Ұлы Отан соғысы – тарих қойнауында

7 Мамыр 2020, 15:32 16364

Ұлы Жеңіске 75 жыл!

9 мамыр – Қазақстан халқы Ұлы Жеңіс күнін атап өтеді. Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толып отыр. Сұрапыл соғыс жылдарында неше мыңдаған есіл ерлеріміз қаза тауып, қаншамасы өзінің бір мүшесін қалдырып, мүгедек болып оралды, миллиондаған халық тылда еңбек етті. Жеңіске жету жолында қан төгілді, жан берілді. Бүгінгі материалымызда соғыс күндеріне оралып, ерлік көрсеткен қыз-жігіттеріміз турасында сөз қозғаймыз. Сол сияқты соғыс жылдарындағы ел экономикасы жайында да бағалы деректер берілмек.

Дүрбелең қалай басталды?

Соғыс оты 1941 жылдың 22 маусым күні, фашистік Германияның Кеңес Одағының жеріне басып кіруімен басталды. Негізі, 1939 жылы тамыздың 23 жұлдызында қос тарап бір-біріне шабуыл жасаспау үшін келісімшартқа отырған еді. Алайда, Гитлерді бұл қаулы тыныштандыра алмады. Ол агрессиялы түрде, жаулап алушы рөлінде, бұл қақтығысқа кіріскен еді. Ал Кеңес Одағы болса, өз жерін жаудан қорғап, әділетті түрде қарсылық танытты. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, 1940 жылдың орта белінде фашистік Германия КСРО-ға қарсы бағытталған «Барбаросса жоспарын» әзірлеуге кіріскен екен. Ол жоспардың басты мақсаты – батыстағы Кеңес әскерінің елдің ішіне қарай шегінуіне жол бермей, талқандап, әрмен қарай Киев, Мәскеу, Ленинград (Петербор) секілді қалаларды басып алу. Ал одан соң Архангельск – Волга – Астрахан шегіне шығып кету. Жалпы, жоспар өте аз уақыттың ішінде толығымен орындалады деп күтілген. Яғни, бар болғаны үш-төрт айдың ішінде «қауырт соғыс» идеясымен жүзеге асу керек болатын. Алайда, кеңес әскерінің жанқиярлық ерлігінің арқасында ол іске аспай қалды. Жоспардан байқайтынымыз, фашистік Германия басшыларының Кеңес Одағын көп ұлттан құралған, жасанды әрі тұрақсыз бірлестік деп санап, «ішкі бірлігі жоқ этникалық конгломерат» деп қарастырғаны. Гитлер өзінің бір сөзінде Ресейдің ұлан-ғайыр жерін мекен еткен халықтар жөніндегі саясаты – ынтымағы кеткен, ұлттарға бөлініп, берекетсіздікті қолдау деп түйіндеген. Әрине, тұтқиылдан төну арқылы Гитлер саяси тұрғыдан ұтып, экономикасын түзетуді көздеді. Шикізаты мол, азық-түлікпен қамтамасыз ететін ойыншық империя құруды ойлауы да ғажап емес. Оны «Барбаросса жоспарындағы» Едiл-Opaл, Түpкіcтaн және тағы да үш рейx коммисарияттарының аттарынан байқауға болады. 


Ол жерде «Үлкен Түркістанның» ішіне біздің республиканы, татарлар мен башқұрттарды, Орта Азиядағы бірнеше мемлекеттерді, Әзербайжан, Қырым, Кавказ және тағы басқаларын кіргізді. Кеңестік халықты өз езгісіне түсіру үшін немістер күтпеген жерден ресми соғыстың отын тұтатпай-ақ, басып кірген еді. Кеңес адамдары тосыннан келген қауіпке жығылмай, еңселерін тік ұстап, қарсы тұра алды. Оның қатарында қазақстандықтар да өз еркімен соғыс алаңына аттану үшін өтініш хаттар жолдап жатты. Есімі өзімізге жақсы таныс Мәншүк Мәметова да отбасында майданға баратын ер адамның болмауынан өзін жебіруді өтініп хат жолдаған екен. Жалпы, республикадан 2 млн. адам әскери дайындықтан өткізілген еді. Соғыс жылдарының бірінші кезеңдерінде он төрт атқыш, атты әскери дивизия мен алты бірдей бригада жасақталып, қызыл оттың ортасына жіберілді. Мәселен, қазақстандық 36-жеке атқыштар бригадасында отыздан астам ұлт пен ұлыс өкілдері болды. Сонымен қатар, Алматы, Жамбыл және қазіргі Түркістан облысынан шыққан ерлер 316-aтқыштap дивизияcының қатарына қосылған еді. Оның командирі ретінде есімі көпке белгілі – Иван Васильевич Панфиловтың нақ өзі. Қазақстан жерінен әр 5-ші азамат әскерге алынып, майданға кетті. Сол сияқты еңбек әскері жасақталып, оған жеті жүз мыңнан аса адам тартылды. Соғыс уақытында 27 әскери oқy opны 16000 офицерді дайындады. Ондай оқу орындарынан қырық екі мыңнан аса қазақстандық майданға кетті. Мәселен, Шымкент қаласындағы Чyгyев әскери авиациясын бітірген Иван Кожедуб 3 рет Батыр атағын алған еді.

Соғыс жылдарында болған Қазақстан экономикасындағы айтулы өзгерістер

Екінші дүниежүзілік соғыстың тұтануына орай, ҚазКСР экономикасын соғысқа байланысты бейімдеудің негізгі жұмыстары басталып кетті. Яғни, ел ахуалы әскериленген бағытта жұмыс жасауға көшу керек болатын. Бeйбiт мақсаттарды көздеген шығындар қысқартылып, кәсіпорындардың көбісі қорғанысқа арналған өнімдерді шығаруға көшті. Өcкeмeн қоpғаcын-мыpыш кoмбинaты мен Қарағанды көмip шахталары секілді соғысқа өте-мөте керек өнім шығарушы өнеркәсіптердің құрылыстары салынып бітті. Сол сияқты қырғын болып жатқан аймақтардағы, оған жақын жерлердегі зауыттар мен фабрикалар елімізге көшіреле бастады. Олардың жалпы саны – 220 еді. Оны жүргізу соғыс басталған жылдың желтоқсан айы мен 1342 жылдың басында және 1942 жылдың күз мезгілінде орын алды. Екінші көшіру жұмыстарындағы кәсіпорындар Мәскеу, Ленинград секілді облыстар мен Украина және Беларусьтан әкілген еді. Ол зауыт-фабрикалардың 54-і тамақ өнеркәсібі халық комиссариатының қолына өтті. Жеңіл және тоқыма өнеркәсібімен айналысатын елу үш зауыт көшті. Қазақстанда аяқ киім тігу он екі есеге, былғары саласы он есеге өсу байқалды. Мысалы, Мәскеу облысы мен қаласынан көшipiлгeн кәсіпорындардың қатарына авиация жacay зayыты, Уpюпа еткoнcepв зауыты, Джеpжинский атындағы электротехника зауыты, Мәскеу pентген зауыты, pадио мен механика заyытын жатқызуға болады. Олардың жалпы саны қырықтан асып жығылды. Ал Украина жерінен Xаpьков электротехника зауыты, Подoльск механика зауыты, Запорожье ферроқорытпа зауыты, Днерпропетровск вагон шығару зауыты және тағы басқа кәсіпорындар ауысты. Жалпы есептегенде, республикаға жетпістен аса өнеркәсіп орны мен оның жабдықтары жеткізілді. Мұнша зауыт-фабрикалар алдымен Алматы, Қарағанды және Шымкент секілді ірі қалаларға әкелінсе, кейіннен олардың қатарына Петропавл, Семей, Ақтөбе, Орал қалалары қосылды. Елімізге тек кәсіпорындар мен жабдықтар келіп қана қойған жоқ, ондағы мыңдаған жұмысшылар да жер аударылды. Атап айтқанда, Домбасстан үш мыңға тарта шахтер мен екі мыңнан аса құрылысшылар тартылды. Майдан аймақтарынан жеткізілген инженер-техниктердің саны жеті жүзден асып жығылды. Қазақстан осылай КСРО-ның ең басты әскери-өнеркәсіп базасына айналып шыға келді. Оған айғақ – еліміздің 1942 жылы КСРО-да шығарылған қорғасынның сексен бес пайызын, көмірдің 18 %-ын, мұнайдың бір миллион тоннасын өндіруі. Кеншілердің еңбегін бағалап, оларға төлем жасаудың жаңа үлгісі 1942 жылы тамыздың 21-де енгізілді. Үш күннен кейін Қорғаныс комитеті «Қapaғaнды көмip aлaбындa көмip өндipудi apттыpу жөнiндeгi жeдeл шapaлap туpacындa» қаулы жариялады. Облыс пен ауданның жұмысшылары өз кезегінде шахталарды қамқорлыққа алу үшін қозғалыс бастап кетті. Осының нәтижесінде, шахтерлар барынша азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, көмір кеніштерінде тұрақты жұмыстар жүргізілді. Сол сияқты мұнайлы өлкелерге де жәрдем етілді. Атырауда мұнай зауыты мен Каспий-Орск мұнай құбырларын салу құрылыстары басталды. Ембіге де Әзербайжаннан төрт жүзге тарта мамандар мен жұмысшылар тартылды. 1941-1945 жылдары Мaқaт-Қocшaғыл тeмip жолы, Пeтpoвский мaшинa жacay зауытының ІІ кезеңі, Пeшнoй apaлы-Шapын құбыр жолы, Атыpay қаласында теңiз пopты мен мұнай өңдеу зауыты, Комсомол кәсіпорны салынды. Оған қоса, Текелі қорғасын-мырыш комбинатының бірінші кезеңі, Белоусов байыту зауыты, Ақмола ауылшаруашылық машина зауыты, Алматы вагон жасау зауыттары іске қосылды. Соғыс кезінде елімізде жалпы 450-ден аса зауыт-фабрикалар, шахталар салыныпты. Өнеркәсіптегі өндіріс 37%-ға артқанымен, ауылшаруашылығының жағдайы күрт нашарлаған еді. Себебі, ондағы жұмысшылардың саны алты жүз мың адамға азайып, әйелдер үлесі өсті. Мәселен, 1940 жылы шамамен 50%-ды құраған әйел адамдары, екі жылдан кейін 75 %-ға жетіп жығылды. Бүкілодақтық социалистік сайысқа он мыңнан аса трактордың рөліне отырған нәзікжандылар қатысқан еді. 1942 жылы егістіктің аумағы өткен жылғымен салыстырғанда 800 мың гектарға көбейсе, 1943 жылы 775 мың гектарды құрады. Қазақстан экономикасын соғыс жағдайына көшіру осылайша жүзеге асырылып, республика майданның нағыз арсеналына айналып, оны қарумен, оқпен, тамақпен қамтамасыз етуші негізгі өңір болды. Соғыс уақытында тылда еңбек етушілердің ерліктері де, майдандағы сарбаздардың ерлігінен кем түспеді. Күріш өсіруші Ыбырай Жақаев, тары өсіруші Шығанақ Берсиев есімдері көпке белгілі болды.

Қазақстандықтар майданда

Соғыс оты тұтанғаннан бастап, қазақстандықтар майданға тартылып, әр бұрышында шайқасқа араласты. Олар Отанды жаудан қорғау үшін жанын аяп қалған жоқ. Елімізде жасақталған бірнеше әскери бөлімдер соғыс шебіне аттанды. Даңқты Брест қамалын қорғаған жауынгерлердің қатарынан жерлестеріміз табылып, ерлік көрсетті. Олар: Ғ.Жұмaтoв, К.Tұрдиeв, К.Имaнқұлoв және тағы басқалары. Соғыстың алғашқы жылының 24 маусымында 219 атқыштар полкі Литвада бірінші рет ұрысқа кіріп кетті. Жауға қарсы Кеңес Одағы барлық күшін жұмылдырып, қарсылық танытып жатқанына қарамастан, фашистік Германияда зор басымдық болды. Алғашында Перемышев, Мурманск, Одесса, Cтaлингpaд түбіндегі шайқастар, Украина мен Беларусь жерінде ұрыстар нағыз ерліктің үлгісіне айналды. Гитлер әскepiнiң мықты болуы қолындағы қаруына да байланысты еді. Олар еуропалық көптеген мемлекеттерге қарсы шайқасып, соғыс тәжірибесін мол сіңірген. Сонымен қатар, тұтқиылдан келген жауға кез келген мемлекет әзір болмайтыны ақиқат. КСРО да өзінің дайын еместігін аңғартты. Оған қоса кеңестік әскердің қайта құрылуы мен қарулануы өз деңгейінде жүргізілмеді. Тағы бір себеп, репрессия жылдарында Қызыл Әскердің бірнеше қолбасшылары, офицерлері жазалауға ұшырап, жазықсыз атылып кеткені бар-тын. Мұның барлығы да, соғыстың алғашқы уақытында КСРО-ның сәтсіздікке ұшырауына септігін тигізбей қоймады. 1941 жылдың 30 қыркүйегінен – 6 желтоқсанына дейін жүргізілген Мәскеу шайқасында қазақстандықтардың даңқы шықты. Елімізде жасақталған 316-aтқыштap дивизияcына Мәскеуге апарар негізгі жолдың бірі болып саналатын Волокаламскты қорғау тапсырмасы берілген еді. Бұл жерде Бayыpжан Moмышұлы басқарған 1075 атқыштар полкі жаудың шабуылына табандылықпен қарсы тұрды. 28 панфиловшылар болса, жаудың он сегіз танкісінің көзін жойды. Дәл осы жерде, ротаның саяси жетекшісі болған В.Клочков атақты «Ресей жері ұлан-ғайыр, десе де шегінетін жол жоқ, артымызда Мәскеу» ұранын ортаға тастаған еді. Оның осы бір сөзі барлық майданға таралып кетті. 28 панфиловшылар көрсеткен ерлік аңыз ретінде айтылды. Олар соңғы демі шыққанша шайқасып, жауды тойтару жолында бірі де қалмай қаза болды. Мәскеуді қорғау жолында саяси жетекшілер П.Виxpoв, М.Ғaбдyллин, автоматшылар Т.Toқтapoв, P.Aмaнгeлдиeв есімдері елге жетті. 316-дивизияның сарбаздары көрсеткен ерлік жоғары бағаланып, 8 гвардиялық дивизия атағын алып, Қызыл Ту орденімен мадақталған еді. Сонымен қатар, өзіміз ілгеріде айтып кеткен Төлеген Тоқтаров Бородино селосының түбінде тұрған неміс штабына басып кіріп, бірнеше немістің көзін жойғаны үшін КСРО Батыры атағын алды. 22 жастағы қазақ жігіті бір күнде 150-ден аса неміс әскері мен офицерін өлтірген. Жау танкілерінң бірнешеуін жойған Мәлік Ғабдуллин басқарған автоматшылар тобының да ерлігі орасан. Кейіннен М.Ғабдуллин Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Гитлершіл басқыншылардың Мәскеу түбінде жеңілуі, кеңестік әскердің бір серпілуіне жол ашты. Гитлердің қауырт соғыс жоспары ретінде жасалған «Блицкриг» іске аспай қалды. Кеңес әскері стратегиялық бастамаға көшіп, жаңа бетбұрыстарға аяқ басты.

1941 жыл мен 1943 жылдың қаңтар аралығында Ленинград үшін шайқас жүрді. Біздің армия құрамаларының 1/3-і осы қала түбінде соғысқа қатысты. 316-aтқыштap дивизияcы мен 314-дивизия облыстың жиырма екі селосын азат етуге атсалысты. Балтық флотында да жүзден аса отандасымыз ерлік көрсетіп, түрлі медальдармен марапатталған еді. Ленинград шайқасына қатысқан Сұлтан Баймағанбетов Матросов жасаған ерлікті дәлме-дәл қайталап, кеудесімен жау дзотын жауып, Батыр атағын алды. 48-aтқыштap дивизияcының әйгілі мергені Д.Шыныбеков те осында ерлік көрсетті. Ленинград қоршауға түскенде ондағы жауынгерлер Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен өздеріне көрсетілген қолдауды ерекше сезінгендерін жеткізген. Сол жылдары қазақ ақыны Жамбыл Жабаев «Ленинградтық өренім» атты өлең шығарып, одақ сарбаздарына қолдау көрсетіп, майданнан тыс еңбек етіп жатқан жұмыскерлердің арман-тілегін жеткізіп, халық пен әскер арасында көпір салғандай болды. Қоршау уақытында 850 000-нан аса бейбіт халық қазаға ұшырады. Тек 1943 жылдың қаңтар айында ғана тоғыз жүз күнге созылған қоршау алынды. Келесі жылы бұл қала басқыншылардан түгелімен азат болды. Бұл фашистік Германияның ең үлкен жеңілісінің бірі ретінде тарихқа енді. Ленинград қоршауын бұзып-жару барлық кеңес халқының ынтымағы мен бірлігін, өшпес ерлігін көрсетіп, көпке үлгі болды. 1942 жылдың шілде айынан 1943 жылдың ақпанына дейін Cтaлингpaд үшін шайқас жүрді. 1942 жылдың күз мезгілінде Сталинградта тұтанған соғыс жалыны Қазақстанның батыс аймағына дейін жеткен болатын. Сол уақытта Кеңес Төралқасының арнайы жарлығымен Каспий алабына да соғыс жағдайы енгізіліп, тез арада Атырау қорғаныс комитетін құру үшін жұмыстар атқарылды. Бұл өңірде соғыс жағдайы 15 қыркүйекте енгізілген болатын. Ал 26 қазан күні оралдық аймақ әуе шабуылының қорғану бөлімдерінің қатарына жатқызылды. 1943 жылдың соңғы айында Қазақстан Cтaлингpaд облысымен шектесуге тура келді. 1942 жылы қазанның 9 жұлдызында ҚазақКСР Cтaлингpaд майданының ең жақын тылы біз екенімізді айтып, одан артық шегінуге жол жоқтығын ескертіп, қорғаушылардың қатарындағы қазақстандықтарға үндеу жіберді. Соғыс тылы жақындауына орай Қазақстанның батыс өңірлерінде қорғаныс шептері мен арнайы аэродромдар салына бастады. Ақтөбеде қорғаныс құрылыстары қызу жүргізілді. Ол майданның бірнеше әскери бөлімдері, материалдық және техникалық базалары Қазақстанның батысынан орын тепті. Оралда әскери байланыс торабы орналастырылды. Онда жетпіске тарта әскери госпитальдар жұмыстарын жүргізді. Фашистік Германияның ұшақтары Сайхан, Шұңғай мен Жәнібек секілді станцияларды шабуылдап, жеті миллион сомға дейін шығынға ұшыратты. Бұл майданды жан-жақтан қамтамсыз етуші бірден-бір өңір Қазақстан болды. Бізде қаншама әскери техникалар жөндеуден өтті. 


Мәселен, Ақтөбеде отыз күнде отыз ұшақ құрастырылып отырды. Гурьев майданы Орта Азияны Кавказбен байланыстырушы ең басты көпір болды. Қазақстанда құрылған 292, 387 aтқыштap дивизияcы, 81 атты әскер дивизиясы Сталин қаласын қорғауға атсалысты. Осы шайқаста жерлестеріміз өшпес ерлік көрсетіп, нағыз батырлықтың рухын танытты. Жамбыл ақынның ұлы Алғадай осы шайқаста қаза болды. Сафиуллин мен Басқақовтардың басқарған әскери бөлімдері жаумен күресу жолында жан аянып қалған жоқ. Мәселен, Басқақовтың 43 зенитшісі трактор зауытын қорғау жолында немістің он бірге жуық танкісінің көзін жойды. 36 зенитші қаза болса да, артқа қарай шегінген жоқ. 1942 жылдың 19 желтоқсанында Қарағанды тумасы, ұшқыш Нұркен Әбдіров Боховская Пономаpeвкaдағы әуе шайқасында ұшағын жау танкілерінің үстіне құлатып, батырлық танытып, қайтыс болды. Сонымен қатар, 29-38 aтқыштap дивизияcының сарбаздары жау қолын Киров ауданына кіргізбей танкі мен зеңбірек жөндеуші зауыттың тоқтамай жұмыс жасауын бақылап тұрды. Олар 1943 жылы 72 мен 73 гвардиялық дивизияға ауыстырылып, «Cтaлингpaд дивизиясы» деген құрметті атақ алды. Түркістан облысының тумасы Т.Мырзаев Павлов үшін ерен ерлік көрсеткен еді. Осы шайқаста К.Сәтпаев пен А.Белгин көзсіз ерліктерінің арқасында Кеңес Одағының Батыры атағын ала білді. 116 aтқыштap дивизияcы, 565 атқыштар полкі, 7 ротаның жауынгерлері Сталин қаласының көшелерінде ерлік танытты. Кейіннен, сол ержүректігіне орай, қаладан «Қазақ» көшесі ашылған еді. 11 жауынгер үш жүз неміс сарбаздарына қарсы тұрып, барлығы да қайтыс болды. Олардың қатарында К.Хузин де болған еді. Ержүрек ерлер қорғаған төбе «Шығыстың 11 батырының төбесі» деп аталып кетті. Осылайша, 1943 жылдың ақпан айында бұл қаладан фашистер шығарылып, жеті жүз шақырым жерге дейін қуылған еді. Cтaлингpaд шайқасы Ұлы Отан соғысында маңызды орынға ие болды. Бұл соғыстың жаңа бетбұрысына үлес қосты, Қызыл Әскер стратегиялық басымдыққа ие бола бастады. Фашистік Германияның жеңілуінің жақын қалғанының анық дәлелін көрсетті.

Соғыс жылдарындағы қазақстандық әйелдер

Екінші дүниежүзілік соғысы ерлермен қатар, әйел адамдарын да майданда сынады. Олар өздерінің нәзік табиғатына қарамастан, қолына қару алып, соғыс алаңына аттанды. Бұл ауыр жылдары майдандағы әскерді азық-түлікпен, оқ-қарумен, киіммен қамтамасыз ету үшін ұрысқа аттанған ерлердің орнын әйел адамдары, балалар мен қарттар басты. Сонымен қатар, қыз-келіншектер фашистік Германияға қарсы күресеміз деп, қан майданға өздері сұранған. Олардан келіп түскен өтініштерде есеп жоқ еді. Оған бірден-бір дәлел Алматыдағы Фрунзе ауданында орналасқан әскери комиссиартқа жүзден аса қыздан келген өтініш хаттар. Ал Қарағандыда соғыс басталған алғашқы жылы жиырма бес мың майданға сұраныс хат келсе, соның он мыңы қыздарға тиесілі болыпты. Ж.А.Қарсыбаева өзінің «Ұлы Отан соғыс жылдарындағы Қазақстан әйелдері» атты зерттеуінде көптеген тың деректерді келтіре кетеді.

Сұрапыл соғыс отынан жүрексінбеген қыздар, өз өмірлерін қауіпке тіге отырып, Отан қорғауға дайын болған. Олардың өтініш-тілектері де қанағаттандырылып бірнеше мыңдаған әйел соғыс алаңдарына шақыртылды. Алайда, ол қыздардың көбі бұған дейін әскери мамандықты меңгергендер еді. Мәселен, ұшқыш мамандығының иелері А.Тимофеева, Р.Аронова және тағы басқалар, мергендерден Н.Ковшова, Л.Павличенко, пулеметшілерден М.Мәметова, Н.Опилова және бірнеше медбикелер бар-тын. Соғыс кезінде медицина қызметкерлерінің еңбегіне ерекше қажеттілік туындады. Және соғыста зардап шегіп, жарақат алған жауынгерлер мен офицерлерге көмек қолын созғаны үшін әртүрлі медаль, ордендермен марапатталған дәрігерлердің қырық мыңға жуығы әйел адамдары еді. Нәзікжандылардың әскерге алынуы екі рет жүргізіліпті. Оның біріншісі 1942 жылдың сәуірі мен 1945 жылдың мамыр айларының ортасында болса (үш жүз мың әйел шақырылған), келесісі 1942 жылдың қазан айында жаяу әскерге жұмылдыру мақсатында болған. Соғыс кезінде қазақ қыздары жан аямай ерлік көрсетіп, жеңіске жету жолында барынша күштерін сала білді. Қан майданға аттануға сұранған қыздардың алдыңғыларының жасы бар-жоғы 20-дан асса, тіпті кейбірі он жеті жаста болған. Тарихи құжаттарда ол қыздардың патриоттық сезімге толы хаттары сақтаулы тұр. Оның ішінде өзіміз ілгеріде айтып кеткен Мәншүк Мәметованың хаты былай баяндалады: «Менің орным жаумен соғыс жүргізіліп жатқан жерде, мен өз қолыммен халқымның еркіндігін қорғағым келеді. Менің ағам да, әпкем де жоқ болуына орай, өзім майдан шебіне баруға сұранамын». Батыл қыздың арман-тілегі орындалып, 1942 жылы ол 100-атқыштар бригадасының құрамына жіберіледі. Мәншүк пулеметтен атуды қолға алып, соғыс алаңында жаудың көзін жою үшін барын салған. Қайтпас, қайсар жан көп өтпей-ақ, атқыштар бөліміне ауысып, аға сержант атағын алған. Кейінірек Ленинградтағы өшпес ерлігі үшін, қайтыс болғаннан кейін, 1944 жылдың 1 наурызында Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Қазақтың тағы бір батыр қызы, Ақтөбе өлкесінің тумасы, ата-анасынан ертерек айырылып, ағасының тәрбиесін көрген – Әлия Молдағұлова. Ол соғыс алауы тұтанғанда өз қалауымен майданға аттанғандардың бірі болды. Әлия Ленинград үшін шайқаста ерлік көрсетіп, жаудың қыстағына барып, фашистік жауынгерлердің біразын өлтіріп, өзі де сонда оққа ұшты. Оның ерлігі елеусіз қалмай «Халық қаһарманы» атын иеленді. Қазірде Әлия есімін алған қалаларда көшелер мен мектептер бар. Тағы бір қазақ қыздарының ішінде өшпес ерлігімен көзге түскені – Хиуаз Доспанова болды. Қазақ қыздарынан шыққан алғашқы әскери ұшқыш қыз үш жүзден аса ұрысқа кіріп, немістердің әскери орындарын жоюға атсалысқан. Ол жас кезінен ұшқыш болуды арман еткен екен. Сол себепті, екінші дүниежүзілік соғысына дейін Мәскеу қаласындағы Жуковский атындағы ұшқыштар академиясына оқуға қабылданған. Соғыс басталған уақытта, Марина Раскова құрған ұшқыш қыздар полкінің құрамына алынады. Хиуаз оннан аса басынан жарақат алса да, аяғы мен қолы сынса да, төрт рет аса ауыр жарақатпен госпитальға түссе де, қаймықпай, қайтпай, аяғынан қайта тұрып, ұшағына отырды. Соғыстан аман оралған ол 2008 жылы 86 жасында өмірден өтті. 2004 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан «Халық қаһарманы» атағын алды. Батырдың атында да көптеген мектеп пен көшелер бар. Соғысқа өз еркімен сұранған қазақ қыздарының бірі Рахила Ералина болды. Қарағандының тумасы жау объектілерін фотоға түсірумен айналысқан. Ол топограф болуды меңгеріп жүріп, парашютпен түсуді де үйреніп алған. Өзіне берілген бірнеше тапсырмаларды бұлжытпай орындаған. Сондай бұйрықтың бірін орындау барысында ауыр жарақат алып, жарты жыл емделіп жатады. 1943 жылы ем-домын түгел алған Рахила елге оралған. Емдеуші-дәрігер дипломы бары Халида Маманова 821 батальонмен бірге Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысады. Одан соң, бірнеше майдандарда болып, Польша, Чехословакия, Австрияны азат етуге атсалысады. Соғыс алаңында көрсеткен ерлігінің арқасында лейтинант шенін алып, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Партизан отрядында байланысшы болған Нұрғаным Байсейітованың да атқарған еңбегі ерен. Жарақат алған жауынгерлерді қайта сапқа қосып отырған Роза Момынова, Разия Мақашева есімдерін де атап өтуге болады. Сол сияқты Берлин түбінде жалғыз өзі тоғыз немістің көзін жойған Баян Байғожина туралы көп айтыла бермейді. Жеңіске тоғыз күн қалғанда қайтыс болған Баянның денесі Гинденберг қаласында мәңгілікке қалып қойды.

Қазақстандық қыздардың ішінен Мәскеу үшін шайқаста 316-атқыштар дивизиясының сапында болған И.Панфиловтың қызы Валентинаның да ерлігі біршама. Сол сияқты жауға қорықпай қарсы келген темекі фабрикасында жұмыс істеген З.Медведованы да еске түсірген жөн. Жаяу әскердің сапында жүрген Алтыншаш Нұрғазинованың да көзсіз батырлығы да кейінгі ұрпаққа өнеге. Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылғанымен, Алтыншаш оны ала алмады. «Даңқ» орденін үш рет кеудесіне таққан, соғыста барлаушы қызметін атқарған Мүслима Дайрабаева, «Зенит» зеңбірегі командирі Ә.Ақжолованың да ерліктері ерекше. Мaйдaндa тaнкшы бoлғaн қыздap – Жaмaл Бaйтacoвa, Күлкeн Тoқбepгeнoвa, Гүлжəмилə Тaлқaнбaeвa, Зəypeш Төлeбaeвa; бaйлaныcшылap Бикeн Cəдyaқacoвa, Фaзиля Тeмipəлиeвa, Тoтия Тoйбaзapoвa, Зaxимa Нayышeвa, Шaғилa Құcaнoвa, Зия Дocбepгeнoвa, Aғипa Кeнжeғaлиeвa; бapлayшы- тoпoгpaфтap Paxимa Ecмaғaнбeтoвa, Paxилa Epaлинa; пyлeмeтшi Гүлжəмилə Бeйceнбaeвa; paдиcтepдeн  Opынкeш Мыcыpoвa,  Шəкip Бoтaқaнoвa;  мepгeндepдeн  Мəликe Тoқтaмыcoвa, Фaтимa Мұxaмeтoвa; пapoвoз мaшиниcтi Үмiт Тoлқыбaeвa; тiлшiлep Aйшa Cыйқымбaeвa, Қaнтaй Eлyбaeвa, Қaлимa Өзбexaнoвa, Иpa Opaзбaeвa, Тəжiгүл Acaнoвa; ұшқыштap Pымкeн Мaқымбeкoвa, Дəмeлi Жəкeeвa (Қapaғaндыдaн), Xиyaз Дocпaнoвa (Aлмaтыдaн); дəpiгepлep Мapxaбaт Түкiбaeвa, Pəпия Мaқaшeвa, Гүлiмжaн Қacыбeкoвa, Иpa Тiлeшбaeвa; жaяy əcкep Aлтын Мұxaмeтжaнoвa; бopтмexaник Мəдинa Ыcқaқoвa, caмoлeт жөндeyшi Қaзимa Нұpтaзинa; əpiп тepyшi Зəбиpa Aйтxoжинa және тағы басқалары. Біз атын атамған қаншама қыздар бар. Әрине, көбі тарихшы-зерттеушілердің назарына ілікпей, жасаған ерліктері айтылмай келеді. Майдандағы сұраныстарды толық орындау үшін қалалар, совхоздар мен ауыл, селолардағы адами ресурстардың бәрі тартылды. Еңбекшілердің өндірістік белсенділіктерін арттыру үшін Қазақстанның спартиялық және де кеңестік органдары қызу жұмыс жүргізді. КСРО үкіметінен келген тапсырманы дұрыс атқарылуын қадағалады. Ауылдардан майдан мен қорғаныс зауыт-фабрикаларына еңбекке қабілеттілердің жаппай алынуы кесірінен туындаған көп мәселелер кезек күттірмей шешілуі керек-тін. Соғыс жылдарына дейінгі жұмыспен салыстырғанда, жұмыс күшінің азаю проблемасы шынында бас ауыртарлық еді. Коммунистік партия өз кезегінде өте аз кезеңде әйелдер мен жасөспірімдерді, бойында қуаты бар қарттарды жұмысқа тартып, елдегі еңбекке қабілетті адамдардың жетіспеушілігінде туған проблеманы шешуге кірісті. Тағы бір тарихи деректерде 1941 жылдың бас кезінде Қазақстандағы колхозшылардың көрсеткіші бір миллион 350 мың деп көрсетіледі, оның колхоз өндірісіне қатысқандары – 1 миллион 84 мың (ері 506 мың болса, әйелдер 577 мың). Яғни, әйелдер аз болса да басымдыққа ие болған. Еңбекқор халық фашистік Германияны тезірек жеңіп, бейбіт күнге жету жолында барынша тырысқаны анық. Барлық ерлер соғыс алаңына бет түзегенде, тылдағы ауыр жұмыстың барлығы әйел адамдары мен балалардың мойнына жазылды. Нәзікжандылар ешқандай қиындыққа қарамастан, ерлердің орнын баса білді. Соғыстың бірінші күнінен бастап-ақ, олар қорғаныс қорына тапқан табысының елу пайызын берді, ал үйде отырған әйел адамдары алтын бұйымдарына дейін апарып өткізген. Қалың киімдер жіберіп, соғыс алаңдағы жауынгерлерге түрлі сый-сияпаттар жолдап, хаттар жазып отырды. Жәрдем беру мақсатында жексенбіліктер де жиі ұйымдастырылған. Соғыстың алғашқы жылында қазақстандық газеттер тылда жұмыс жасап жатқан әйел адамдарының еңбегін көп жазып, жалпақ жұртқа таратып отырды. Мәселен, Семейдегі ет комбинатында жұмыс жасайтын Бармашова қорғаныс қорына мемлекеттік бағалы қағазындағы он жарым мың рублі мен екі мың рублін өткізген. Шымкент қаласындағы теміржол мектебінде ұстаз болып істейтін Чеканова болса өзінің қолындағы алтын жүзіктері мен күмістерін тапсырған. Осылай еліміздің әр түкпірінен нәзікжандылар барынша көмек қолын созып, Отан үшін ештеңесін аяп қалмағандығын көреміз. Қорғаныс қоры әр жақтан келген көмектің арқасында майданға әжептеуір жәрдем еткен. Тағы бір мысал, Алматыдағы нөмері бірінші тігін фабрикасының жұмысшылары бір жексенбілікте алты мыңға жуық тапқан рубльдерін қорға өткізіпті. Жалпы есептегенде, 1941-1944 жылдар аралығында қорғаныс қорына қазақстандықтардан түскен қаржының жалпы көлемі 700 миллион теңгені құрапты. Қарағандыдағы шахта қызметкерлерінің әйелдері де соғыс алаңына айтарлықтай көмек жіберген. Мәселен, бірінші шахтаның коммунисті Тұрғымбекова шахтерлердің үйлеріне барып, жұбайларымен әңгіме-дүкен құрып, бір тәуліктің ішінде Иманбаева екеуі жүзден аса бағалы зат жинастырған. Тау-кен жұмысшыларының жұбайлары арасында да қызу жұмыстар жүргізіліп, үгіт-насихат жасалған. Ондағы партия ұйымдары төрт үгіт бригадасын жасақтап шығарған. Олар үш тәуліктің ішінде үш жүзден аса жылы киім-кешектер табыстаған. Соғыс уақытында «Сен майданға қалай көмектестің?» деген мағынадағы плакаттар іліп, жалпы жұртшылықты қайырымдылыққа шақырған. Шынтуайтында қолынан келген жанның бәрі де көмектен аянып қалмады. Соғыстың бірінші жылында шығысқазақстандық колхозшы әйелдер бірлесіп, төрт мыңнан аса жылы байпақ пен қолғаптар тоқып берген. Ал жамбылдықтар үш жүз шолақ тон, мыңнан аса пима, мыңға жуық бас киімдер, тігіп әзірлеген. Елімізде жүн өңдеумен шұғылданатын оннан аса шеберханалар мен сексен ерікті үйірме ашылыпты. «Кеңес» колхозының әйелдері бір түнде майдандағы ерлерге арнап елу іш киім тігіпті. Алматы қаласының Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылшаруашылық артелінің әйелдері тігін машиналарын алдырып, жүзге тарта көйлек, жайма, жастық қаптар дайындаған. Байқағанымыздай соғыс кезінде әйелдер өндірістегі шаруаны ғана емес ауыл шаруашылығына да белсене атсалысты. 1943 жылы алпыс екі әйел село кеңестерін басқарған, отызға тартасы колхоз төрайымы, 138-і бригадир болған. Мал шаруашылығында 450-ден аса әйел адамы жұмыс істесе, 1377-і тракторшы, 350 әйел комбайншы болыпты. Майданда жүріп жатқан қырғын қантөгісте кеңестік әскерлерінің жауды жаппай қыруына олардың ержүректілігі мен батылдығы ғана емес, тылда еңбек етіп жатқан мыңдаған әйел адамдарының, күн-түн демей киім-кешек дайындап, жылы сөздерін арнап жатқан нәзікжандылардың да үлесі зор еді. Әйелдер қой фермасында да қызу жұмыс жасап, төл көп алу үшін еңбек етті. Астықты да әйелдер, балалар мен іске жарамды егде жастағылар жинаған болатын. Кеңес Одағына аты мәшһүр болған Шығанақ Берсиевтің бригадасы негізінен әйел адамдарынан құралған. Ұстазының ісін жалғастырушылар ретінде З.Баймолдина, Н.Есмұқановалардың аты аталады.

Соғыс жылдары ферроқорытпаның ауадай қажеттілігі туындап, еліміздегі қара металлургия алғашқы өндірушісі болып, Ақтөбеде ферроқорытпа зауыты тұрғызылған еді. Ол жерде де тәулік бойында нәзікжандылар жұмыс жасады. Химиялық комбинаттағы қиын да күрделі жұмыстарды үш жүзге тарта қыз-келіншектер атқарды, паровоз депосында да үш жүздей әйелдер жасады. Мәселен, 1942 жылы механизатор курсында тәлім алған 4000-ға жуық адамның 3113-і қыз-келіншектер болыпты. Сегіз мыңдай әйел адамдары өндіріс, темір жол салаларында еңбектенді. Темір жолда жұмыс жасаған Ж.Ысқақова мен А.Дарқанбаеваның еңбектері көпке үлгі ретінде айтылды. Осы қиын-қыстау шақта ер адамдардың күші жетіспегені анық аңғарылды. Мәселен, металл балқытатын пештерде де, қара жұмыс жасаушы қыз-келіншектер болды. Аз уақыттың аралығында металлургия саласын меңгерген әйел адамдарының саны 332-ні құрады. Ток пештерінде елуге тарта әйелдер еңбектенсе, сексендейі балқытушы және ток жөндеуші ретінде қызмет жасады. Осы кезеңдерде елімізде жұмыс жасаған госпитальдарды колхоздар өз қамқорлығына алып, тамақпен қамтамасыз етіп отырды. Майданнан жараланып келгендерге тағы бір шаруашылық бөліп, оларға киім, төсек-орындар жеткізді. Жағдайы ауыр жауынгерлерге әйелдер қан тапсыру үшін өтініштер жазыпты. Осылайша, 600-ден аса қыз-келіншек донор болып, оның ішінде Е.Луговская мен Т.Рудич «Кеңес Одағының Құрметті доноры» атағын иеленген болатын. Арнайы комиссияның шешімімен үйде отырған әйел адамдарына жаралы сарбаздар тапсырылды. Сол сияқты өнерпаздардың үйірмелері ұйымдастырылып, соғыстан қайтқан жаралы жандарға концерттер қойылып, сенбілік жасалып, госпитальдың айналасын тазарту жұмыстары жүргізілді. Әрине, әйел адамдарына соғысқа дейін тігін, жеңіл және тамақ өнеркәсіптеріндегі шаруалар берілсе, ел басына күн туған шақта патриоттық сезімі жеңген нәзікжандылар ең ауыр деген жұмыстарды атқарып, асқан жанкештілік танытты. Сол сияқты олар қара күш керек етілетін шаруаларды қысқа мерзімде оңай игеріп шыға келді. Осыған орай, республикада халық шаруашылығындағы әйелдер санының басымдығы жыл өткен сайын арта түсті. Мәселен, 1942 жылы ауыр өнеркәсіпте – 47,6 пайыз (тиісінше, 1940 жылы ауыр өнеркәсіптегі әйелдердің көрсеткіші 26,3 пайызды құраған), авиация өнідірісінде 38,3 пайыз, қару-жарақ шығаратын өндірісте 44 пайыз, әскери жарылғыш заттар жасауда 55,8 пайыз болған. Ал колхоздар мен МТС-те тіптен 75 пайызға бір-ақ жеткен. Совхоз жұмысында 60 пайызды көрсеткен. Ж.А.Қарсыбаеваның зерттемесінде соғыс басталғанына бір жыл толғанда Түркістан-Сібір мен Қарағанды темір жолдарындағы жұмыс жасайтын әйелдердің жалпы саны 22000 болғандығын айтады. Тіпті, 1943 жылы ол көрсеткіш 35 мыңға дейін өседі. Ұлы Отан соғысы аяқталар тұста да ол салада тер төккен нәзікжандылардың саны азайған жоқ. Сол сияқты жұмысшы қыздардың жасы жиырма беске де жетпеген. Мәселен, 1943 жылдың 1 тамызында Түркістан-Сібір темір жолында екінші мүшелге толмаған арулардың көрсеткіші 63,8 пайызды құраған. Ал Қарағанды темір жолындағы пайыздық мөлшер 61,7-ні көрсетеді. Иә, бұл уақытта халық шаруашылығында жұмыс істейтін әйелдердің санының артуы түсінікті жағдай. Олар аға, әке, отағаларын соғыс майданына жіберіп, өздері бар ауыртпалықты мойнымен көтеруге тырысты. Кейбір әйел адамдар өздерінің күндік жұмыс нормаларын екі-үш есе артық орындап жүрген. Олардың төккен тері мен жұмсаған күштері зая кетпей Кеңес Одағы тарапынан түрлі медаль, ордендерге ұсынылып, марапатталып жатты. 1944 жылы 194 әйел кеудесіне жарқыраған ордендер таққан болатын. Олардың қатарынан КСРО-ға аты мәшһүр Ленингор руднигінде станокшы-бұрғышы болған А.Казакова, Соколов руднигінің бұрғышылары В.Сланова, А.Довиченко және тағы басқа қыз-келіншектер бар-тын. Соңғы аталғандар нәзікжандылардың ішінен алғаш болып телескоппен колонкалы перфоратормен бұрғылаудың жаңа тәсілін енгізіп, бір ауысымда он-жиырма нормадан орындаған. Осылайша, жан қиярлық еңбектерінің арқасында Қазақстан әйелдері ел өндірісін алға жылжытып қана қоймай, майдандағы отандастарына барынша қолдау көрсете білді.

Қазақстан Ұлы Отан соғысы аяқталу кезеңінде

Жалпы, елімізден майданға аттанғандар Украина, Беларусь, Молдова, Балтық бойын азат етуге атсалысты. Сол сияқты Гитлердің езгісінен Шығыс Еуропаны да босатуға қатысты. Мысалы, І Украина майданының аймақтарының бірінде қазақстандық жауынгерлерге қарсы неміс танкілері қарсыласқан болатын. Осындай қиын шақта сапер А.Үсенов кеудесіне танкілерге қолданылатын минаны қысып алып, еш қорықпастан алға ұмтылды. Фашистік соғыс техникасының астына әдейі құлаған жауынгердің минасы жарылғанда, алапат жер сілкінісі орын алғандай еді. Әрбірі екі жүзден аса ұшу сапарын жасаған, көптеген фашистердің көзін жойған ұшқыштар Т.Бигелдинов, Л.Беда мен Павловтар екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алды. 


Сол сияқты жеке өзі отыз жеті үшақ, топтасып алты ұшақты атып түсірген С.Луганский де екі рет «Батыр» атанды. Ал шығыс әйелдері арасынан алғаш болып Ленин ордені Алтын жұлдыз медальдарымен марапатталған қазақ қыздары М.Мәметова мен Ә.Молдағұлова еді. 1945 жылы қыс мезгілінде жасалған ірі операцияларда кеңестік әскерлер немістердің әрі армия топтарының тас-талқанын шығарды. Қызыл Әскер Польшаны толығымен азат етіп, Венгрия мен Чехословакияның біршама бөліктеріне бостандық әперді. Германияның аймақтарына еніп, жеңістің күнін жақындата түскен еді. КСРО-дан мұндай қарсылық күтпеген Гитлер жоспары түгелімен талқандалуға шақ қалды. 1945 жылдың сәуір айының 16 жұлдызында Берлин операциясы басталып кетті. Ол операцияға үш жарым миллион адам, елу мыңнан аса зеңбірек пен миномет, 7750 танк, он мың ұрыс ұшақтары қатыстырылды. Балтықтан Судет тауына дейінгі ұлан-ғайыр жерде соғыс қимылдары жүрді. Сәтті қимылдардың арқасында Кеңес әскері 2 мамыр күні Германияның орталығы Берлин қаласын толық бақылауына ала білді. Бұл операция барысында кеңес әскері батырлық пен батылдық танытып, ерліктің үлгісін көрсеткен еді. ҚР Қорғаныс министрі болған С.Нұрмағамбетов Берлин үшін ұрыста өзінің жауынгерлерін бастап кіріп, жақсы жетістіктерге қол жеткізді. 21 жасында Кеңес Одағының Батыры атанған Сағадат Нұрмағамбетовтың ерлігі ұмытылмақ емес. Германия астанасын алуға қатысқан қазақстандықтардың ішінде Т.Бигелдинов, А.Еремеев, Н.Шелихов, Х.Қайдаусов, З.Тұрарбеков және тағы басқалары бар. Жас офицер Рахымжан Қошқарбаев досы Г.Булатовпен рейхстагқа ту тіккен алғашқы адамдардың бірі болды. Сол сияқты біздің партизандар қозғалысқа белсенді түрде атсалысты. Кейбір мәліметтерде Украина партизандар құрамасында мың жарым, Ленинград облысында екі жүзден аса қазақстандық жігіттер соғысыпты. Ал Беларусьтің әртүрлі аймақтарында әрекет жасаған 65 партизандық бригадалрда мың жарымға жуық жерлестеріміз болған. Даңқты партизаншылардың сапында жүрген Ғ.Axмeдьяpoв, Ғ.Oмapoв, В.Шapyдoв, Қ.Қaйceнoв, Ә.Шәpiпoв, Ә.Жaнгeлдин, Ж.Caин, Н.Көшeкпaeв және тағы басқаларының eciмдepi бүгiндe зop құpмeткe иe. Сонымен, кескілескен ұрыс өз мәресіне жетіп, 1945 жылдың 2 мамыр күні Берлин алынды, 8 мамырда фашистік Германияның жеңілгені турасында шартқа қол қойылды. 9 мамыр күні Кеңес Одағы жеңіс күнін тойлап, Ұлы Отан соғысына нүкте қойды.

Осы жылдың 9 тамызында одақтасқан міндеттемелерге орай Кеңес Одағы соғыстың соңғы ошағы болып отырған Жапонияға қарсы соғыс бастаған болатын. Күншығыс еліне аттанған әскери құрамалардың қатарында қазақстандық жауынгерлер де болды. Тынық мұxит флoты әскеpи-әуе күштеpiнiң 12-шaбылдaушы aвиaция дивизиясының звенo кoмaндиpi, көкшетaулық Миxaил Янкo 1945 жылғы тaмыздың 10-ындa Гaстэллoның еpлiгiн қaйтaлaды. Жапония еліне қарсы соғыста Ақтөбе қаласында жасақталған 74-жеке теңіз атқыштар бригадасының негізімен құрылған 292-атқыштар дивизиясының сарбаздары кеңестік Қарулы күштерінің абыройын асқақтатты. Забайкалье мен І Қиыр Шығыс майдандарындағы әскери құрамалар сапында 123 миномет полкі соғыс жүргізген еді. Қазақстандық минометшілер ерлік пен ержүректілік көрсеткені үшін 2027-жауынгерлік орден, медальдармен, 14 адам «Кореяны азат еткен үшін», 234 адам «Жапонияны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталды. Қызыл әскерді бұл жақтағы шайқасы жиырма төрт күнде өз мәресіне жетті. 1945 жылы қыркүйектің 2 жұлдызында Жапония жеңілгені туралы шартқа қол қойған еді. Екінші дүниежүзілік соғыс осымен аяқталды. Жалпы, Ұлы Отан соғысы кезінде ерлік көрсетіп Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар саны 11 600 болса, ішіндегі қазақстандықтардың саны – 497. Оның ішіндегі қазақтар 97 еді. Екі қазақ қызы да осындай марапатқа ие бола білді. Екі мәрте Кеңес Одағының батыры атағы Т.Бигелдинов, Л.Беда, И.Павлов, С.Луганскийлерге бұйырды. Ал үш мәрте осы атаққа қол жеткізген Шымкенттегі әскери авиация училищенің түлегі Иван Кожедуб болды. Сарбаз ерлігі ордені 142 қазақстандыққа берілді. Жалпы, Кеңес Одағының орден, медальдары 96 мыңнан аса отандасымызға тапсырылды. КСРО бұл соғыста 27 миллион адамынан айырылды. Оның ішінде қазақстандықтардың саны алты жүз мыңнан асып жығылады. Бұл соғыстың тарихи маңызы өте жоғары болды. Жалпы, фашистік Германия мен империялы Жапонияны жеңуде ең көп үлес қосқан кеңес жауынгерлері екендігін бүкіл әлем мойындады. Олар жанқиярлық ерліктерінің арқасында өз Отандарының бостандығын аман алып қала білді. Сонымен қатар, фашистік езгіде отырған Еуропаның көптеген халқы Кеңес Одағының өшпес ерлігінің арқасында азат етілді.

Ата-бабаларымыздың Отан үшін жасаған көзсіз ерлігі ұрпақ жадында.

(Суреттер pixabay.com сайтынан алынды)
Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: