18.10.2025
23:44
451
Луи Саркози әкесін қорғау үшін митинг ұйымдастырмақ

Луи Саркози әкесін қорғау үшін митинг ұйымдастырмақ

21 қазан күні таңертең Париждің XVI округінде бұрынғы Франция президенті Николя Саркозидің қамауға алынуына қарсы митинг өтуі мүмкін, деп жазады El.kz интернет порталы.

Liberation.fr-тің жазуынша, бұл бастаманы оның ұлы Луи Саркози көтеріп отыр. Ол әлеуметтік желі X (бұрынғы Twitter) арқылы азаматтарды әкесіне қолдау көрсетуге шақырған.

Акция Аутейль ауданындағы Пьер-Герэн мен Ла-Сурс көшелерінің қиылысында өтпек. Бұл – Париждің ең бай әрі тыныш аудандарының бірі, әрі Саркозидің жеке вилласы орналасқан жер. Луи Саркози соңғы айларда бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрініп жүр. Ол Наполеонға еліктейтінін айтып, қазіргі уақытта Ментон қаласында муниципалды сайлауға қатысып жатыр.

Желіде жарияланған видеода бұрынғы президенттің өмірі мен сөздері көрсетілген. Онда Саркозидің «ешқашан берілмеу», «сәтсіздіктен сабақ алу» және «өмір – қайта туу тізбегі» туралы айтқан шабытты цитаталары келтірілген. Видеороликтің соңында: «Тарихтың соңы әлі жазылған жоқ» деген жазу пайда болады.

Айта кетейік, Николя Саркози 2007 жылғы сайлау науқаны кезінде Ливиядан заңсыз қаржы алу ісі бойынша «қылмыстық топпен байланыс орнатқан» деген айыппен 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Дегенмен ол түрмеде отырса да, Lagardère, Accor және LOV Group компанияларының басқармасындағы қызметін сақтап қалмақ.

Бұрынғы президенттің жақтастары бұл митингті «әділетсіз шешімге қарсы эмоциялық реакцияның көрінісі» деп бағалап отыр. Олар Луи Саркози мен оның бауырлары «әкеcіне деген халықтың сүйіспеншілігін жеткізіп отыр» дейді. Енді бұл шақырудың расында елді көшеге шығара алатыны белгісіз.