"Мәди Ахметов әскерге неге бармайды?". Қорғаныс министрлігі өкілдері мән-жайды айтты

26 Желтоқсан 2023, 17:43 1216

Қорғаныс министрлігінің орынбасары мен департаментінің өкілі экс-депутат Мәди Ахметовке қатысты журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Желіде "Ахметовты армияға жіберу керек" деп петиция жариялап, мыңдаған адам қол қойып үлгергені белгілі. Дегенмен, Мәди Ахметов әскерге шақырылмаған болатын.

Мәди Ахметов кеше қызметке тағайындалды. Ол Отан алдындағы борышын сол күйі өтеген жоқ. Әлеуметтік желіде қорғаныс министрінің атына "оны әскерге алып кетіңдер" деген петиция жарияланған еді. Оған он мыңнан астам адам қол қойды. Мәди Ахметов не себепті әскерге бармады, – деп сұрады журналист.

Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов айтулы қызметтерде азаматтар отырғанын, заңда қандай жағдайда оларды армияға шақыруға болатыны жазылғанын түсіндірді. Яғни, жасы 27 жастан асса, оны ешкім мерзімді әскери қызметке шақырмайды. Егер жоғары оқу орнында әскери кафедраны аяқтап, запастағы офицер қатарына енсе, ол әскери қызметке “запастағы офицер” ретінде екі жылға шақырылуы мүмкін.

Мен оның жасын білмеймін. Білуімше, ол әскерге шақырылатын жастан өтіп кетті, – дейді Сұлтан Камалетдинов.

Қазақстан Қарулы күштерінің бас штабы бастығының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Руслан Омаров те бұл сұраққа жауап берді.

Мәди Ахметов 1995 жылы 18 қыркүйекте туған. Демек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 27 жастан асып кеткеннен кейін оны ешкім шақырмайды, - деді ол.

Ал журналистер петиция оның әскерге жарамды кезінде жазылғанын атап өтті. Сұлтан Камалетдинов Қазақстанда жыл сайын 500 мыңға жуық бала мектеп бітіретінін, оның 200 мыңы әскерге баратын жаста болатынын айтады.

Бірақ соның бәрін әскерге шақыруымыз керек дегенді білдірмейді. Бізге ондай көлемде әскер жинаудың қажеті жоқ, – дейді ол.

Айта кетейік, бұрынғы мәжіліс депутаты Мәди Ахметов Алматы облысының жастар саясаты басқармасының басшысы болды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: