Мүмкіндігі шектеулі баланы музыка арқылы қалай сауықтыруға болады

20 Қыркүйек 2022, 10:07 6071

Осы методикамен балаларға домбыра үйретуімнің нәтижесін үш айдан кейін көре бастадым.

Гүлсананың арманы онсыз да тағдыры тәлкек еткен мүмкіндігі шектеулі балаларды домбырада үйрету арқылы сауықтырсам дейді. Оның әдістемесімен домбыраны қолға алған әрбір бала алғашқы он-он бес минутта-ақ домбыра қағысын меңгеріп алады екен. Ол бүгінде сал ауруына, жүйке ауруына шалдыққан балалармен, аутист балдармен, есту қабілеті нашар балалармен, құлағы естімейтін балалармен, эпилепсиямен ауыратын балалармен жұмыс жасап, оларды нота тануға, домбыра тартуға тегін үйретіп келеді.

2017 жылы Гүлсана жеке студиясын ашып, мүмкіндігі шектеулі балаларға домбыра үйретуге бел шешеді. Ол өз методикасын тек Қазақстан аумағында ғана емес, әлемнің басқа елдерінде де қолданысқа енгізсем дейді. Оның әдістемесі ерекше балаларды барлық дерлік музыкалық аспаптарда ойнауға үйретуге арналған, оның ішінде, домбыра, қобыз, фортепиана, сыбызғы және басқа да аспаптар бар.

Гүлсана Мағзымбетованың ерекше балаларға арналған әдістемесі EXPO 2020 DUBAI халықаралық көрмесінде ел мәдениеті мен музыкасының баламалы озық үлгісі ретінде таныстырылды. Таныстырылымнан кейін Гүлсанамен жеке кездескен Біріккен Араб Әмірліктері Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Фарида Әл Авади аутизм және церебральды ауруға шалдыққан балаларға арналған оңалту орталықтары үшін Гүлсананың бірегей авторлық әдістемесін оңалту-сауықтыру мақсатында қолданысқа енгізу туралы ұсыныс білдірді. Гүлсананың ендігі мақсаты – халықаралық деңгейге шығу. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі балалар дүниенің түкпір-түкпірінде өмір сүреді, ал музыка тілі – бүкіл планетаның ортақ тілі.

- Өзіңіз туралы айтсаңыз, өнерге қай жасыңызда келдіңіз?

- Өнерге ерте келдім. Алты жасымнан бастап музыка мектебінде оқыдым. Маған өнер жолына бағыт берген өзімнің әкем болды. Өкінішке орай, әкем осыдан бір ай бұрын алпыс бір жасында дүниеден өтіп кетті. Менің әкем де домбырашы болған еді, ол өмір бойы ұстаздық етті және оны туып-өскен, қызмет еткен ортасы музыкант ретінде таниды. Ол өмірінің соңына дейін музыкадан қол үзген емес, дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта музыкант болып жұмыс жасады. Әлі есімде, алты жасымнан бастап әкем мені өнерге баулып, ән айтуға үйрететін. Жеті жасымда орта білім беру мектебімен қатар, музыка мектебінің де табалдырығынан аттадым. Сол музыка мектебінде домбыра сыныбын аяқтадым. 2003 жылы Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжіне оқуға түстім. Оны бітіргеннен кейін Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің өнер кафедрасында оқыдым.

-          Ұстаздық жолыңыз қалай басталды?

-         2007 жылы колледжді бітірген бойда ұстаздық қызметті бастап кеткен болатынмын. Сол жылы анам жол-көлік апатына түсіп, опат болды. Үйде төрт ағайындымыз, мен әке-шешемнің тұңғышы болғандықтан, әкеме сүйеу болар бас көтерері де мен едім. Сондықтан, бауырларыма қарайласуым, әкеме көмектесуім керек болды. Сондықтан, жиырма жасымда еркелікті қойып, бірден жұмыс жасауға кірісіп кеттім. Алғашқы уақытта музыка мектебінде, балалар шығармашылық орталығында домбыра пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасап жүрдім. Тұрмысқа шықтым, екі балалы болдым, алайда, өмірдің тағы бір сынағына тап болдым, 2016 жылы екінші қызымды босанғаннан кейін, аяқастынан жолдасымнан көз жазып қалдым, ол кісі де о дүниелік болып кетті.


Жолдасым өмірден өткен соң, екі баланы асырау үшін қол қусырып қарап отыруға болмайтын болды, осылайша, балам бір жасқа толар-толмастан, оны балабақшаға бердім және өзім де сол балабақшаға музыкант болып орналастым.

-          Домбыра үйретудегі ерекше методикаңыз туралы көп естідік, ол несімен ерекше?

-       Мен екі балабақшада қатар музыкант болып жұмыс жасадым. Балабақша басшылығы менің дипломымды қарап, қосымша домбыра факультативін ашу туралы ұсыныс білдірді. Балалармен жұмыс жасау оңай емес екенін түсіндім. Алғашқы айда балалармен нотамен жұмыс жасап көрдім, алайда, балабақшаның бүлдіршіндері оны қайдан түсінсін?!

Осылайша келесі айда балаларды сандық жүйемен оқытуға тырысып көрдім. Тағы да нәтиже жоқ, себебі, 4-5 жастағы балалар не әріп, не сан танымайды, сондықтан бұл әрекетімнен ештеңе шықпайтынын түсінген соң, факультативті жүргізуден бас тарттым. Алайда, сол жерде жұмыс жасайтын әдіскерлердің бірі балалардың түстер мен геометриялық фигураларды ажырата алатынын айтып қалды. Мұны құлағым шалғаннан кейін маған бір идея келді. Ендігі кезекте ойлана келе, балабақша балаларының түйсігі мен қабылдауына ыңғайлап түстер мен геометриялық пішіндерге негізделген өз оқыту методикамды жасадым. Нотаны түстермен көрсеттім, ал геометриялық фигураларды саусақтар етіп баламаладым. Бұл методиканың дүниеге келу тарихының өзі менің өмір тарихыммен тығыз байланысты деп білемін.


Осы методикаммен балаларға домбыра үйретуімнің нәтижесін үш айдан кейін көре бастадым. Себебі, 4-5 жастағы балалар үш айдан кейін шағын әндерді өздігнен тарта бастады. Осылайша, балалар үш айдың ішінде 3-4 әнді домбырамен сүйемелдеп айтуды үйренді. Ата-аналардың алғысы мені қанаттандырғандай болды. Мамыр айында еңбек демалысына шыққанан кейін маған осы методикамды әрі қарай өміршең ету, пайдалы ету туралы ой келді. Әсіресе, мен домбыраны мүмкіндігі шектеулі ерекше балаларға үйретсем дедім. Тәуекелге бел буып, өз үйімнің жанынан орынжай жалға алдым және ерекше балалар үшін тегін домбыра үйірмесін аштым. Курсқа есту қабілеті нашар балалар, психикалық дамуы тежелген және церебралды сал ауруына шалдыққан балалар келе бастады.


-          Мұндай методиканы Казакстанда басқа ешкім ұсынбады ма?

-            2018 жылы осы методикамды авторландырдым. Қазір оған жеке авторлық құқығым бар. Методикамен жұмыс жасаған кезде, мен барлық қазіргі таңда бар методикалардың барлығын дерлік қарап шықтым. Және әділет органдарына авторлық құқыққа өтініш берген уақытта мұндай методиканың Қазақстанда баламасы жоқ екендігіне көзім жетті. Өйткені, өзіңіз ойлап қараңыз, егер мұндай методика бұрын тіркелген болса, ол үшін маған авторлық құқықты бермес те еді ғой. Методиканың тиімділігі – оның балалардың қабылдауына ыңғайлы етіп жасалғандығында. Балалар қабылдау үшін оны көзбен көруі керек. Олар көргенін ойнайды. Домбыраның сабындағы пернелерін яғни жеті нотаны жеті түрлі түспен бояп қойдым. Бұл көру қабілетіне және жадыда сақтау қабілетіне негізделген методика. Шынымды айтсам, бұл методикамен жұмыс жасағанда мен балаларға домбыраны тартып та көрсетпеймін, тек қағыстарын қойып беремін, яғни үйретемін. Балалар ары қарай таза визуалдау арқылы ойнайды. Домбырада көріп тұрған түстегі түймесін баса қояды.

-            Қандай балалармен жұмыс жасайсыз?

-            Қазіргі таңда менің курсымда оқып жатқан бала саны көп. Балаларды төрт жастан бастап қабылдаймын. Түрлі балдармен жұмыс жасап келемін, оның ішінде эпилепсиямен, даун синдромы, аутизм, психикалық дамуының тежелуі, есту қабілеті нашар және мүлдем естімейтін балалармен жұмыс жасаудамын.

-          Қазір қанша шәкіртіңіз бар?

-       Егер санына келер болсақ, бүгінгі таңда мен домбыра үйреткен шәкірттерімнің саны екі мыңнан асып жығылады. Оның ішінде ересек адамдар да бар. Курста нақты 30 бала домбыра үйренуде. Оның ішінде 10-15-і ерекше балалар. Және жеке студиямда әлі күнге дейін ерекше балаларды тегін оқытамын.

-       Ерекше балалармен жұмыс жасаудағы ерекшелік?

-         Есту қабілеті нашар немесе мүлдем естімейтін балалармен жұмыс жүргізгенде, дактильді белгілерді қолданамын немесе ымдау тілінде сөйлесемін. Ымдау тілін үйрену үшін арнайы курстан өттім, сондай-ақ, күйеуімнің туған аға-жеңгесі есту қабілетінде мүкісі бар адамдар, сол кісілермен тұрмыстық қарым-қатынаста да ым-ишара тілін аздап үйренген болатынмын.


Ал аутист балалармен жұмыс жасау үлкен шыдамдылықты талап етеді. Менің ойымша, жалпы ерекше балалар өте еңбекқор әрі мейірімді. Олар өзгелерден де осы мейірімді, ықыласты күтеді. Оларға қандай тапсырма берсең де, олар оны артығымен тап-тұйнақтай етіп орындайды. Мұның өзі олардың қоғамнан оқшауланып қалуының салдары болар деп ойлаймын. Себебі, олар басқа балалар секілді бірнеше үйірмелерге қатыса бермейді. Олардың ерекшеліктеріне байланысты оларды қабылдайтын арнайы қосымша курстар саны шектеулі.

Ерекше балаларға домбыра тартқан ұнайды, олар домбыра ілімін үйренуге бар жан-тәндерін салып кіріседі. Аспапта орындаушылық - қос мишықты бірдей жұмыс жасататын бірден-бір өнердің түрі. Мұнда қол моторикасы, есте сақтау, көзбен көру, құлақпен есту сияқты барлық мүшелер бір мезгілде бірдей жұмыс жасайды.

-          Жоспарыңызбен бөліссеңіз?

-       Қазіргі таңдағы жоспарым осы курсты онлайн форматқа аударсам деп ойлаймын. Сол арқылы неғұрлым көбірек адамның өнерге келуіне ықпал етсем деймін. Себебі, музыканың әлгінде айтып өттім, емдеу-сауықтыру қасиеті бар. Сондықтан, әсіресе, ерекше балалардың домбыра шерткенін қалаймын. 1 қазаннан бастап республикалық курс ұйымдастырып, 10 мектептің мұғалімдеріне өз методикамды үйретемін. Және де бір жыл бойы бұл мұғалімдер өз мектептерінде домбыра сыныптарында менің методикаммен жұмыс жасайды. Соның қорытындысымен Білім министрлігіне хат жолдап, оны республика шеңберінде тарату туралы ұсыныс білдіргім келіп отыр. Және бұл методиканы шетелге де шығарғым келеді. ЮНИСЕФ және БҰҰ секілді халықаралық ұйымдар арқылы осы методиканың презентациясын шетелдерде таныстырсам деймін.

Қазіргі таңда Қазақстанда кең таралған методика бұл - сандық методика. Біздің методиканың ерекшелігі, музыканың негізгі тілі – нотаны өзгертеді. Қанша ғасырлардан бері нотаны өзгерткен адам болмады. Өйткені, барлық жерде қай аспапта болмасын, барлық музыка нота арқылы қабылданып, үйретіледі. Тағы бір ерекшелігі, домбырада нота үстіңгі шек астыңда, астыңғы шек үстіңде жазылады. Ал мен ұсынған методикада үстіңгі шек үстінде, астыңғы шек астыңда жазылады. Бұл балалардың қабылдап алып кетуіне өте жеңіл әдіс. Нәтижені алғашқы сабақтан-ақ көруге болады. Бала сабаққа қатысқаннан кейін ол норматив бала болсын, ерекше бала болсын, мейлі, алғашқы 10-15 минуттан кейін өздігінен шығарманы тартып отырады.

Менің негізгі арманым – осы методика жер бетіндегі неғұрлым көп адамға көмегі тисе екен деймін. Соның ішінде бұл ерекше балалар үшін аса үлкен көмек болмақ.


Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан


Бөлісу: