ҰЛТ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ЖАЛАУГЕРІ – ҚАШАҒАН ЖЫРАУ - 3

3 Наурыз 2014, 05:39

Жырдың концовкасындағы қорытынды ой – ақынның өзін де, елін де жұбатып айтқан жолдары «ресми басылымда»:

Жырдың концовкасындағы қорытынды ой – ақынның өзін де, елін де жұбатып айтқан жолдары «ресми басылымда»:

Кейіндегі бозбалалар,

Налымаңыз, шырағым,

Күндердің күні болғанда,

Көк дария көл болса,

Бай мен жарлы тең болса,

Суда – балық, қырда – егін,

Бәле-бәтер жоқ болса,

Диқаншылық көп болса,

Талаптың күші сел болып,

Кетерсіз-дағы ел болып.

Ауызша жырлаудан жазып алынған нұсқада:

Кейіндегі бозбала,

Налымаңыз, шырағым,

Әлі де Құдай оңдаса,

Күндердің күні болғанда,

Көк дария көл болса,

Бай мен жарлы тең болса,

Суда – балық, қырда – елік,

Бәле-бәтер жоқ болса,

Диханшылық көп болса,

Талаптың күші сел болып,

Алладан болып кеңшілік,

Пендеден кетпей кемшілік,

Талабың еткен жөнделіп,

Кетерсіз-дағы ел болып.

Қарайтылып берілген жолдар – Алла атымен байланысты ой оралымдары – «ресми басылымда» жоқ. Сондай-ақ, «суда – балық, қырда – егін» тіркесі  «суда – балық, қырда – елік» түрінде айтылған. Судан балық аулау, қырдан аң аулау, өзеннің бойына егін салу («диханшылық көп болса») – қазақтың үш түрлі күн көріс көзі меңзеліп тұр деп түсінеміз.             Жақында Түркияның Кайсери қаласындағы Ержиес университетінде өткен Азия тілдері мен әдебиеті халықаралық симпозиумына қатысып, «Маңғыстау жыраулары поэтикасындағы «шынайы адам» концептісі» тақырыбында баяндама оқыдық. Үнді, араб, қытай, жапон, корей, иран, түрік т.б. азия елдерінің түкпір-түкпірінен жиналған ғалымдар түрік тілінде оқылған баяндамамызды өз тілдеріндей түсініп, сұрақтар қойып, пікір білдірісті. Әлемдік ағылшын тілімен иық тірестіріп, симпозиумның негізгі тілі болған туыстас түрік тілінің мәртебесіне қызыға да, қызғана да қарап, беделді аудиторияларда кіріспе сөздің деңгейінен әрі аса алмай жүрген өз тіліміздің жайын ойлап қамығып тұрғанымызда, Түркияның Кония қаласындағы Селжүк университетінің профессоры, доктор Әли Темізелдің үзіліс уақытында баяндамамыз үшін алғыс айтып, «қазақтың саны 15 млн емес, қазақтың саны – 800 млн, себебі: барлық түркі жұрты – қазақ!» – деген лебізі мәртебемізді аспандатып тастағандай болды. Түркияның бірнеше жоғары оқу орындарында дәріс оқитын беделді ғалым Ержиес университетінде қазақ филологиясы бөлімін ашуға күш салып жүрген көрінеді. Қазіргі кезде осы оқу орнында бірнеше түрік студент-жастары қазақ тілін үйреніп жүргенін білдік. Әсіресе, түрік тіліне аударылған жыр жолдары түрік бауырларға қатты ұнады.

Қорыта айтқанда, Қашаған Күржіманұлы шығармаларының мәтіндеріндегі «репрессияланған» шумақтардың дені діни-идеологиялық және саяси астары бар жыр жолдары деп батыл айта аламыз. Мұсылман дінінің кісілік қағидаларын насихаттап, үлгі етіп қана қоймай, қазақтың ділі мен дініне қол сұға бастаған саяси-идеологиялық күштердің арамза әрекеттерін әшкерелейтін ақынның жан айқайына құрылған шумақтар «кеңестік цензурадан» өтпейтін болғандықтан, азаматтарымыз амалсыз қысқартуға, өңін өзгертуге мәжбүр болған. Кейбір тұстарда тәуекелге барып, сыналап енгізіп те отырғаны байқалады.

  Кеңестік империя билік еткен 70 жылда қазақ халқының рухани дамуының ұлттық сипаты тоқырау кезеңін басынан өткізді. Әсіресе ұлттық тілдің қолданыс аясының тарылуы, қазақ тілін білмейтін ұрпақтың саяси-қоғамдық аренада басымдыққа ие болуы, қазақ ұлтының болашағына деген сенімсіздіктің етек алуы ұлттың рухани дағдарысқа ұшырауына жеткізді. Бұл дағдарыстың нәтижесінде бабалар танымы мен кейінгі ұрпақ танымының арасындағы байланыс үзілді. Сондықтан жыраулар поэзиясы жас ұрпаққа ақыл-кеңес, өсиет айтудан әріге бармайтын құрғақ дидактика немесе заманы өткен байлар мен батырларды мақтайтын мадақ жырлары ретінде ғана танытылып келді. Дегенмен адам баласының түпкі санасында сақталып қалған, сол адамның өзі де байқай бермейтін оның болмысымен бірге жаратылған ұлттық діл қандай да бір мезгілі туғанда жарып шығары сөзсіз.

Әр жерде жұлым-жұлымы шығып, шашырап қалған жыр үзіктерін қайта жалғап, бағзы қазақтың рухани кеңістігін қазіргімен жалғастыру – XXI ғасырдағы ұрпақтың пешенесіне жазылған тәрізді.  Тәуелсіздік туымыздың астында қалпына келіп, алқалаған әлеуметімен қайта қауышқан, қай заманмен де үндесе алатын, өзектілігі өшпейтін оймен өрілген жақсыдан қалған жәдігер жырдың жаңа ұрпақпен қауышуы мәңгілік болғай!

...басы

Бөлісу: