Ұлттық музейде Тараз қаласының көрмесі ашылды

26 Қыркүйек 2016, 10:29

Тарих

Таяуда ҚР Ұлттық музейінде  ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Тарихы терең  Тараздан тағзым»  атты  көрме ашылды.

Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай  жиналған қауымға Тараз қаласының тарихына қатысты біраз мағлұмат айтты:

–  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп айтқан болатын. Көне тарих жайлы жазылған ескі жазбалар мен шежіреші тарихшылардың еңбектерінде Тараз жайлы талай құнды мәліметтер бар. Бұл – біздің халқымыздың тарихы тым көнеден тамыр алатындығының куәсі. Сондықтан да мұндай өлкеде ұлттың рухани-мәдени өмірінен хабар беретін көптеген экспонаттарды табуға болады. Ұлттық музей өңірлердегі музейлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатыр. Біздің «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» деген арнайы жобамыз бар. Сол жоба аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі әртүрлі музейлер келіп, Ұлттық музейде көрмелерін өткізеді. Ол көрмелер Ұлттық музейде 2 ай  тұрады».

Ал, жамбылдық жазушы Елен Әлімжан Тараз музейінде ертедегі қауымдық дәуірдің жәдігерлерінен бастап, сақтардың, ғұндардың, түрік қағанатының экспонаттары мен күні бүгінге дейінгі мұралардың бәрі бар екендігін айтты.

Бұл көрмеде әлемдік маңызы бар бірегей жәдігерлер мен артефактілер ұсынылған. Бұлар – Тараз қаласында әр жылдары қазба жұмыстары нәтижесінде кезде табылған Жетітөбе обасының алтын бұйымдары (2012 ж), Айша бибі кесенесінің кірпіштері, қоладан, қыштан жасалған археологиялық заттар.

Сонымен қатар, музей қазақ хандығының қалыптасуы кезеңіндегі әскери қару-жарақтарын ұсынады. Бұдан бөлек, көрмеге Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің, терроризмге қарсы күресте жанқиярлық ерлік көрсеткен жамбылдық полиция қызметкері Ғазиз Байтасов, III дәрежелі «Айбын» орденінің иегерлері Полат Аянқұлов және Жаксыбек Бексейітовтің жеке заттары мен құжаттары қойылған.


Суреттер ҚР Ұлттық музейінен алынды 

 

Бөлісу: