Лудомания, сарбаз өлімі: Әскердегі суицидтің себебі неде?

7 Қазан, 18:13 447

Бейбіт заманда әскерде жүрген сарбаздардың суицид жасап, қайтыс болып жатқаныны қоғамды алаңдатып отыр. Жалпы әскерилер суицидке не себепті барады? Оның бір себебі лудомания ма? Жалпы әскери қызметкерлер құмар ойындарға неге тәуелді болады? Сарбаздар арасындағы лудомания белгілерін қалай анықтауға болады? Әскердегі суицидті тоқтату үшін қандай шаралар қолдану керек?

El.kz тілшісі психологтан осы және өзге де сұрақтардың жауабын сұрап, Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерді қолдау үшін қандай жағдай жасап жатқанына шолу жасады.

«Ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет екенін биыл 2 қыркүйектегі халыққа арнаған Жолдауында ерекше атап өткен болатын.

Тоқаев атап өткендей, жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады.

Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты, - деген еді Президент.

Психолог сарбаз суицидінің себебі неде дейді?

Психолог Серікгүл Салиден сарбаздар арасындағы суицидтің себебін, оның қалай алдын алуға болатынын сұрап көрдік.

Әскердегі жастардың суицид жасауын екі түрлі себеппен түсіндіруге болады.

Бірінші. Бұл өмірде өзін-өзі таппай жүрген адамдар бар. Олар өмірге 5% болып келеді, оның 2%-ы өзін-өзі тапса, қалған 3%-ы өзін таппай жүреді. Олардың өмірден өз орнын таппауы депрессия күйіне түсіреді. Ал депресиялық күйде олар «Шын мәнінде не үшін өмір сүріп жүріп жүрмін? Өмірдің мәні неде?» деген сұрақтарға терең ойланып, біреулерге қойса қояды, қоймаса өзінің ішінде сақтайды. Сөйтіп өмірдің мәнін табу мақсатында өздерін әртүрлі жерден бақылап көреді. Мысалы, әскерге барып көрейін, ортамды ауыстырып, өмірдің мәнін тауып қалармын деген оймен барады. Олар әскерген барғаннан кейін біраз жүреді, мүмкін ешкіммен көп араласа қоймай, көп сөйлемей, тыныш кейіпте жүреді. Сөйтіп жүргенде өз-өзіне қол жұмсайды. Қол жұмсағандардың біразы соңынан хат қалдырып кетеді. «Осы істеген ісім үшін кешіріңдер. Мен өмірдің мәнін таппадым. Жаным қатты қиналды» деп, артындағылар біреулерді біреуге тапсырып хат қалдырады. Ал енді кейбіреулері хат жазбайды, өз-өзімен кетеді, - дейді маман.

Екінші себеп - елімізде лудомания ауруы өршіп тұр. Лудоманияға шалдыққандарды ата-анасы одан жазу, одан арылту мақсатында сол ауруымен әскерге жібереді. Егер лудомания ауруын психологтардың көмегімен емдетпейтін болса, онда оның барлығы дерлік суицидпен аяқталуы мүмкін. Олар әскерде суицид жасайды. Себебі олар ойынды әскерге барғаннан кейін де жалғастырады. Ол жақта салдары көбейіп, соңы суицидпен аяқталады.

Лудомандар үйде белгілі бір қысыммен өскен арнайы психотиптегі балалардан шығады. Алайда қысыммен өскен балалардың барлығы 100% лудоман болады деп айта алмаймыз. Бірақ психотиптегі азаматтардың 24%-ы үйде қатты қысым көруі мүмкін. Мысалы, қысымдар жағымды болады, кейде жағымсыз болады. Жағымсыз қысым - ол балаға өте көп зорлық-зомбылық көрсету, келеке ету, мазақтау, балаға буллинг көрсету, әке-шешенің ұрысы, толық емес отбасында өсу. Ал жағымды қысым деген - ол баланы гипербақылау, өзінің таңдау жасауына мүмкіндік бермеу, балаға сенбеу, баланы шектен тыс мақтау, өзін өте жаман рөлде көрсетуге мүмкіндік бермеу, бала көтере алмайтындай көп сенім арту (мысалы, ертең бүкіл әулетті асырайсың). Осындай жағымды-жағымсыз қысымдардың 7-8-ден көбі балаға көрсетілсе, онда психотиптегі адамдардың 24%-ының ішінде сезілмеген сезімдер қалып қояды. Сол сезімдерді ол ойын арқылы сезініп, нәтижесінде ол ойынқұмар, лудоман болады, - деп есептейді психолог.

Оның ойынша, әрбір психотиптік адамдардың әлеуметтен алатын орны, атқарын қызметі және міндеттері болады. Олар кімдер? Біріншіден, олар әскери қызметкерлер, екінші кезекте кәсіпкерлер, сауда-саттықта жүретіндер, сонымен қатар ұйымдастырушы жұмыстарында жүретіндер. Олардың логикалық ойлау қабілеттері бар, ойлап тапқыш, көшбасшылар. Олар ішкі түйсігі бойынша мамандығын дұрыс таңдап, әскери салаға кетеді. Егер отбасында ешқандай қысым көрмей, ата-анасымен қарым-қатынасы ойдағыдай болып өссе, онда олар әскери қызметін дұрыс атқарып кетеді. Ал егер оның отбасында қысым, сезілмей қалған сезімдері болып, әкесімен қарым-қатынасы дұрыс болмаса, қорқынышы болса, онда олар оны жеңу үшін өте эгоист болып, ойынға кетеді. Олардың ойынға деген қызығушылығы әу баста ақшаға қызығып басталады. Кейін ол ақша емес, сезім формасына ауысады.

Серікгүл Сали әскердегі өлімнің себебіне лудоманияның қатысы бар дегенді жоққа шығармады.

Иә, қатысы бар. Ата-ана баласының ойын ойнайтынын жасырады. Оны жасырып, әскерге тәрбиеленіп келуге жібереді. Әскерде қабылдауда отырған психологтардың лудоманиямен жұмыс істеуге тәжірибесі жетіспейді. Ол лудоман не лудоман емес екенін ол жақта анықтай алмайды. Сондықтан әскердегі өлімнің көптігіне лудоманияның қатысы бар деп ойлаймын, - деп айтты психолог.

Лудомандар белгілері

Құмар ойынға тәуелді болған адам ең алдымен оқшауланады, өзін жалғыз сезінеді, ортаға қосылмайды, ешкіммен жақын араласа қоймайды. Олар осылай оқшауланады. Оған қоса көңіл-күйлері де құбылмалы болады. Адам көзіне тура қарамайды. Бір қарасаң, тұйық, жабық, ал енді қарасаң, көңілді жүреді. Мінездері тез өзгеріп отырады. Жалпы олар өздері адамдармен тез тіл табысқыш келеді. Бірақ өзін үнемі осы қалпында ұстамайды. Мінезі ауытқып отырады. Егер олардың қолында телефоны болса, ауруы әрі қарай да асқынып, оқушаулана береді, - деп атап өтті Серікгүл Сали.

Оның айтуынша, ойынқұмар адамдар үнемі қарыз сұрағыш болады. Мысалы, бастығы немесе жаңа ғана танысқан адамы болғанына қарамастан, ол бәрібір қарыз ақша сұрайды. Лудомандарда ең алдымен осы белгі көрінеді. Сондай-ақ ақшаны «бір келеңсіз оқиға болып қалды», «анау ауырып қалды», «ананың жақыны қайтыс болыпты, оған көмектесейік» деп адамды селт еткізетін неше түрлі салдар ойлап тауып, қарыз сұрайды. Оған қоса, ашушаң болады. Басынан сөз асырмайды. Өте көкірек болады. Айтып жатқан нәрсені тыңдауға құлқы болмайды.

Психолог атап өткендей, әскердегі суицидті тоқтату үшін ең бірінші кезекте ойынға тәуелді болған және депрессияға түскен адамдарды әскерге алмау керек. Оларды емдейтін арнайы орталықтарға жіберу керек. Яғни лудоманияны анықтайтын арнайы мамандар болуы керек. Сондықтан лудомандарды әскерге алмаған дұрыс, себебі олар өздерін-өзі құрдымға әкетеді.

Депрессия, лудомания – ол ауру. Бұл жағдайда адамның жан дүниесі, сезімі ауырады. Ондай адамдарды әскерге алудың қажеті жоқ. Себебі олар Отан алдындағы борышын өтеп, қорғаудың орнына, керісінше Отанына зиян туғызады. Ойынқұмарлар Отанын, туған анасын, туған әкесін сататын адамдар, - деп түсіндірді психолог Серікгүл Сали.

Әскердегі суицид

Қазақстан әскерінде 4 жыл ішінде 86 суицид оқиғасы тіркелген. Мұндай ақпаратты 2023 жылы Бас әскери прокуратура мәлімдеген еді.

Мәліметке сәйкес, 2018-2022 жылдары 86 суицид және суицидке оқталудың 20 әрекеті тіркелген. Түрлідеректербойынша, халықарасындасуициддеңгейі бойынша Қазақстанәлемніңжиырмаелінің қатарына кіреді,алжасөспірімдерарасындаүштікке кіреді.Құқықтықстатистикакомитетініңнеғұрлымнақтыресмидеректері бойынша,2018-2022жылдарыелде17631суицидфактісі тіркелген.Яғни10мыңазаматқа9суицид.Оныңішінде86суицидпен20суицидкеоқталуәскердеболған.

Бас әскери прокуратура дерегінше, 2020 жылдан бері әскерде 270, 2023 жылы 11 әскери қызметкер қаза тапқан. Қызметкерлердің өлімінің негізгі себептері аурудан – 36%, жол-көлік оқиғалары нәтижесінде – 24%, өзіне-өзі қол жұмсау салдарынан – 20%.

Қорғаныс министрлігі не дейді?

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы әскерде сарбаздардың өлімі көбейіп бара жатқанын айтып, жауапты органға депутаттық сауал жолдаған еді.

Даңқы батыр Бауыржан Момышұлы: «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» дейді. Сол жөргектегі тәрбиесі жер көкке сыйғызбай әскер қатарына барып, Отанымды қорғаймын деген балаларға қиянат жасалды. Жауырды жаба тоқығанмен жараның жазылмайтыны белгілі, оның айғағы бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болуда. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай. Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаңда ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді. Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өзөзіне қол салуға оқталған. Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми сан. 2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне бір-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен, - деп айтқан болатын.

Депутаттың сауалына Қорғаныс министрлігі былай деп жауап қатты.

Әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қашан да Қорғаныс министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді. Ведомство басшылығы сарбаздарды казармалық бұзақылықтан оқшаулау және жергілікті жерлерде әскери тәртіпті қамтамсыз ету үшін мүмкін болатын барлық шараларды қабылдап жатыр. Нәтижесінде жылдан жылға қылмыстардың, соның ішінде жарғыдан тыс қатынастардың және орны толмас шығындардың азаюының тұрақты қарқыны байқалады, - делінген ресми жауапта.

Соңғы үш жылда Қарулы Күштерде жарғыдан тыс қатынастардан болатын қылмыстардың саны 43%-ға (40-тан 23-ке), ал биыл мерзімді әскери қызметшілер арасындағы суицид 67%-ға (3-тен 1-ге) төмендеген.

Сонымен қатар 86 суицид фактісі де барлық күштік құрылымдарға тиесілі. Нақтырақ айтсақ, соңғы төрт жылда Қарулы Күштерде 40 суицид оқиғасы тіркелген. 2021 жылы - 10, 2022 жылы - 7, 2023 жылы - 12 және 2024 жылы - 11 оқиға. Санаттар бойынша: офицерлер - 7, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер - 22, курсанттар (кадеттер) - 4, мерзімді әскери қызметшілер - 7. Жоғарыда көрсетілген 40 оқиғаның барлығы бойынша қылмыстық істер қозғалған. 34 оқиға бойынша қылмыстық істер өндірісімен аяқталып, процестік шешімдер қабылданған. Тергеу барысында өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу белгілері анықталмаған. Осыған байланысты, қылмыстық істер қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауы себебінен тоқтатылған, - деді Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Бақытбек Сыдықов ресми жауабында.

Қабылданған процестік шешімдердің заңдылығы қадағалаушы органмен (прокуратура) тексерілген және келісілген. Сонымен қатар қазіргі кезде 6 оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жалғасып жатыр. Нақты себептер мен мән-жайлар тергеу қорытындысы бойынша анықталады.

Әскери бөлімдер мен бөлімшелердің барлығында жеке құрамға бақылау жүргізудің «Серіктес», «Пирамида», «Жауынгерлік дос» жүйелері, телефон арқылы жақындарымен сөйлесудің «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі, әскери қызметшілердің арасында құқық бұзушылықтардың, қазалардың, жарақаттардың алдын алу бойынша тәжірибелік іс-әрекет алгоритмдері қолданылады. Құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында, әскери бөлімдерде әрбір әскери қызметші өтінішімен жүгіне алатын профилактикалық кабинеттер мен сенім телефондары жұмыс істейді. Қол жетімді орындарда арыздар мен өтініштер үшін жәшіктер орналастырылған. Бұдан басқа, әскери қызметшілердің мінез-құлықтарына онлайн-бақылау жасау үшін қызметтік үй-жайлар, соның ішінде казармалардың жатын-үй бөлмелері видеокамералармен жабдықталған, ол үшін штаттарға оператор лауазымдары енгізілген.

Әскерлерде ұдайы негізде профилактикалық онкүндіктер, акциялар, айлықтар, анонимді сауалнамалар, психологиялық тренингтер, дене-мүшелерін қараулар, телефон және видео сөйлесулер жүргізіледі, ата-аналардың және роталық чаттар қызмет істейді. Әскерлерге әдістемелік ұсынымдар, сатылы алгоритмдер және кейстер жолданады, әскери тәртіпте артта қалған бөлімдердің басшылығына тәжірибелік көмек көрсетіледі.

Әскери қызметшілерге қандай жағдай жасалған?

Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыруды арттыру бойынша бірқатар шара қабылданып, жүзеге асырылып жатыр.

2023 жылы ұшқыш құрамының лауазымдық жалақылары көтерілді, әскери медициналық жұмысшылардың ақшалай үлесі азаматтық медициналық мекемелердің медициналық жұмысшылары жалақыларының деңгейіне дейін жеткізілді, жоғары әскери оқу орындары оқытушыларының жалақылары азаматтық жоғару оқу орындарының деңгейіне дейін көтерілді.

Бүгінгі күні Үкімет мемлекеттік күштік құрылымдар қызметкерлерінің еңбек ақысын төлеудің жаңа жүйесіне көшуін қолдады, оны 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2 кезеңмен (2025-2026 жыл бойы) жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оған толық көлемде өту барысында Қарулы Күштердің әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақылары орташа 50 % -ға өседі. Сондай-ақ әскери қызметшілерге бұрын тоқтатылған жеңілдіктерді қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесі реттелген, республикалық бюджетте Қарулы Күштер әскери қызметшілерінің тұрғын үй төлемдеріне арналған ақшалай қаражат толық көлемде қарастырылған.

Айдана Мұрат
Бөлісу: