Ұлттық әдебиет – достық көпірі

24 Шілде 2019, 10:40 7140

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2015 жылы елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жарияланып, барлық этностық топтардың мәдениетін, дәстүрлерін, салттарын, тілдерін сақтап дамыту, бай ортақ тарихи-мәдени мұрамызды сақтау бойынша жұмыстарды жалғастыру туралы айтылған еді. Бұл ел ішіндегі тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім, оның өркендеуі мәңгілік болуы үшін өте қажет.


Бұл дегеніміз көп ұлтты Қазақ елі үшін достықты, ынтымақтастықты, бірлікті көздей отырып әр ұлттың мәдени құндылықтарын сақтау деген сөз. Бұл көзқарас Ел ертеңі үшін аса қажетті дүние.


Бүгінде Қазақстанды мекен еткен әр этностың өзінің мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын насихаттап, өз тілдерінде сөйлеуде бәрінің құқығы тең. Соның ішінде, Түркістан облысы – республика бойынша өзге ұлт өкiлдерi ең көп мекендейтін өңiр. Бүгінгі таңда ірі-ірі 20-дан астам ұлт этностары мекен еткен өңірде ұлттардың тiлiн, мәдениетiн, салт-дәстүрiн сақтауда, өзара татулық пен бірліктің үлгісін паш ететін жұмыстар жоғары деңгейде атқарылуда.


Ал, қоғамның рухани құндылықтарын жинақтап сақтаушы және оны дәріптеуді қамтамасыз ететін Кітапхананың көпфункционалды ақпараттық және демалыс орталығы болуы қажет екендігін уақыт айқын дәлелдеп берді.


Осы орайда, 2014 жылдан бастап А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Ұлттық әдебиеттер орталығы» өз жұмысын ойдағыдай бастап кетті. Бұл орталық кезіндегі облыстық Славян этномәдени орталығының төрағасы Кирюхин Юрий Георгиевичтің тікелей бастамасымен қолға алынды. Аталмыш Ұлттық әдебиеттер орталығы Қазақстандағы кітапханалар арасында бірегейі ғана және оның ашылуы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына тұспа-тұс келді.


А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Шәрбану Дінасілованың ақпаратына сәйкес, кітапхана жанынан құрылған «Ұлттық әдебиеттер орталығының» мақсаты - өңірде өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлері мен ұлттық ерекшеліктері бейнеленген ұлттар тілдеріндегі әдебиеттерін насихаттау, әр түрлі ұлт өкілдерінен тұратын кітапхана пайдаланушыларының санын арттыру. Сонымен қатар түрлі ұлт этностостарының тіліндегі әдебиеттерді дәріптей отырып, ұлттар арасындағы ынтымақты, бірлікті қалыптастыру.


«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеяны алға тарта отырып, өңірде барлық этномәдени орталықтарының төрағаларына аталмыш Орталықтың қажеттілігіне назар аудару ұсынылды. Нәтижесінде, Славян этномәдени орталығынан басқа татар-башқұрт, поляк, шешен-ингуш, неміс, күрді, украин, өзбек этномәдени орталықтары белсенділік танытып, орыс және өз ана тілінде мәдениеті мен салт-дәстүрі, тарихы мен экономикасы бейнелеген басылымдарын, анықтамалықтар, сөздіктер, поэзия, проза, оқу құралдарын қайтарымсыз кітапханаға сыйға тартты. 


Алғашқы 7 дана әдебиеттен басталған орталықтың қорында бүгінгі таңда 3 мыңға жуық әдебиеттер мен дискілер, журналдар қоры жинақталған. Ұлттық әдебиеттер орталығының қорында өңірдегі 20 ұлт-этностарының әдебиеттері өз ана тілдерінде қойылған: әзербайжан, армян, грек, грузин, еврей, иран, қарақалпақ, кәріс, күрд, қырғыз, неміс, поляк, славян, тәжік, татар, түрік, өзбек, ұйғыр, украин, шешен.


Қор Орталығында жинақталған насихаттау жұмыстарынан басқа Орталық Түркістан облысы мен Шымкент қаласының барлық этномәдени бірлестіктермен тығыз қарым-қатынаста іс-шаралар ұйымдастырып өткізеді.


Ресей Федерациясының Алматыдағы Бас Елшілігінің елшісі, Қазақстандағы Ресей ынтымақтастығы Өкілдігі басшысының орынбасары Переверзева Ирина Владимировна кітапхананың жиі қонағы. Өзінің әр іс-сапарында Ұлттық әдебиеттер орталығының қызметін жоғары бағалап, оқырмандардың пайдалануына Мәскеу және Санк-Петербургтің ең жақсы баспаларынан шыққан әдебиеттерді кітапханаға қайтарымсыз тарту етуде. 


Бұлар - тіл білімі, анықтамалықтар мен сөздіктер, энциклопедиялар, көркем әдебиет саласындағы жаңадан шыққан кітаптар, сондай-ақ, электронды кітаптардың дискілері. Аталмыш әдебиеттер Шымкент қаласының кітап дүкендерінің сөрелерінен табылмайтын басылымдар екенін тілге тиек еткен жөн. Бұл құжаттар әсіресе пән мұғалімдеріне үлкен көмекші құрал ретінде қызмет ете алады.


Ұлттық әдебиеттер орталығы этномәдени орталықтармен бірлесіп бірқатар іс-шаралар ұйымдастырып тұрады: қала саябақтарында ұлттық мерекелерге арналған кітап көрмелері, поэзия кештері, Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностардың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін тереңірек танысуға мүмкіндік беретін әдеби қонақжайлар, сабантой мерекелері.


Тұрақты түрде жоспарға сәйкес этномәдени орталықтармен бірлесіп әдеби апталықтар ұйымдастырылады. Олар - қазақ-өзбек, татар-башқұрт, қазақ-поляк, шешен-ингуш, қазақ-неміс, қазақ-күрді, қазақ-украин әдеби-мәдени апталықтары. Бұл апталықтардың көздеген мақсаты – қазақ әдебиетімен басқа ұлт өкілдерінің әдебиетін байланыстырып, үйлестіре отырып кітапты дәріптеу.


Сонымен қатар, «Жексенбілік мектеп. Воскресная школа» мектептерінде әр ұлт өкілдері өз отбасыларымен келіп ана тіліндегі әдебиеттермен таныса алады.

Кітапханада осы мақсаттың жалғасы ретінде Ұлттық әдебиеттер орталығының негізінде «Отбасылық оқу кітапханасы» жобасын дайындады.


Осылайша отбасы мен кітапхананың қарым-қатынасы арқылы қала тұрғындарының жалпы білім алу және оқу мәдениеті деңгейінің жоғарылауына ықпал етуде, ұлттық этномәдени бірлестіктің басын бір шаңырақ астында тоғыстырып, ұлттар мен ұлыстардың тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуға барынша жағдай жасалып, әдебиеттерді насихаттаудың ауқымды жұмыстары іске асырылуда.


Жобаның авторы, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Зәуре Жүнісбекованың ақпаратына сәйкес, Орталық өткен 5 жыл ішінде бірталай шаруаларды атқарып үлгерген. Алайда алға қойған мақсат-міндеттер одан да көп. Солардың бірі – облыстағы этномәдени қозғалысының белсенділерімен бірлесе отырып Шымкенттегі ұлттық бірлестіктердің тілдеріндегі кітап қорын толықтыру шараларын анықтау және іске асыру.


Сонымен қатар аймақтағы теңдігі мен татулығын, ынтымақтастығы мен ұлттық бірлігіне үлес қоса отырып, Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностардың тарихы мен мәдениетін тереңірек тануға мүмкіндік беретін әдеби-музыкалық қонақжайлар, поэзия кештерін, белгілі ақын-жазушыларға арналған іс-шара­ларды іске асыру болмақ.


Түркістан облысындағы халықтар Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму концепциясына сай облыстағы барлық этномәдени бірлестіктердің өкілдері Ұлттық әдебиеттер орталығына мүше бола алады.


Қазақстанның оңтүстігіндегі көпұлтты мәдени мұраны болашақ ұрпақтар үшін сақтау және дәріптеу, терең түсіну және бағалау, осы тұрғыда Шымкент және облыс жұртшылығына көпшілік шараларын ұйымдастырып өткізу - Орталықтың басты қызметтерінің бірі.


Орталық ұлттық әдебиеттің жарқын тұлғалары мен басқа да әдебиет төңірегіндегі белгілі мамандардың шығармаларын оқып, үйрену үшін баға жетпес құндылық болып табылатын бірегей кітапхананы қалыптастыру; музыка, би, ән өнерінің үздік қорларын; дыбыс жазу студиясының жұмысын ұйымдастыру; ақпараттық-сенсорлық киоскісі қосылған ақпаратық Интернет-кешенін құру; электрондық көрме және басқа мультимедиялық жабдықтары бар көрме-экспозициялық кеңістігін кеңейту жолында қыруар еңбек етуде.


Орталық жұмысына қызығушылық білдіруші қала тұрғындары мен қонақтар кітапханадағы қажетті әдебиеттерді өз еркімен пайдаланып, Орталықтың қызметіне байланысты сұрақтарды облыстық этномәдени қозғалысының белсенділеріне қарастыру үшін ұсынуға, кітапхананың қоғамдық іс-шараларына қатысып, көрмелердің ұйымдастыру жұмыстарына атсалысуға толық құқылары бар.   


Орталықта өтетін барлық іс-шаралар жұмыс жоспарына сәйкес тегін және ақысыз, ерікті түрде кітапхана аумағында өтеді.


120 жылдық тарихы бар Түркістан өңіріндегі Александр Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының тарихында Ұлттық әдебиеттер орталығының қызмет етуі кітапхананың мақтанатын жетістігінің бірі екендігі айтпаса да түсінікті. 


Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Бөлісу: