Мақсат – балаларға жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету

17 Мамыр 2022, 11:36 1932

 


Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы 1932 жылы құрылған және балалар денсаулығын қорғау саласындағы республикалық маңызы бар жетекші ғылыми-зерттеу медициналық ұйым.

 

 

 

ПБХҒО-ның негізгі қызметі еліміздегі балаларға жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету, ғылыми-зерттеу жұмысы, педиатриялық бейіндер бойынша дипломға дейінгі және кейінгі білім беру және өңірлердің медициналық ұйымдарына ұйымдастырушылық-әдістемелік және консультативтік-тәжірибелік көмек көрсету болып келеді.

 

Клиникада 285 төсек-орын қоры бар (олардың 5-і күндізгі стационарға тиесілі). ПБХҒО-ның көмек көрсететін негізгі бағыты – бұл балалар онкологиясы және гематологиясы, трансплантология, неонатальды хирургиясы бар неонатология, пульмонология, гастроэнтерология, кардиология, ревматология, торакальды және абдоминальды хирургия, кардиохирургия, урология.

 

– Барлығы 13 клиникалық бөлімше, 4 жан сақтау және қарқынды емдеу бөлімшесі, 14 параклиникалық бөлімше, оның ішінде жоғары жарақталған клиникалық-диагностикалық зертхана, трансфузиология бөлімшесі бар аферез және гемопоэздік дің жасушаларын бақылау зертханасы жұмыс істейді. Клиникада ақылы стационарлық және консультациялық-диагностикалық бөлімшелер жұмыс істейді. Бұдан басқа, ауыр онкологиялық және гематологиялық, сирек кездесетін аурулары бар пациенттерді және гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялаудан кейінгі түрлі кезеңдерде балаларға стационарды алмастыратын қызметтер көрсетуге және динамикалық бақылауға арналған күндізгі стационар бар,- дейді Басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызметтер жөніндегі орынбасары Манжуова Лязат Нұрбапақызы.

 

Мұндағы мамандардың айтуынша, жыл сайын ПБХҒО-да Қазақстан Республикасының әртүрлі өңірлерінен 0-ден 18 жасқа дейінгі 6000-ға жуық бала ем алады.

 

Орталықта әртүрлі онкологиялық және гематологиялық аурулары бар балаларды диагностикалау және емдеу үшін 134 төсек-орын бар. Қатерлі ісіктері бар балаларды емдеудің хирургиялық кезеңіне арналған 20 төсектік мамандандырылған хирургия бөлімшесі бар. Мұнда терапияның халықаралық хаттамаларына сәйкес жоғары дозалы химиотерапия, аралас иммуносупрессивті, күрделі кешенді терапия, қатерлі ісіктерді жедел жою жүргізіледі.

 

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: