Лудоманияға шалдыққан азаматтарды сауықтыруға қатысты бірқатар шара қарастырылған - Ерлан Қарин

8 Шілде, 16:32 642

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент бүгін қол қойған ойын бизнесі туралы заңға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін Президент лудоманияға қарсы күреске қатысты заң актілеріне түзету енгізу туралы құжатқа қол қойды. Бұл – Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру аясында қабылданған бесінші заң. Мемлекет басшысы Атырауда сөйлеген сөзінде лудоманияны әлеуметтік кеселдің бірі деп атап өтті және тиісті нормативтік құжатты Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін қабылдауды тапсырды. Заң жобасы түрлі пікірталас алаңында талқыланып, оған депутаттар, Ұлттық құрылтайдың және Жастар жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты,-деп жазды Мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қарин өз жазбасында мамыр айында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, оның ережелері жаңа заңның нормаларымен үйлесім тапқанын алға тартты.  

Парламент депутаттарының ұсынысымен қабылданған бұл құжатта құмар ойындарын ойнауға рұқсат берілген адамдардың санын азайтуды көздейтін жүйелі іс-шаралардың біртұтас кешені қарастырылған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына тыйым салынған.  
Осы құжатта көзделген негізгі жаңалықтың бірі – Борышкерлердің бірыңғай тізіміндегі азаматтарға қатысты шектеу шараларының енгізілуі. Бұл – 3,5 миллионнан астам адам,-делінген жазбада.

Бұдан өзге Мемлекеттік кеңесші букмекер конторалары мен тотализаторлардың барлық жердегі сыртқы жарнамасына тыйым салынғанын атап өтті. Бұдан былай байланыс операторлары ұялы телефонға жарнамасы бар мәтіндік хабарламаны жібере алмайды. Сонымен қатар лицензиясы жоқ шетелдің букмекерлік контораларының, тотализаторларының интернет ресурстарына және онлайн-казиноларға толық тыйым салынады.  

Лудоманияға шалдыққан азаматтарды сауықтыруға қатысты бірқатар шара қарастырылған.  Құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалтудың тәртібі белгіленді. Мұндай адамдарды, құпиялылықты сақтай отырып, ақыл-кеңес беру арқылы бақылауға алу тәсілі енгізілді,-деп толықтырды Ердан Қарин.

Біз бұған дейін Президент Қасым-Жомарт өзгерістер мен толықтырулар енгізілген бірқатар заңға қол қойғаны туралы жаздық. 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: