Мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау бойынша жұмыстар жүргізіледі – Баубек Сомжүрек

27 Маусым 2022, 12:06 4510

«Қазіргі қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау келешегі» атты бірінші халықаралық фестиваль өтті

Балалар жылы аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазіргі қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау келешегі» атты бірінші халықаралық фестиваль өтті, – деп хабарлайды El.kz.

Іс-шараға ғылыми қоғамдастықтың өкілдері, Өзбекстан, Грузия, Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясынан келген жеке қорлардың басшылары және мүмкіндігі шектеулі балалар ата-аналарымен қатысты.


– Форумның мақсаты – инклюзивті білім беруді дамыту, даму ерекшеліктері бар балаларды әлеуметтендіру, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтудың тиімді әдістерін шешу. Болашақта осы елден келген мамандармен бірігіп, үлкен жұмыстарды қолға аламыз. Бұндай шара біздің елімізде алғаш рет өтіп жатыр, – деді ЕҰУ әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Баубек Сомжүрек.


Шараға мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-анасына қолдау көрсету мақсатында параолимпиада спортшылары да келді.

– 2018 жылы Индонезияда өткен Азия параолимпиада ойындарында үздік 5 спортшының қатарына кірдім. Қазіргі таңда Еуразия ұлттық университетінің студентімін. Жақын арада Орал қаласында өтетін олимпиада ойындарына қатысқалы жатырмын. Балалардың мүмкіндігіне қарамастан әрдайым қолдау көрсететін жандарға алғысым шексіз, – деді Александра Степанова.


– Мұндай маңызды шараның мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету. Біз бүгін ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық, әлеуметтік және қаржылық қолдау саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеу, осы саладағы ынтымақтастықты дамыту және қазіргі қоғамдағы бар мәселелерді шешуді көздейміз. Біздің балаларымыз өте дарынды, сондықтан олардың мүмкіндіктерін ашуға көмектесуіміз керек, – деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

Ректор Еуразия ұлттық университетінің студенттері арасында халықаралық паралимпиада жарыстарының жүлдегерлері – жүзушілер Әнуар Ахметов пен Сиязбек Далиев, жеңіл атлет Болат Бейбарыс, теннисшілер Александра Степанова мен Таш Балзияның есімдерін атап өтті.   

Миражан Махан
Бөлісу: