Ұлттық сана жаңғыру үшін тіл жетілуі тиіс!

7 Қараша 2019, 10:41 2623

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастырумен «Қазақы дүниетаным және ХХІ ғасыр» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өтті.

Оған облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов, зиялы қауым өкілдері, аймақтағы оқу орындарының оқытушы профессорлары, басқарма басшылары, облыстық ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.

Шара барысында С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының "Кенептегі ауыл көрінісі" және кітапхана көрмелері ұйымдастырылған болатын. Конференцияның кіріспесін Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің өнерпаздары күмбірлеген күймен ашты.


«Біз жиылсақ – көппіз, жайылсақ – жоқпыз. Қазіргі кезеңде басты құндылығымыз - елдің ынтымағы мен бірлігі. Ол - Тәуелсіздіктің баянды тірегі, дамудың даңғыл жолы болмақ», - деген облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Сейітқалиұлы «Қазақтану» жобасының маңыздылығына мән артты. «Қазақстан ұлы жұттан басталған зобалаңнан, одан кейінгі Ұлы Отан соғысы сұрапылында туған жерлерінен үдере көшкен сан-мың ұлысқа ортақ шаңырақ бола алды. Репрессия жылдарында жер аударылып, қазақ халқының мейірімділігі мен көңілінің дархандығы арқасында өмір жалғасын тапқан этнос өкілдері соңғы кездері елімізде ұлтымыздың құндылықтарын бағалау, оның насихатын арттырып, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық ұстанымдарымызды жаңғырту, таныту бағытында қарқынды жұмыстар жүргізуде», - деді Н.Байқадамов.

«Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасының барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодын, біртұтас құндылықтарын қалыптастырып, халықтың бірлігін нығайтуда маңызы зор.


«Қазақы дінитаным және ұрпақ тәрбиесі» тақырыбында баяндама жасаған Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы, қоғам қайраткері Сапен Ансатов Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, философиясын, құндылықтарын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеу қажет деді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым Б.Кәрібозұлы «Сыр елі - руханияттың бастау бұлағы» тақырыбында ой өрбітті. Ұлы Абай мен Базар жыраудың шығармаларындағы көркем тілдің ерекшелігіне тоқталып, қазақтану, ұлттану бағытында жұмыстар аясын кеңейту керектігін айтты.

Ал Алматы қаласынан конференцияға арнайы келген Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің ғылыми хатшысы Е.Резникова қазақ халқының көшпелі өркениетін сурет өнері арқылы көрсеткен белгілі суретшілердің еңбектерін зерттеп, Петербургте, Вашингтонда қорғап шыққан болатын. Сол еңбегін конференция қатысушыларының назарына ұсынды және Қазақстандағы көшпелілер өркениетін сурет арқылы әсерлі жеткізген С. Айтбаев, Қ.Телжанов, Г.Исмаилова сынды суретшілердің туындыларымен таныстырды.

Түркістан қаласынан келген филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ж.Исаева ұлттық таным жаңғыруы үшін ең бірінші тіл жетілуі тиіс деді. Ал Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің «Дәстүрлі өнер» институтының директоры Ғ.Байулов «Қазақ музыкасының даму генезисі» тақырыбын қозғай отырып, жаңаша идеяларымен бөлісті. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.

Бөлісу: