Мәдениет нысандары қаланың тартымды орындарына айналады

7 Ақпан 2023, 02:18 1162

Бұл туралы Алтай Көлгінов мәлімдеді

Мәдениет нысандары – халықтың игілігіне ғана жұмыс істеп қоймай, сол сияқты қаланың визит картасына, тартымды орындарының біріне айналады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов мәлім етті.

Жаңа нысандарды салумен қатар, қолда бар нысандарға тиісті деңгейде көңіл бөліп, олардың жай-күйін сақтау қажет. Алматыда Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловпен бірге бірқатар мәдениет мекемелерінде болдым: М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театры, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы. Мәдениет қайраткерлерімен кездестік. Олардың қатарында Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Мұрат Әуезов бар, - деп жазды Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасына.

Кездесуде шетелдік театр ұжымдарымен өзара тәжірибе алмасу, жаңа мәдениет нысандарын салу, қолда бар нысандарды жөндеу секілді өзге де мәселелер көтерілген.

Мәселен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимаратын қайта жаңғыртуы қажет. Көтерілген мәселелерді шешу бойынша жұмыс қолға алынды. Мәдениет саласы қызметкерлерінің мәртебесін арттыру үшін үнемі жұмыс істейтін боламыз, - деді Премьер-министрдің орынбасары.

EL.KZ
Бөлісу: