Қасым-Жомарт Тоқаев: Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс

27 Тамыз 2019, 10:54 4751

Өткен аптаның соңында ұлт ұясы Ұлытаудың баурайында бірнеше күнге созылған дүбірлі той өтті. Ауқымды шара халықаралық ауыл жастарының форумымен басталды.  Ертеңіне мұнда халықаралық туристік форум өтті.


Әлемнің әр қиырынан жиналған туроператорлар, кәсіби мамандар қазақстандық туризмді дамыту туралы мәселе көтерді. Үшінші күні, яғни, 24 тамызда халықаралық «Жезкиік» музыкалық фестивалі басталды. Бес мемлекеттен келген өнер майталмандары кең даланы ән-күйге бөледі. Дүбірлі шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты.


Халықаралық ауыл жастарының форумына бес мемлекеттен және еліміздің 13 өңірінен белсенді жастар жиналып, болашаққа қатысты мәселелерді талқыға салды. Өз бизнес жобаларын қорғап, ел игілігіне жарата алатындығын дәлелдеген жалынды жастарға қолдау көрсетіліп, гранттар табысталды.

 

Ауыл жастарының форумы өз мәресіне жетісімен, әлі де жастар жиынының дүбірі тарқай қоймаған аймаққа мыңдаған туристер ағылып келе бастады. Тарихтан тағылым танысам деген ұлт қайраткерлері, жастар және қазақтың тегінен, жерінен мағлұмат білуге талпынған шетелдік қонақтар «Ұлытау - 2019» халықаралық туристік форумында бас қосты.


Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзі ел тарихын тануға, болашағының көкжиегін кеңейтуге байланысты тың істерге серпін берді.  


«Халық бұл жерге Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерін, Хан ордасы мен Әулиетаудай киелі орындарды көру үшін келеді. «Азияның арыстаны» атанған атақты Ақсақ Темір де осы өңірге ат шалдырған», - деген Мемлекет басшысы Ұлытаудың ұлт ордасы екендігін айтып, қазақ халқының тарихында алар орнының ерекшелігіне басымдық берді.


Сондай-ақ, «Ұлытауды ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай қорығы ретінде ел игілігіне айналдырудың, жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек», - деді.

Мемлекет басшысы қазақ жерінде жерленген Алтын Орданың негізін қалаған хан ұлы Жошыға бүкіл әлемнің назарын аудартып, оның кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру және Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу туралы да айтты.


«Ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді.

Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет.


Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс.

Бұл жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы киелі жерлердің маңыздылығына мән арта отырып, отандық туризм индустриясын дамыту қажеттілігіне тоқталды. Және бұл жұмыстар Ұлытаудай қасиетті жерлерден басталуы қажет деді.


Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік салалық бағдарлама толыққанды жүзеге асқан жағдайда, бұл туризмнің ІЖӨ-гі үлесін 8 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді деді. Сонымен қатар, жыл сайын ішкі туристердің санын 8 млн, сырттан келушілердің санын 9 млн, ал, бұл салада қызмет көрсетушілердің санын 650 мың адамға дейін арттыру керек деді. Ол үшін кәсіби тұрғыда арнайы мамандар дайындайтын Туризм университеті ашылатын болады.


Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Отандық туризмді өркендету мақсатында бірнеше бағыттар бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.

Бірінші. Ұлытау аймағы Қазақстанның туристер тарту картасының алдыңғы қатарына енеді. «Ұлытау» ұлттық табиғи паркін құру мәселесін жүзеге асыру мақсатында биыл мұнда туристер үшін арнайы орталық ашылады.


«Бұл үшін облыс әкімдігі Үкіметпен бірлесіп, қазіргі көлік-логистикалық инфрақұрылымды қажетті тәртіпке келтіруі керек», - деді Мемлекет басшысы.

Осы мақсатта Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл теміржолдарын іске қосу, Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Нұр-Сұлтан қалалары арасындағы жолдарды, Арқалық – Ұлытау  автожолын жедел ретке келтіру тапсырылды.


Екінші. Креативті және инновациялық шешімдер арқылы Қазақстанның туристік әлеуеті туралы ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз ету. Ол үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне туристерді Қазақстан туралы ақпаратпен қамтамасыз ететін интегралданған қосымша немесе платформа әзірлеуді тапсырды.


Үшінші. Туризм индустриясынан маңызды мультипликативті нәтиже күте отырып, Қазақстанның барлық рекреациялық аймақтарында қонақүйлер, тамақтану және демалыс орындарын салу үшін оның ішінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы кәсіпкерлерді тарту қажеттілігі айтылды.


Төртінші. Ұлытау туристік мекенге, демалыс аймағына әрі ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналуы тиіс. Осы мақсатта бұл өңірге қазақ тарихының символы болатын ескерткіш-ансамбль орнату тапсырылды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы алдағы уақытта ұлттың рухани ордасы, ұлы тарихтың куәсі болған Ұлытау мемлекет қадағалауында, қамқорлығында болады деді.


Ұлытауда өткен келелі кеңесті «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылған этномәдени мұралардың Jezkiik екінші халықаралық фестивалі жалғастырды. Мұнда қатысушылар мен қонақтар үшін арнайы ақ боз үйлер тігіліп, қазақтың тұрмыс-салтын насихаттайтын төрт тақырыптық аймаққа бөлінген этноауыл жасақталды. 


Мемлекет басшысы, оның ішінде музыкалық аймаққа арнайы барып, «Nomad Stunts» атты каскадерлер тобының өнерін тамашалады. Сахна төрінде сондай-ақ, «Тоқырауын толқындары» (Қазақстан), «Hassak» (Қазақстан), «Moresca Nova» (Италия), «Carmen Guerrero Flamenco» (Испания), «Serbian Abrasevic band» (Сербия), «Dunaj banda» (Мажарстан) ансамбльдері ұлттық төл туындыларын орындады. 


Ауылдың алтыауыздары - отандық өнер жұлдыздары да ұлт өнерін таныстырып, ән шырқады. «Ұлы дала жаңғырығы» қолөнершілер көрмесі, ұлттық асхананың қыр-сырын таныстырған мастер-кластар, сонымен қатар, спорттық ойындар да ұйымдастырылды. 


Осы жылы екінші мәрте өткізіліп, дәстүрлі шараға айналған этнофестивальге екі жүзден аса адам қатысты.

Рауан Искалиев

Рауан Искалиев
Бөлісу: