Мүлік иелерінің бірлестігіне өту мерзімі ұзартылды

22 Маусым 2022, 18:25 1647

Заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында мақұлданды.

Қазақстанда мүлік иелерінің бірлестігін енгізу мерзімі 2023 жылғы 1 шілдеге ауыстырылды, деп хабарлайды El.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған норма кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысандарына сапалы көшу мақсатында енгізілген. 

Айта кетерлігі, көзделген жаңашылдықты іс жүзінде жүзеге асыру барысында тұжырымдамалық деңгейде заңнамалық түзетулер енгізуді талап ететін проблемалар анықталған. Сонымен қатар, қолданыстағы басқару нысандары мен жеке құрылыс салушылар тарапынан кедергілер орын алған. Атап айтқанда, қажетті техникалық және қаржылық құжаттама жаңадан құрылған басқару нысандарына берілмеген.  

Естеріңізге сала кетейік, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңы 2020 жылғы 7 қаңтарда заңды күшіне енген болатын. Тұрғын үй заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес пәтерлер мен үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқару нысандарының бірін таңдауға міндетті. Олардың қатарында, мүлік меншік иелерінің бірлестігі немесе көппәтерлі тұрғын үйдің жай серіктестігі бар. 

Сондай-ақ 2022 жылғы 1 шілдеге дейін бұрын-соңды қолданыста болған басқару нысандарының қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін өтпелі ереже көзделген.

Бөлісу: