Маңғыстаулық сәбилерге домбыра тарту етілді

2 Шілде 2018, 01:03 1686

Ел Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев шілденің алғашқы жексенбісін ұлттық домбыра күні деп белгілеп, жарлыққа қол қойғаны баршаңызға белгілі. Қасиетті домбыра күнінің алғаш рет тойлануына орай Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-сі, облыстық этномәдени бірлестіктердің өкілдері бүгін  ШЖҚ МКК «Облыстық перианаталдық орталығында» дүние есігін алғаш болып ашқан екі сәбиді құттықтады.

Орталықта  домбыраның  үні асқақтап тұрды. «Адай» күйі күмбірлеп, туылған сәбилер домбыраның үнінде тербелді.  Маңғыстау ауданы, Үштаған  ауылының тұрғыны Нүркенова Айдана дәл түнгі сағат 00.00-де  кесте тоқыр - қыз баланы дүниеге әкелді.  Ақтау қаласының тұрғыны Дәулетиярова Салтанат екі сағаттан соң, ұл  бала босанған.

Облыстық Чосон «Кәріс» этномәдени бірлестігінің төрайымы Райса Маденова, «Ехпайрутон» Армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Айрапет Алексанович, «Самур» Лезгин этномәдени бірлестігінің төрағасы Гаджимагомед Селимов  жаңа босанған аналарды құттықтай отырып, екі сәбиге  бірдей қасиетті қазақтың қара домбырасын тарту етті.

Сондай-ақ, маңғыстаулық  сәбилерге Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан «Айналайын» атты тілек тақталары  және бағалы сыйлықтар, тәттілер, гүл ұсынылды. ШЖҚ МКК Облыстық перианаталдық орталық басшысы Жамал Жаманбаева Ұлттық домбыра күніне орай орталық ішінде жасалған қуанышты шара үшін әуелі Ұлт Көшбасшысына және Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясына алғысын білдірді.

 

Бөлісу: