«Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – қоғамда маңызы бар жобаларды, сондай-ақ балалардың әлеуетті мүмкіндіктерін дамыту мен қоғаммен байланысын күшейту мақсатында құрылған. Ал, бүгінгі депутаттардың жұмыс сапарында орталықтың жәй-күйі ғана емес, ерекше балаларға арналған жобалардың маңыздылығы мен жаңашыл идеялардың бастамасы айтылды.
Мәжіліс депутаттары ең алдымен, орталықтың әр бөлмесіне кіріп, ерекше балаларға қандай жағдай жасалғанымен танысты, әр санаттағы балалардың жай-күйі мен көңіл-күйлеріне де назар аударды.
Орталықтағы балалар үшін бұл жер қауіпсіздік мекені болу керек. Әлеуметтік жағдайдан бөлек, психологиялық атмосфера, жылулық пен қоршаған ортаның шынайы қамқорлығы маңызды.
Орталық жағдайымен етене танысқан Мәжіліс депутаты Бауыржан Сартбаев орталықты қажетті медициналық, спорттық, техникалық құралдармен қамтамасыз етіп, жаңарту қажеттігін айтып, қызметкерлердің жалақы мөлшеріне баса назар аударды.
Ал, Мәжілістегі Әлеуметтік–мәдени даму комитетінің мүшесі Лариса Павловец мұндай мекемелер заманауи стандарттарға сәйкес болу керектігін, бүгінгі өздері куә болған проблемаларды жергілікті органдармен бірлесіп шешу үшін алғашқы қадамды жасауға дайын екендіктерін жеткізді.
Кездесуде «AMANAT» партиясының өкілдері мен қоғам белсенділері де болды.