Францияның RFI радиосының мәліметінше Мадагаскар президенті Андри Радзуэлина жексенбі күні француз әскерилерінің ұшағымен елден шығарылғаны белгілі болды, деп жазады El.kz интернет порталы ВВС-ге сілтеме жасап.
Ақпарат көздері оның ел халқына жақын уақытта үндеу жасайтынын жеткізді. Оппозиция жетекшісі Ситены Рандрианасолониайко Reuters агенттігіне президенттің шын мәнінде елден кеткенін растаған. Алайда Радзуэлинаның қазіргі қай жерде екені белгісіз.
RFI мәліметінше, президентті жексенбі күні тікұшақ Сент-Мари аралына жеткізген, содан кейін ол француз әскери ұшағына отырған. Кей ақпарат бойынша, Радзуэлина Маврикий арқылы Дубайға бет алған болуы мүмкін. Франция президенті Эммануэль Макрон эвакуацияны мақұлдағаны туралы айтылғанымен, Париж билігі Мадагаскар ішкі ісіне араласпайтынын мәлімдеді.
Сол күні жаңа армия басшысы генерал Демосфен Пикулас пен полиция күштерінің жаңа қолбасшысы Нонос Мбина Мамелисон елдегі тәртіптің сақталып отырғанын хабарлады. Олар билікті басып алу жоспары жоқ екенін айтып, әскер мен жандармерияның бірлесіп әрекет етіп жатқанын жеткізді.
Антананариву қаласының орталық алаңында мыңдаған наразылар жиналып, президенттің отставкасын талап етті. Кейін бұл алаң «Демократия алаңы» деп аталды. Ал Радзуэлинаның әкімшілігі елде «заңсыз билік басып алу әрекеті жүріп жатыр» деп мәлімдеп, мұндай әрекеттер Конституцияға қайшы екенін атап өтті.
Наразылықтар бұл елде тамыз айының соңынан бері жалғасып келеді. Алғашында су мен электр қуатының жиі өшуінен басталған наразылықтар кейін экономикалық қиындықтар мен үкіметтегі жемқорлыққа қарсы қозғалысқа ұласты. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, қақтығыстар кезінде кемінде 22 адам қаза тапқан, ал үкімет ресми түрде 12 адам мерт болғанын хабарлады.
Айта кетсек, Андри Радзуэлина — кәсіпкер әрі бұрынғы диджей. Ол 2009 жылы Мадагаскар президенті Марк Раваломанануды әскери төңкеріс арқылы биліктен кетіріп, 34 жасында Африкадағы ең жас мемлекет басшысы атанған. Саясатқа дейін ол Антананариву қаласының мэрі және бірқатар бизнес жобалардың иесі болған.