Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі журналистің қазасына орай көңіл айтты

Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі журналистің қазасына орай көңіл айтты

Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі журналист, жазушы, отандық ақпарат кеңістігінде өз қолтаңбасын қалдырған тұлға Мұхтар Түменбайдың дүниеден озуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына, барша әріптестеріне көңіл айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Мұхтар Жақсылықұлы – өзінің шығармашылығы мен азаматтық ұстанымымен ел есінде қалған тұлға еді. Ол қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосып, талай мазмұнды бағдарламалар мен деректі фильмдердің авторы атанды. Әсіресе, «Апта» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы арқылы елдегі маңызды оқиғаларға терең талдау жасап, көрерменнің құрметіне бөленді. Сондай-ақ, тарихи-патриоттық деректі фильмдері жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рух дарытып, ел тарихын ұмытпауға үндеді. Ардақты азаматтың адамдық болмысы, кәсіби біліктілігі – кейінгі буын қалам ұстаған жастарға әрдайым үлгі болып қала бермек. 
Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алланың рақымы мен мейірімі жолдас болып, рухы пейіште шалқысын!, - деп жазылған министрлік таратқан ақпаратта. 

Белгілі журналист 1970 жылы 11 тамызда дүниеге келген. Еңбек жолында бірқатар басылым мен республикалық телеарналарда жұмыс істеген. Ол «Qazaqstan» телеарнасының көрермендеріне «Апта» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі ретінде кеңінен танымал. Сондай-ақ, соғыс қаһармандарына арналған «Мәншүк. Әкеге араша түскен қыз», «Төрт қайсар», «Әлия. Ерлік алгоритмі» деректі фильмдерінің авторы ретінде белгілі. 

Естеріңізде болса, мамыр айының басында белгілі спорт журналисі Диас Ахметшәріп қайтыс болған еді.