Мәдениет саласында биылғы жылы бір миллионнан астам баланы қамтитын жоба жүзеге асқан

21 Желтоқсан 2022, 13:12 2309

Мәдениет және спорт министрлігі ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ баспасөз конференциясында балалар жылын қорытындылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды балалар жылы деп жариялады. Осы тұста Мәдениет және спорт министрлігінің атынан ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов биылғы атқарған жұмыстарына тоқтала кетті.

«Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігі балалар жылын өткізу аясында көзделген барлық тапсырмалар мен іс-шараларды жүзеге асырды. Балалар жылы аясында әзірленген жоспарға сәйкес 69 ауқымды іс-шара көзделген. Оның 9-ын Мәдениет және спорт министрлігі негізгі орындаушысы», – деді Нұрғиса Мұратұлы.

Мәдениет саласында бір миллионнан астам баланы қамтитын бірқатар ауқымды жоба жүзеге асқан.

«Атап айтқанда, біріншіден, Республикалық «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру онлайн жобасы сайттар мен әлеуметтік желілерге жүргізілуде. Қазіргі таңда қаралым саны 2 миллионнан асады. Екіншіден, «Оқушының мәдени нормативі» жобасы. Еліміздегі жалпы мектептердің 20 пайызын немесе 1510 мектепті қамтыды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз», – деп атап өтті вице-министр.

Оған қоса Мәдениет және спорт министрлігінің бастауымен бүгінде балалар әдебиетіне арналған «Дана бала» веб-сайты жұмыс істеуде. Қазіргі таңда 5000-нан астам кітаптың электронды нұсқасы сайтқа орналастырылған. Сондай-ақ министрлік 7-желтоқсанда балалар жылын қорытындылау мақсатында еліміздің барлық облысынан жиналған 40-ға жуық оқушыны Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында «Соңғы қоңырау» спектаклін тамашалауға шақырған.

«Министрлік 2023 жылдан бастап қазақстандық жас ақын, жазушылар үшін арнаулы президенттік әдеби сыйлығын тағайындауды жоспарлап отыр. Бұл 29 жасқа дейінгі қаламгерлерге арналатын болады. Ол арнайы Президентіміздің тапсырмасына сәйкес орындалады», – деді Нұрғиса Дәуешов.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: