таныстырып жүрген қандай аудармашы-жазушылардың еңбегін бағалайсыз?

Мәди Алжанбай: Қазіргі аудармашылардың бет алысы ерекше. Себебі олардың басым бөлігі шығарманы түпнұсқадан оқып, түсіне алады. Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбайдың жасаған аудармалары өте қажет. Рухани тұрғыдан баюымыз үшін осындай авторлармен де танысу керек. Досым Зікірия деген жігіт бар. Түрік тілінен тікелей аударады. Орхан Памуктің романдарын тәржімалады. Одан бөлек, Дәурен Берікқажы, Танакөз Толқынқызы, Маржан Ершуова, Алмат Исәділ секілді аудармамен айналысып жүрген қатарластарым бар. Бәрінің де ойлағаны – қазақ әдебиетін жауһар шығармамен толықтыру. Одан да бөлек көптеген тәржімандар жұмыс істеп жатыр. Кейбірінің атын білмей, танымай жатсам кешірсін. Бірақ аударма саласы жұмысы көзге көрінбейтін, алғысы аз сала. Онымен кәсіби тұрғыдан айналысу үшін арнайы қаламақысы болуы керек. Бір кездері Астанада «Әлем әдебиеті» деген журнал шығып тұрды. Әйгілі аудармашы Кеңес Юсуповтың бастамасымен шыққан еді. Ол кісі қайтыс болған соң ісін жалғастыратын ешкім шықпады ма, әйтеуір жабылып қалғанын естідік. Міне, сондай жанкешті еңбекті жақсы көретін адамдарды бірлестіріп, үлкен жоба жасау керек деп ойлаймын. Әлемде көп оқылған кітаптарды аударып, кітап қылып шығарумен айналысып жүргендер жоқ емес. Олардың қатарына «Мазмұндама» кітап үйінің басшысы Шыңғыс Мұқан мен «Ұлттық Аударма бюросы» қоғамдық қорын басқарған Рауан Кенжеханұлын жатқызуға болады. Олар көбіне ғаламның жаралуын түсіндіретін, жығылғанға демеу беретін, кәсіпкерлікке үйрететін еңбектерді ғана аударып жатыр. Таза әдеби шығармалар аз. Мүмкін, уақыты күтіп жатқан болар.

El.kz: Елімізде көркем әдебиетті аудару саласына қаншалықты көңіл бөлініп жүр?

Мәди Алжанбай: Шыны керек, сонау 90-шы жылдардың тоқырауында еліміздің идеологиясы бас көтере алмай құлады. Содан бері телеарналар көбікті сериалдарды көптеп аударып, көрерменге ұсынып жатты. Тіпті, әлі күнге қазақы танымға жат кино-теле туындыларды көрсетіп жүрген телеарналардың болуы сол идеологиялық құлдыраудың нәтижесі. 30 жыл деген оңай емес. Соның кесірінен үнділерше басын қылтылдатып сөйлейтін ұрпақ шықты. Әңгімелері төсек пен өсектің арасында ғана жүретін толқын пайда болды. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» деген. Бұның зардабын әлі тартамыз ба деп қорқамын.

Ал, көркем әдебиетті аудару ісі соңғы 10 жылдың көлемінде ғана мемлекеттік деңгейде мықтап қолға алына бастағаны шындық. Оның нәтижесі қандай болатынын уақыт көрсетеді. Шынында, қазақ әдебиеті аудармасыз күн көре алады. Бірақ бір сыдырғы, бір сарынды ағысты шиырлап кетуі де бек мүмкін. Тәржімамен айналысқан қазақтың ұлылары аз ба? Солардан үлгі алып, кейінгіге, келешекке жаңа сипатты әдебиет ұсыну бүгінгінің міндеті деп білемін.

El.kz: Жақсы, уақыт бөліп, ашық әңгімелескеніңізге рахмет!

Мереке Амантай
Бөлісу: