Ұлттық өнерді дәріптеу – ұлттың ұлы мұраты

30 Қараша 2020, 16:09 7555

«Дарынды» алған жыршы қыз Күнсұлу Түрікпенмен сұхбат

Жақында 2020 жылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері анықталды. Бұл сыйлық жастардың қарым-қабілетін арттыруға, олардың жұмысына баға беруге, одан әрі шығармашылық қабілеттерінің шыңдалуына тигізер әсері зор. Түрлі саладағы жастар жыл сайын осы марапат биігінен көрініп, мемлекеттік сыйлықтың алғашқы баспалдағына қадам басады. Солардың бірі, бүгінгі кейіпкеріміз – кәсіби жыршы, халықаралық жыршылар байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы, халықаралық «Мен қазақпын» мега жобасының 2018 жылғы гран-при иегері Күнсұлу Түрікпен. Кейіпкеріміз биыл «Халық шығармашылығы» номинациясы бойынша «Дарын» сыйлығын иеленді.


Өнерпаз халықтың ақ батасымен, ықылас-құрметімен өсіп өнеді. Он бір жасынан бері халықтың көз алдында өскен өнерпаздың бұл қуанышына бүкіл қазақ елі қоса қуанды. Себебі Күнсұлу сахнаға кеше-бүгін шыққан жоқ, ол талантымен танылған дарын. Әсіресе, туған топырағы Сыр елі бұл мерейлі мезетті жылы қабылдап, бөркін аспанға лақтырды. Осыдан бір жыл бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастар жылын» жариялағанын жақсы білеміз. Содан бері жастарға көрсетіліп жатқан қолдау өз жалғасын тауып келеді. Осы ретте жастар да жетістікке еңбек, білім, қарым-қабілеттің арқасында кенелетініне көз жеткізді деп санайды Күнсұлу Түрікпен.

- Мемлекет тарапынан жасалатын қолдаулар жастардың келешегіне салынған көпір. Үлкен демеу. Бұл сыйлықты алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Алдымен, осы өмірге әкелген ата-анама алғысым шексіз. Өнердің қыры мен сырын тануға көмек білдірген Алмас Алматов, Бидас Рүстембеков, Серік Жақсығұлов, Руслан Ахметов сынды ұстаздарымның еңбегі зор. Сондай-ақ сыйлыққа ұсынып, одан кейінгі жеңісімді Сыр өңіріне жасалған сый ретінде қабылдаған барша ағайынға басымды иіп, алғыс айтамын. Халықтың ақ батасымен, ілтипатымен бақытқа кенеліп жатырмыз. Өнерпаз, ең әуелі, халықтың ортасында бақытты. Өнерді өлтірмейтін, оның шырағын жағатын, бірінші, өнерпаз, одан кейін өміршең болуына жағдай жасайтын – халық.


Талантымен топ жарған өнерпаз

Күнсұлудың өнерге келгеніне он жеті жыл. Оның осы айдындағы алғашқы қадамы, қанатын қақтырған тұңғыш қадымы – VII «Бозторғай» халықаралық балалар шығармашылығы байқауынан басталды. ҚР Еңбек сіңірген әртісі, марқұм Қарагөз Ақдәулетова қалалық іріктеуден бастап жетекшілік жасап, Алматыға дейін апарып, Күнсұлудың өнерін өрге шығаруда бұл талантты жан талай еңбек сіңірген. Сол байқауда кейіпкеріміз «Терме» номинациясы бойынша бас бәйгені иемденеді. Содан бері өнерпаз республикалық, халықаралық өнер байқауларынан топ жарып келеді.

«Мен қазақпын» мегажобасы ұлттық өнерді дәріптеудегі айтулы жоба. Екі маусым ғана жүрсе де, халық жаңа есімдерді таныды. Халық ұлттық өнермен қайта қауышқандай әсерде болды. Қазақтың қаншама ән-жыры жастардың орындауында халыққа ерекше әсер сыйлады. Ұмыт болып кеткен немесе бұрын естімеген ұлттық шығармалар мегажоба аясында жарқырап шықты. Бір ерекшелігі, алыс-жақын шетелдегі қандастарымыздың осы шараға үн қосқандығы, қазақтың ән-жырын нақышына келтіріп орындап, жүректерді елжірегендігі. Жыл сайын сол жобаға қатысуға үш мыңнан аса өтінім келіп түсетін болған. Түрлі іріктеуден өтіп, республикалық байқауға жолдама алғандар ел астанасының төрінде бақтарын сынады. Төрт кезеңнен сүрінбей өткендер өзара сынға түсіп, сол жобаның жеңімпазы атанады. Міне, бұл шыңды да, Күнсұлу 2008 жылы бағындырған болатын. «Мен тұр, сен атайын» деген жүйріктер бәсекелестіктен бөлек, бір-біріне шабыт сыйлаған. Ұлттық өнерді мұра тұтқан өнер иелеріне көрсетілетін құрмет ешқашанда артық етпейді. Күнсұлу осы ретте ұлттық өнерді насихаттайтын жобалар телеарналарда жиірек болса дейді. Себебі жаһандану заманындағы қазіргі буын ұлттық өнерден ажырап қалмау керек деген пікірде.

«Дарында» дараланған жыршы қыз қасиетті Қармақшы ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген. Бала күнінен бері бұл өнер құлағына сіңісті болып өскен. Күнсұлу өмірдегі және өнердегі алғашқы ұстазы ретінде ата-анасын қабылдайды. Себебі әкесі Түрікпен де өнерден алыс емес. Қолына домбыра ұстап, жыр айтатын болған. Үлкен сахналарда өнер көрсетпегенімен, өнердің қадірін түсінген ұғынықты жанды ауыл-аймақ құрметтеген. Жыр деген не, мақам-сазды қалай айту керек, бұның барлығын Күнсұлу әкесінен үйренген. Алғашқы терме орындауды да сол кісі үйретіпті.

Өнер иесі мектеп кезінен бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Дәстүрлі өнер және музыка» кафедрасынан сабақ тыс уақытында білім алған. Сол уақыт кезеңінде Алмас Алматов, Бидас Рүстембеков, Серік Жақсығұлов, Шолпан Бейімбетова, Руслан Ахметов сынды ұстаздары мектептен тыс уақытта, өз тәжірибелерімен бөліскен. Өнерге келуіне, жауапкершілігі мол «Жыр» бағытын таңдауына бағдар берген. Күнсұлу мектеп бітіргеннен кейін де университеттің осы кафедрасына таңдауы түскен. Бакалавр дәрежесін алғаннан соң Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетіне магистратурада білімін жетілдірген. «Көрғұлы» музыкалық эпосы: Жиенбай жырау нұсқасы» тақырыбында магистрлік диссертациясын қорғаған. Қазіргі таңда Күнсұлу «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымында қызмет атқарады. Оған дейін Қызылорда облыстық филармониясында он жылдан аса уақыт еңбек еткен. Өнер иесінің алдағы мақсаты да биік.

- Осындай қолдаудан кейін жаңаша серпінмен жұмысымызды жалғастыратын боламыз. Мүмкіндігіміз жеткенше, осы саланы өркендету жолында еңбек етеміз. Қазіргі таңда ұлттық өнердің ішінде жыр-терме тыңдау мәдениеті, бұл өнердің жастардың арасында насихатталуы сәл бәсеңсіп қалды. Насихат жұмыстарына көп көңіл бөлінуіне жағдай жасасақ деген жұмыс жоспарымыз бар. Бұл жұмыстың басы басталды. Осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай кезең-кезеңімен жалғаса береді, - дейді өнер иесі.

Мақсаты – Жыр орталығын ашу

Бүгінде Күнсұлу домбыра тартуды, жыр-терме айтуды үйрететін авторлық методикамен онлайн курс бастаған. Бір айдың ішінде отызға жуық талапкер үш термеден айтып үйренуде. Осы секілді педагогикалық бағыттағы жұмыстарды жалғастырсақ деген үміті бар. Өнер мен ғылым біртұтас ұғым болғандықтан, бойындағы өнерін енді ғылыми сипатта дамытқысы келеді.

Қазіргі таңда жыр-терме өнерінің насихаты аз деген пікір айтылады. Алайда талап екі тарапқа да ортақ. Орындаушы да, тыңдаушы да бұл жауапкершілікке бей-жай қарамауы тиіс. «Айтушыдан тыңдаушы мықты болсын» деген сөз бар. Соны ескерсек, ұлттық өнерді насихаттап жүрген өнерпаздардың арқалаған жауапкершілігі ауыр екенін сезінеді. Бүгінге дейін өз жалғасын тауып келген өнерді асылдың сынығындай келер ұрпаққа жеткізу – бүгінгі кейіпкеріміздің асыл мұраты. Халықтың арасында насихат жүргізу үшін тау қопаратындай күш керек емес екенін, бар болғаны ұлттық өнерге деген құрмет, махаббат болу керектігін айтады. Халықтың талғамы деген де түсінік бар, алайда бүгінде халықтың ұлттық өзегінен алыстамағаны мәлім. Күнсұлудың бойындағы өнерін өзінен кейінгі өсіп келе жатқан буынға үйретуге, шәкір тәрбиелеуге көзқарасы оң.

- Шәкірт тәрбиелеуге деген көзқарас әрбір өнер иесі үшін үлкен жауапкершілік деп білемін. Шығармашылық орындаушылық бағытпен қалмай, педагогикалық ізденісімізді де шыңдайтын уақыт келіп жетті. Дәуір ауысады. Бізден кейінгі жастардың сахнаға шығатындай реті болғанда, бәрінің орнымен болғаны дұрыс. Жоғарыда айтып өткенімдей, курс бойынша сабақ алғысы келетіндер біршама. Жекеме де жазып жатады. Қолымнан келгенінше, алдыңғы буын ұстаздарымнан үйренген тәжірибеммен бөлісіп келе жатқан жайым бар. Авторлық курс негізінде арнайы Жыр орталығын ашуды мақсат тұтамын. Бұл – келешектің еншісіндегі үлкен іс, - деп Күнсұлу жаңа бетбұрысын да сөз етті.


Сыр өңірі мектебінің саңлағы

Әрбір жыр мектебінің өзіндік ерекшелігі бар. Жырдың отын өшірмей тұрған Қазақстан бойынша Батыс өңірі, Жетісу аймағы және Сыр өңірі. Сыр өңіріндегі жыраулық дәстүр өз алдына үлкен мектеп. Сыр өңірінің ішінде де өзара салалық мектептерге бөлінеді. Бұл өңірдегі басты айырмашылық – жыраулық поэзия. Мақамнан бөлек, өлең жүйесі және өлең құрылымы, аз сөзге көп мағына сыйдыра алатындай жыраулық поэзия. Сыр бойындағы жыраулық дәстүр өте жоғары деңгейде қалыптасқан. Себебі бұл жолдың негізін салған ақын-жыраулардың діни сауаты да жоғары болған. Бір ғана Базар жырау, бір ғана Тұрмағанбет, бір ғана Нартай, бір ғана Кете Жүсіп, бір ғана Омар Шораяқұлы бұл кісілердің барлығы шығармашылық жолында кейінгі ұрпақтың бүкіл өміріне азық болатындай өнегелі өлең қалдырған. Осындай қазынаны бүгінгі күні дәріптеп, ұлттық мұраны сақтап келеп жатқан Күнсұлудай қыздарға құрметіміз қашанда биік болуға тиіс.

Сыр мектебінің тағы бір ерекшелігі – мақам-сазында. Көмей арқылы шығатын дыбыс. Бұл Орталық Азияда тұратын барлық ұлтта бар құбылыс. Хакаста бар, қырғызда бар, қарақалпақ та бар, Алтай халықтарында бар. Көмей-жыр арқылы орындауды Қызылорданың Қармақшы өңірі берік қалыптастырған. Сыр мектебі осынысымен ерекшеленеді. Одан бөлек, Нартай ән мектебі, Нұртуған ақын мектебі деп осылай тарамдарға бөлінеді. Сыр өңіріндегі ақын-жыраулар поэзиясы кәдімді поэзиядан бөлек дүние. Сол себепті ұлттық өнердің жанашыры ретінде ақын-жыраулардың өмір жолы, шығармалары мектеп бағдарламасын енгізуді, мектеп жасындағы балаларға жыр-термені жиі тыңдатып тұрса деген ұсыныс білдіреді. Осы бағытта жұмыстар іргелі жүргізілсе, осы жыраулық өнерімізден қол үзіп қаламыз-ау деген қорқыныш болмайтынын айтады.

- Өзім шығармаларын орындап жүрген барлық ақын-жыраулардың сөзін құндылығы жоғары деп айтар едім. Жоғарыда айтып өткенімдей, бір Тұрмағанбет Ізтілеуовтің шығармалары бір адамның дұрыс жолда өмір сүруіне бағыт беретіндей, жетістігіне негіз болатындай мазмұнды. Негізі қазір адамдар қосымша курс дейді, психологиялық курстар дейді, сондай өмір сүруге икемдейтін жерлерге қатысады. Дұрыс жолда өмір сүруге сеп болатын және адамның рухани күш қуатын арттыратын негізгі білімнің, ақыл-кеңестің барлығы тегін. Олардың барлығы ақын-жырауларымыздың жырында, термесінде, эпостарында тұр. Біз соның тек тетігін тауып, пайдалана алмай жатырмыз. Қазір неге екінің бірі терме тыңдамайды? Себебі ми, ақыл-сана, зерде өте жеңіл ақпараттарды қабылдайды. Осындай ақпараттық соғыс кезеңі жүріп жатыр. Халықтың рухани күш-қуатын әлсірететін дүниелер көп болып кетті. Дұрыс өмір сүргің келсе, жақсы сөз тыңда. Сөзді бойыңа сіңіріп үйрен. Ал мұндай саралы сөздердің барлығы ақын-жыраулардың шығармасында тұр.

Сөзі мен ісі үндескен

Күнсұлу Түрікпен әрбір жырды жан тебіреніспен, ерекше толқыныспен, ұлы махаббатпен орындайды.

Қай кезеңде болмасын, сол ақын-жыраулардың әлеуметтік қызметі өте биік дәрежеде болды. Жыраулар бір кезеңнің өзінде олар ақылшы, би, төрелік еткен, батырлық жасаған, олар шешендікті қатар алып жүрген. Халықтың арасында да рухани-ағартушылық бағытты қалыптастырған. Рухани жауынгерлер болды. Әлеуметтік функциясы қатты өзгермесе де, біз хандық дәуірден өтіп кеттік. Қазіргі жыраулардың бір ғана мақсаты бар. Ол – халықтың рухани күш-қуатын арттыру, рухани негізін қалыптастырып отыру. Сөз мұрасын, сөз өнерін халыққа сол күйінде насихаттап отыруды көздейді. Жыраулардың үні халық арасында естіліп отыруы керек. Күнсұлу жыраулардың қазіргі әлеуметтік қызметі сол орнында, халықтың ішінде осы өнерпаздарға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, халықтық марапаттармен сыйлап отырса дейді. Қалмақияда «Халық жыршысы» деген статус бар, бізде де мемлекеттік деңгейдегі статус керек деген көзқараста.

Күнсұлу өзін жырсыз, өнерсіз бір сәт те елестете алмайды. Жыршы болмаған күннің өзінде өнердің айналасындағы мамандықтың иесі болар едім дейді. Бүгінгі кейіпкеріміз өнердің насихаттаушы, ең алдымен, өнер адамының өзі болуы керектігін алға тартады. Қазіргі әлеуметтік желілердің мол мүмкіндігін пайдалана отырып, насихат жұмыстарын жүйелі жасап отыру керек деген ойда. Бұл жұмысты өзі осыдан бес-алты жыл бұрын бастап кеткен. Facebook әлеуметтік желісінде «Жырау» деген топ ашқан, онда бүгінде 5000-ға жуық өз талғамына сәйкес өзіне ұнаған жырын тыңдай алады.

Күнсұлу Түрікпен жан-жақты болғанды ұнатады. Эстрадалық бағытты да, жыраулық дәстүрден ажырамай қатар алып жүруге қарсы емес. Жақында халыққа ұсынар жаңалығы да бар.

Жыр-терме тұнып тұрған тәрбие бұлағы. Өнер кеніші. Осы ретте Күнсұлудан даналық өсиетке толы бір шумақ жырды айтуын өтіндік.

- Тұрмағанбет атамыздың мынадай сөзі бар. «Данасың дәулетіңе масықпасаң, Жарымсың жар досыңнан қашықтасаң, Сары алтын сабыр түбін сақта таза, Жетерсің мақсатыңа асықпасаң» дейді. Кез келген шаруаның өзегі сабыр екенін айтады. Осындай өнеге, өсиетті оқып отырғанда адам өзін-өзі тоқтатады. Термені түсінетіндей, санасы берік адам болса, әрине. Жыр-терме айтып жүрген және соны тыңдап жүрген адамдар өлшеусіз бай адамдар дер едім, - дейді жыршы.

Міне, бүгінгі кейіпкеріміздің соңғы сөзіне қарап-ақ оның өнерге деген құрметін, өлшеусіз махаббатын көруге болады. «Дарынға» лайық қыздың сөзі де, өзі де орнықты, бір-бірімен үйлесімін тапқан.

(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды)
Назерке Чакирбаева
Бөлісу: