LRT құрылысының бір бөлігі аяқталды

23 Желтоқсан 2023, 20:29 1282

25 желтоқсаннан бастап Сығанақ көшесінің бойымен, Қабанбай батыр даңғылынан «Арыс» көпіріне дейінгі қозғалыс толығымен қалпына келтіріледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

LRT желісінің жобасын іске асыру шеңберінде Сығанақ көшесінің бойында Сауран мен Ақмешіт көшелерінің қиылыстарында монолитті темірбетон балкаларын орнату жұмыстары аяқталды.

Осыған байланысты, 25 желтоқсаннан бастап Сығанақ көшесінің бойымен, Қабанбай батыр даңғылынан «Арыс» көпіріне дейінгі (оңтүстік жағы) қозғалыс толығымен қалпына келтіріледі. Қозғалыс әкімшілік полиция басқармасымен келісілген Жол қозғалысын ұйымдастыру сызбасына сәйкес жүзеге асырылады, - делінген CTS баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Айта кетейік, эстакаданың құрылыс жұмыстарын жүргізуге байланысты, 25 тамыздан бастап Сығанақ көшесінің бойымен, Қабанбай батыр даңғылынан Түркістан көшесіне дейінгі (оңтүстік жағы) қозғалысқа толығымен, Сығанақ көшесінің бойымен Түркістан көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейінгі учаскеде (солтүстік жағы) ішінара шектеу (екі жолақ) енгізілген болатын.

Қазіргі уақытта аталған учаскеде уақытша конструкцияларды бұзу және учаскені тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Перизат Саденова
Бөлісу: