Қазақ ұлттық спорт түрлері қауымдастығының жаңа президенті болып белгілі кәсіпкер және меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов сайланды. Бұл туралы Қауымдастық құрылтайшыларының онлайн және офлайн форматта өткен жиналысы барысында белгілі болды, деп хабарлайды El.kz Мәдениет және спорт министрігіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, Қазақ ұлттық спорт түрлері қауымдастығы көкпар, аударыспақ, бәйге, жамбы ату, теңге ілу, тоғызқұмалақ және т.б. спорт түрлерін біріктіреді. Бұған дейін ұйымды Бекболат Тілеухан басқарған болатын.
«Тәуелсіздік жылдарында ұлттық спорт түрлерін насихаттау және дамыту бағытында айтарлықтай жұмыс атқарылды. Жарыстар республикалық және халықаралық деңгейде өткізілді, қажетті инфрақұрылым пайда болды. Бүгінде Қауымдастық алдында жаңа міндеттер тұр, оларға қол жеткізу үшін барлық тараптардың күш-жігерін біріктіру қажет», – деді жиын барысында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Өз кезегінде Исламбек Салжанов жиынға қатысушыларға сенім білдіргені үшін алғыс айтты.
«Біздің Қауымдастық балалар спортына ерекше назар аударуы қажет.Бұған қоса, ұлттық спорт стандарттарын бекітіп, жаңа форматтарды енгізуді жоспарлап отырмыз. Мәселен, ұлттық ат спортын жаңғырту өте маңызды», – деді Исламбек Салжанов.
Қатысушылар Қауымдастықтың бұрынғы басшылығы атқарған жұмыстарды және ұлттық спорт түрлерін дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ құрылтайшылардың жалпы жиналысы барысында Ұлттық спорт қауымдастығының 2019-2022 жылдары атқарған қызметі туралы есеп тыңдалып, бірлестіктің жаңа басшылық құрамы сайланды.