Ұлт тәрбиелеуші ана жан жақты болуы керек

23 Қыркүйек 2022, 14:44 2647

Мәдениетті отбасы – жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беруден бастау алады

Елдің алға дамуына қоғамдағы отбасы жағдайы мен оның мемлекетке қатынасы әсер етеді. Әр отбасы әлеуметтік элемент ретінде қарастырылып, ана мен баланы қолдау жаңа сатыдағы әлеуметтік саясаттың аса маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр. Сондықтан да бірінші кезекте ана мен болашақ ана өзін толықтай қамқорлықта сезіну үшін бірнеше заңнамалық нормалар бар. Соңғы жартыжылдықта 4,1 мың жұп ажырасқан. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 10,3 пайызға аз, десе де мұнан да төмен көрсеткішке қол жеткізу үшін ерлі-зайыптылармен жұптық жұмыстар жүргізу керек.

Ана мен балаға қолдау жасау халықтың тұрмыс деңгейін көтерудегі ең алғашқы негіздердің бірі. Қазақстанда ананы қорғау, оның ішінде жүктілігі мен бала тууы бойынша демалыстың ұзақтығы және сақтандырылған табыс мөлшеріне байланысты анаға ақшалай төлемақы белгілеу стандарттары өзгеріп жатыр. Бұл мотивация ма, әлде отбасы құндылығын көтерудің бір бөлігі ме?

Аналар үйі немесе ана мен баланы қорғау орталықтарының бар екенін көпшілік біледі. Ал отбасын сақтап қалу және қолдау көрсету орталықтары барынан хабарсыз жандар бар. Ажырасу фактілері төмендегеніне қарасақ, аталмыш қызметтер өз жұмысын лайықты атқарып жатыр деуге тұрарлық. Мысалы, 2021 жылдың 22 қыркүйегінен жұмысын бастаған Тараз қаласының «Анаға тағзым» мемлекеттік мекемесінде 24 адамнан тұратын ұжым 337 әйел адамға қызмет көрсетіп жатыр. 1 жылдық тәжірибе уақытында орталық қандай нәтиже бере алды. Саралап көрейік.

Әлеуметтік дағдыларды дамыту бойынша: Психологиялық қолдау көрсету; құқықтық жәрдем беру; үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмыс; аналардың өз кәсібін ашуға ықпал ету; мұқтаж аналарға арналған үйірме жұмыстарын жүргізу; аз қамтылған отбасылармен тікелей жұмыс бағыттарында жұмыс жасайтын орталық 12 жастан бастап қыз-келіншектерді өз ортасына қабылдайды. Кәмелеттік жасқа толмаған қыздарды түрлі қолөнер мен өнерде қырларын ашып, тұрмыс құрған әйелдерге түрлі көмектер көрсетеді. Мамандардың ойынша, ажырасу фактілері көбінесе «отбасы институты» білімінің аздығынан.


«Ажырасу фактілері қазіргі кезде  өте көп, себебі әйел адам әйел табиғатынан алшақтап қалған кезде, әйелдік рөлін дұрыс атқара алмаған кезде, өзін иманмен тәрбиелей алмаған кезде, баласының ертеңіне үңілмей саяз ойлағанда болады деп ойлаймын. Негізі отбасын сақтап қалу әр әйелдің ойында бар, бірақ оған әйелдерде  отбасы институты  жайлы білімнің аздығынан немесе  өз ұясынан алып шыққан тәрбиесі жетіспей жатады. Бірден қол сілтеушілік дұрыс емес. Мұндай кездерде жұптық сеанстар өткізуге болады. Ал, зорлық- зомбылыққа тап болған әйелдерге бөлек көмек болады . Әйелмен жеке кездесіп, ішкі жан дүниесінен саңлау тауып , ағарту жұмысын жүйелі түрде жүргізу қажет. Ондай жағдай тәжірибемде өте көп»,  - дейді орталық психологы Жанар Дүкенбайқызы.

«Анаға тағзым» орталығында психолог сеансынан 1 айда 15-16 әйел өтеді. Жылдық статистика бойынша, «Жан дауа» психологиялық көмек және кеңес беру кабинеті арқылы 144 әйел-анаға психологтың  жеке кеңесі беріліледі. Заңгер маман 45 әйелдің  сұрақтарына заң шеңберінде жауап беріп, көшпелі, жергілікті жерлерде 13 іс-шаралар өткізілген. Оған қоса Жанар ханым халықтың психолог жайлы стреотип әлі бұрыңғымен қалып қойғанын теріске шығармады.

«Аналарымыз тұрмақ медицинада қызмет жасап жүрген дәрігерлердің өзінде «психологқа барғаннан құдай сақтасын» немесе «психологқа келгенімді ешкім естімесін» деген қате түсінік болады. Психологтың сабақтарынан дәріс алып өз отбасына қайта қосылған аналар аз емес, өздерінен кетіп жатқан олқылықтар туралы, күйеуімен, ата-енесімен қайта тіл табысып, түсінісіп, кешіріп жатқан, баласына көңіл бөлудің маңыздылығын жетік меңгеруге құлшынысы артып, психолог маманының отбасы үшін қажет екеніне көз жеткізген жағдайлар көп. Күннен күнге психолог маманына сұраныс артып келеді, шүкір. Әр тұлғаға  психолог көмегі қажет болмау мүмкін емес, қазіргі уақытта әр отбасының жеке психологы бар болса бұл нұр үстіне нұр болар еді», - дейді ол.

Мекемеде 9 үйірме және бірнеше кеңес беру кабинеттері бар. Барлығына сұраныс жоғары деңгейде.  12 жастан бастап келетін болашақ ана атанар қыздар да өздерін басқа қырларынан танытып, ойларын ашық жеткізуге үйреніседі. Қазіргі заман талабына сай ұлт тәрбиелеушісі «ана» жан-жақты болуы керек. Кішкентайдан бойға сіңірген білім өз жемісін береді. Сондықтан, қыздарымызды сегіз қырлы, бір сырлы қылып жетілдірудеміз дейді үйірме жетекшілері.

«Тігін адамның сана сезімін оятуға мүмкіндік береді. Қолдағы барлық нүктелер жұмыс істеу арқылы, біз ойдың жұмыс істеуін жақсартамыз. Мектепте еңбек пәні төмен дәрежеде өтеді. Арнайы құрылғылар барлығына бірдей беріле бермейді. Тек жастар ғана емес, аналар мен ақ жаулықты апаларымыз да қатысады. Үлкендеріміздің де бізге үйретері көп. Олардың білімдерімен біздің жаңашылықты қосқанда қайталанбас туындылар шығып жатады» - дейді «Бойтұмар» қолөнер үйірмесінің жетекшісі Ақбота Кулибаева.

Түйін. Шаңырақ ұйытқысы ананы барлығы сыйлайтыны сөзсіз. Дегенмен олардың заманға қарай дамуын толықтырып отыратын орталықтардың саны артуы керек. Заң жағынан білім, бизнес бастауға мүмкіндік және көпшілік ортада қысылмау сынды қабілеттерді үлкеннен кішіге және де керісінше қарым қатынасты нығайту дұрыс шешім.

Айым Даниярқызы
Бөлісу: