Ұлттық ұлан сарбазына күш қолданған адам 4 жылға сотталды

23 Тамыз 2022, 18:05 996

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов айтты

Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық ұлан мен полицияға күш қолданғандар сотталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды El.kz.

«Жұртшылыққа тек ресми дереккөздерден ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі көптеген бейнежазбалардан жаппай тәртіпсіздік кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты қатыгез түрдегі зорлық-зомбылық фактілері белгілі. Олардың көпшілігі өз міндеттерін орындап жүрген қызметкердің өміріне қауіп төндіру ретінде бағаланады. Мұндай әрекеттер үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделген», - деді Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, 5 қаңтарда Семей қаласындағы тәртіпсіздіктер кезінде осы қаланың тұрғыны заңсыз әрекеттерді тоқтату туралы заңды талапқа бағынбай, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысқан Ұлттық ұланның әскери қызметшісіне дене жарақатын салған. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

«3 қаңтарда Өскемен қаласында полиция қызметкерлерінің заңсыз митинг ұйымдастыру әрекеттерінің жолын кесу кезінде осы қаланың тұрғыны оларға қарсылық көрсетіп, күш қолданған. Өскемен сотының үкімімен ол кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды», - деді С. Әділов.

«Жаппай тәртіпсіздік кезінде қызметкерлерге қатысты күш қолдану фактілері бойынша бірқатар қылмыстық іс әлі де қаралып жатыр. Олар жақын арада сотқа жіберілетін болады», - деді ведомство өкілі.


Бөлісу: