Ұлттық банк төлем карточкаларының жаңа жүйесін іске қосты

30 Маусым 2022, 20:44 1554

Бұл жүйе төлем карточкалары арқылы жасалатын банкаралық транзакцияларды өңдеуге арналған

Ұлттық банк төлем карточкалары жүйесін кеңейтуде, деп хабарлайды El.kz банкке сілтеме жасап.

Ұлттық банк төлем карточкаларының банкаралық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға қосқанын хабарлайды. Бұл жүйе Қазақстан аумағында төлем карточкалары арқылы жасалатын банкаралық транзакцияларды өңдеуге арналған.

«Бұл төлем карточкалары нарығының қауіпсіздігін және үздіксіз жұмыс істеуін, қазақстандық банктер үшін ішкі есеп айырысулардың кепілдігін қамтамасыз етеді. Жүйені әзірлеу Visa, Mastercard және UnionPay халықаралық төлем жүйелерімен және төлем карточкаларының нарығына қатысушы банктермен өзара тығыз байланыста жүзеге асырылды. Карточкалардың банкараралық жүйесін құру аясында жергілікті карточкалық инфрақұрылым жасалып, тиісті нормативтік құқықтық база қалыптастырылды. Сонымен бірге қазақстандық банктер эмиссиялаған төлем карточкалары бойынша жергілікті операцияларды өңдеуді ұйымдастыру бойынша халықаралық төлем жүйелерімен келісімдер жасалды», - делінген Банктің хабарламасында.

Қазіргі уақытта банкаралық жүйеге төлем карточкаларымен қызмет көрсететін банктер қосылған. Банктердің жергілікті карточкалық транзакцияларының трафигін аудару, оның ішінде банк жүйелерін бейімдеу және халықаралық төлем жүйелерімен өзара іс-қимыл процестерін қайта баптау бойынша қажетті жұмыстар жүргізілді.

Бөлісу: