Ұлттық рухты шыңдаған дикторлар

29 Қыркүйек 2020, 12:21 7279

Қазақ радиосының дикторлары туралы бір дерек

Радиода сөйлеу техникасын меңгеру аса маңызды. Эфирдегі жүргізушінің шеберлігі, шешендігі, сезімталдығы тыңдаушының назарын өзіне аудара білу керек. Мысалы, немістің гуманист философы Фридрих Ницшенің мына бір пікірі бүгінгі күнге дейін өз маңыздылығын жойған жоқ. Ол: «Тілді өте терең түсінетін құдірет бар, ол сөздің өзі емес, ол – үнбояуы, сөйлеу екпіні, модуляциясы, сөздер жиынтығының дыбысталу әуезі, анық дыбысталуы, созылуы және шапшаңдығы, астарын айқындайтын музыкасы, музыканың астарындағы құмарлық, құмарлықтың айтпақ Мені, түйсігі, түсінігі», - деген екен. Осыған байланысты радиожурналистика саласында бағдарламаны естілуімен бағаланады деген түсінік бар. Бұл әрине тегін айтылмаса керек. Өйткені, диктордың оқу шеберлігіне байланысты орташа деген мәтінді аудиторияға жақсы жеткізуге болады, керісінше тәп-тәуір туындыны өз деңгейінде жеткізе алмай қалатын сәттер де кездеседі. Бұдан шығатын қорытынды, эфирден берілетін радио хабардың бастан аяқ тыңдалуы үшін мазмұны жақсы болу аздық етеді. Себебі бірқалыпты оқылған мәтін тыңдаушының логикалық ойлау жүйесін оятқанмен, сезіміне әсерін тигізбейді. Мұндай хабарды тыңдаған аудитория жалығып, шаршайды. Соңында басқа арнаға ауысуға тура келеді. Ең дұрысы бағдарлама мазмұнынан бөлек, эфирге берілу формасы ерекше болу керек. Ондағы дауыс ырғағы, эмоция бәрі-бәрі тыңдарманды жетелеп отыруы қажет.

Дауыстың адам өмірінде алатын орны ерекше. Маңызды деп саналатын ақыл мен ой, сана-сезім, таным, сөйлеу, есту, эмоция осылардың барлығы дауыс арқылды жүзеге асады. Ал, дикция, тыныс, орфоэпия, ауызекі сөйлеудің интонациялық заңдылықтары, осылардың барлығы сөйлеу ерекшелігінің маңызды зандылықтары.

Әр адамның өзіне ғана тән дауысы арқылы оның мінезін, ішкі жан дүниесін, өмірге деген көзқарасын аңғаруға болады. Жер бетіндегі әр адамның дауысы жеке дара, ешкімге ұқсамайды, салыстыра алмаймыз. Тіпті ұқсайды дегенмен де белгілі бір өзгешеліктер бар екені байқалады. Дауыс туралы біз не білеміз?

Күнделікті өмірде қарапайым адамдар дауыс арқылы өзгелерге ықпал ете алады. «Жағымды дауыс тек өнер адамдары мен дикторларда ғана болуы керек», - деген пікір дұрыс емес. Кез келген адам өз дауысына мән беріп, тәрбиелей алады. Бұл дегеніміз кез келгені диктор болуға үміті бар деген сөз емес. Тек жақсы жағына өзгеруге мүмкіндік бар. Жағымды, өз-өзіне сенімді дауыс айналадағы адамдарға әсер етпей қоймайды. Оларға еріксіз ықпал етеді. Мен осыған байланысты қоғамдағы әртүрлі ортада зерттеу тежірибесін жүргізіп көрдім. Сондағы байқағаным, сенімсіз шыққан, жылдам сөйлеп, ойын анық жеткізе алмайтын, дауысында кемшілігі бар адамдарға көрсетілетін құрмет те соған байланысты болады. Ал, ерекше дауыс иелері-не ол табиғаттан берілген Алланың сыйы. Әкенің қаны мен ананың сүті арқылы келеді. Мұндай адамдар бала кезінен әдеби шығармаларға сусындап өссе, дауысын әрі қарай жетілдірсе жақсы нәтиже шығатыны сөзсіз.

Коммунистік партия басқарған кезеңде цензураға көп көңіл бөлінгендіктен, Қазақ радиосында микрофон алдында еркіндік болмайтын. Бұл туралы Қазақ радиосында қырық жылдан артық уақыт диктор болып жұмыс істеген, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Сауық Жақанова былай дейді: «Әрбір сөз, сөйлем, айтылмақ ойдың түп-төркіні, мағынасы мен мазмұны эфирге берілмей тұрып, бірнеше қызметкерлердің тексеруінен өтетін. Олар: кіші редактор, аға редактор, бас редактор, бағдарлама директорының орынбасары, директордың өзі және лито қызметкері болатын. Одан кейін барып, арнаулы жоғарғы білімі бар, конкурстан өткен кезекші дикторға хабардың эфирден өтуіне рұқсат берілді», - деп еске алады. Сол заман тұсында радио мемлекеттік идеологияны жүргізу үшін мықты құрал болды. Қатаң тәртіп болған соң, радионың эфирі таза әуезді, әдемі үнге толы болғаны рас. Дегенмен, таяқтың екі ұшы бар секілді, мұның да пайдалы және зиян тұстары да болды. Пайдалы жағына сараптама жасап көрсек, сөйлеу мәдениеті мен сөйлеу техникасы өте жоғары деңгейге көтерілді. Көркемсөз құдіретінің шыңына шықты деп айтуға толық негіз бар. Эфирден қандай хабар өтсе де, тыңдаушының жүрегінен орын алды. Журналистер мен авторлардың қаламынан шыққан қазақша туындыларды дикторлар тыңдаушыларға асқан шеберлікпен жеткізе білді. Бірақ, сөз басында айтып өткеніміздей, бұл құбылыстың кері тұстары да бар еді. Ол – еркіндік. Диктор хабар жүргізу барысында өз жанынан сөз қосуға құқығы жоқ болатын. Мұндай жағдай жазып сөйлеуге ғана машықтандырып, қазақтың ауызша сөйеу өнеріне кері әсерін тигізе бастады. Ал, бүгінде микорофон алдындағы еркін сөйлейтініміз соншалықты, кейде қазақы ырғақ мақамды, қазақ тілінің құндылықтары мен заңдылықтарын ұмытып, жеңілсөйлеуді әдетке айналдырып, дауыс ырғағымыздан алшақтап, тіпті эфирдің этикасын сақтамайтын кездер де байқалады.

Қазақ радиосының тарихында әуе толқынындағы көркемсөз құдіретін қалыптырған дикторлар өте көп. Олар: Мина Сейітова, Әнуарбек Байжанбаев, Әбдірахман Есімжанов, Қатира Әзімбаева, Мәмбет Сержанов, Мырзабек Қуатбеков, Өмірхан Қалмырзаев, Сауық Жақанова, Зияда Бекетова, Жәлел Асқарова,Ұлжан Сағындықова, Бүркіт Бекмағамбет, Болат Быжыбаев, Сара Омарходжаева, Раиса Аманбаева, Ыдырыс Ноғайбаев, Мұхтар Бақтыгереев, т.б. Олардың көркемсөз оқу шеберлігінің нәтижесінде Қазақ радиосы ұлттың үнжариясы бола білді. Үзбей тыңдады. Рухани танымын арттырды. Жас ұрпақ тәрбие алды. Орта буын ой түйді. Қарт азаматтар тамсанып тыңдады. Оған бірнеше себеп бар. Ең бастысы, дикторлардың дауысы мен мәтінді шебер жеткізе білуінде. Сол арқылы ұлттың рухани болмысына әсер етті.

Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасырдың басында:«Айтылған лебіз ашық мағыналы, түсінуге жеңіл көңілді күдіктендірмейтін болса, тіл анықтылығы дегеніміз сол болады. Лебіз ашық, мағыналы болу үшін айтушы айтатын нәрсесін анық танитын болуы керек. Адам анық танитын нәрсесін анық атайды да, көмескі танитын нәрсесін көмескі, күңгірт атайды», - деп пікір қалдырған. Бұл заңдылық бүгін де өзгерген жоқ. Әлі де өзекті. Болашақта да солай болмақ.

Радио өмірдің сырын радио арқылы жеткізетін ғылымның ғаламат жетістігі. Радио ақпарат құралдарының арасындағы ең жылдам әрі шынай құрал. Оның шынайылығы үнінде. Дауыс арқылы болмысы мен жан дүниесін, көңіл-күйін жаңылмастан дүп басып айтуға болады.

Бір ғасырға жуық тарихы бар Қазақ радиосының қалыптасып дамуына үлкен үлес қосқан, елеулі еңбек жолында радионы тағдырына байлаған дикторлар көп. Өкінішке қарай, олардың еңбек жолын зерделеп, зерттеген зерттеулер жоқ. Олар туралы айта бастаса, тізімде алғаш болып орын алатын, елімізде дикторлық мектепті қалыптастырған, қазақтың тұңғыш дикторы – Мина Сейітова. Ол Қазақ радиосына он бес жасында келіп, кырық төрт жыл жұмыс атқарған. Алғашқы еңбек жолын қазақ халқының басына қиын күн туған 1930 жылдың соңына қарай бастаған. Сол заман тұсында байқап сөйлемесе, өз сөзі өзіне оқ болып қадалуы мүмкін алмағайып заман болатын. Эфирден берілетін саяси ақпараттар қатаң қадағаланатын. Радионың енді қалыптасқан кезде, техниканың мүмкіндігіне байланысты алдын ала таспаға жазып алу деген жоқ болатын. Келген ақпараттың дер кезінде халыққа тікелей эфирде оқып беру міндетті болды. Мүлт кеткенді кешірмейді. Қазақ даласына радио деген ұғым алғаш енген уақытта «мен шешенмін» деген айтулы азаматтардың өзі әуе толқынынан сөйлеуге жүректері дауаламайтын. Сол уақытта Мина Сейітова радиоға алғаш диктор болып жұмыс атқарды. Бұған дейін диктор деген мамандықтың өзі қалыптаспаған тұста жас маманға жүктелген жауапкершіліктің салмағы ауыр еді. Кейіннен соғыс жылдары басталып, Мәскеуде майдан алаңындағы жаңалықтарды Юрий Левитан халыққа жеткізсе, қазақ даласына Мина Сейітова хабарлап отырды. Қазақтың тұңғыш дикторы жайлы алтын қорда сақталған Жанар Оразымбетқызының «Сәуле ғұмыр» хабарында дауысынан ел таныған, Қазақ радиосының ардагер дикторы Сауық Жақанова Мина Сейітова туралы білгенімен бөліскен.Диктордың айтуы бойынша сұрапыл соғыс жылдарында диктордың жасыжиырма екідеболған.Сол жылдары Мәскеудегі киностудия Алматы қаласына көшіріліп, онымен бірге білікті әртістер де келген екен. Микрофоннан сөйлеу техникасын, дауыстың қыр-сырын солардан үйренгенін өз аузынан естіген. Күйеуі соғысқа кеткен тұста шиттей екі баласын құшақтап жалғыз қалады. Мәскеуден келген соғысқа байланысты жедел ақпаратты қазақ тіліне аударып, эфирден беріп отырған. Бір баласын фортепианоның үстіне, екіншісін астына жатқызып қойып, күні-түні соғыс туралы радиоға келген ақпаратты қазақ тіліне аударып, эфирден тыңдаушыға дер кезінде таратып отырған. Бұдан бөлек, соғыстағы жауынгерлердің хаттарын әуе толқыннан оқып отырған. Баспасөз беттеріне майданға қатысты ақпараттың бәрін жариялау мүмкін емес еді. Одан бөлек, шет аймақтарға газетті дер кезінде жеткізу қиындық тудырды. Мұндай жағдайда Қазақ радиосының ақпарат тарату үстемдігі басым болды. Тыңдаушыға маңызды деген ақпарат дер кезінде беріліп отырды. Осы тұста қаршадай қыз қазақ даласына жеткен қайғылы хабарды естіген халқымен бірге жылап, бірге мұңайды. Майдан даласынан қуанышты жаңалықты жарияға жар салып, халқымен бірге қуанды. Қазақ  даласына жеңіске жеткен қуанышты сәтті алғаш хабарлаған да Мина Сейітова болатын.

Мина Сейітова Ахмет Байтұрсынұлының жиен қарындасы болған. Көз көрген тұлғалардың айтуы бойынша бұл құпияны талантты диктор өмірінің соңына дейін жасырып өткен.

Соғыстан кейінгі жылдары Қазақ радиосы партияның мықты идологиялық құралына айналды. Халықты елеулі еңбекке баулыды, қираған шаруа-шылықты қайта жарамды ету жолында радионың атқарған рөлі зор. Радионың әрі қарай даму жолында Мина Сейітова бір топ талантты жастарға өз білгенімен бөлісіп, жас мамандарға бағыт-бағдар көрсете білді. Атап айтар болсақ, соғыс жылдары бір аяғынан жаралы болып келген Әнуарбек Байжанбаевтан бастап, барлық дикторларға бағыт-бағдар берген Мина Сейітова еді.

Соғыс жылдары Қазақ радиосының тұңғыш дикторы Мина Сейітовамен бірге Шәкен Айманов та бірге эфир жүргізгенін бірі білсе, бірі білмейді. Атақты өнер майталманы соғыс жылдары қосымша радиода қызмет атқарған. Бір күні Шәкен Айманов Әнуарбек Байжанбаевқа өзінің орнына хабар жүргізуін өтінеді. Сол күннен батап, Әнуар Байжанбаевтың дауысында өзінше бояу бар екенін аңғарған Шәкен Айманов жас маманға үлкен баға береді.Мина Сейітқызы 1943 жылдан бастап радионың аға дикторы болып қызмет атқарды. Бұған дейін хабарландыруларды оқып жүрген Әнуарбек Байжанбаевтүрлі жанрдағы хабарларды жүргізетін дикторлық қызметке алынды. Байжанбаев өмірінің соңына дейін Мина Сейітованы ерекше құрметтеген. Сыйлағандығы соншалықты «жеңгей» деп атаған.

Ал Қазақ радиосының бүгінгі ардагері Аманжан Еңсебайұлы: «Өте қарапайым жан еді. Ол кісі Қазақ радиосының «Тұңғыш пионер дикторы», «Кіндік анасы» деп айтуға да болады. Ол кісінің алдында радионың дауылпаз дикторы Әнуарбек Байжанбаев «ұстазым» деп ерекше құрмет көрсететін. Өйткені, соғыстан жаралы болып келген дикторды Мина Сейітова бар білгенімен бөлісіп, әуе толқыннан сөйлеуге дайындаған болатын. 1973 жылы Әнуарбек ағамыз «Халық әртісі» атағын алғанда ұстазыныңқұтты болсын айтып, оның маңдайынан сүйгені әлі күнге дейін көз алдымда», – деп ұстазының болмысын еске алады. Ұстазының ұмытылмас сабақтары ардагер диктордың әлі жадында: «Көркемсөз оқудың қас шеберлері Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Хадиша Бөкеева, Зәмзәгүл Шәріпова сынды суреткерлермен өткен күндерін бізге айтып отырғанда бізге ертегі сияқты естілуші еді. Ең алғаш жұмысқа орналасқанымда мені де бауырына тартты. Көп қамқорлық көрсетіп еді. Әр алуан тақырыптарды оқығанда қолыңдағы мәтіннің мазмұнын түсініп оқыңдар. Әнуарбек Байжанбаевтың, Мырзабек Қуатбековтың, Зәмзәгүл Шәріпованың оқыған хабарларын тыңдап жүріңдер, дауыс ырғағына құлақ түріңдер, концерт жүргізгенде көңіл-күйге ерекше мән беріңдер! Диктор болу екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Сондықтан, оны қадірлей біліңдер! Көрем шығармаларды көп оқыңдар, жан-жақты болыңдар, жігітке жеті өнер де аз деп неге айтты дейсің? Қолдарыңнан қалам түспесін, түртіп, жазып жүріңдер. Осының бәрі өзіңді шыңдау үшін керек», - деп айтып отырады екен.

Мина Сейітованың кәсіби дикторлықтан бөлек, ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары болған. Мінезіндегі мейірімділікпен қоса, талапшылдығы, айтқан ойынан қайтпайтындығы, алдына қайған мақсатқа жетуге деген ұмтылысыізін басып келе жатқан жас мамандарға үлгі болатын. Телерадио комитетіндегі басшылық Мина Сейітованы қатты құрметтейтін. Ол кісі де сәйкесінше кез келгенінің көңілін таба білетін болған.

Көзкөргендердің айтуы бойынша іс-қимылы шапшаң, бойы аса ұзын емес, қара торының әдемісі екен. Сөзі өткір, шындықты бетке айтатын диктор болған.

Мина Сейітова Әнуар Байжанбаевтан басқа да көптеген жас дикторларға ұстаз бола білді. Олар: Қатира Әзімбаева, Шәрипа Бейсекеева, Мырзабек Қуатбеков, Мәмбет Сержанов, Омархан Қалмырзаев, Мырзабек Қуатбеков, Асыл Рақымжанова, Жәнел Асқарова, Мұқағали Мақатаев, Сауық Жақанова, Зияда Бекетова, Аманжан Еңсебаев т.б. дарынын танып, талантын бағалап, жұмысқа алған екен.

Жас мамандарға радионың қыр-сырын үйретіп, әсіресе көркемсөз оқу шеберлігін шыңдау үшін дикторларға микорфон алдында қалай дұрыс отырудан бастап, ауыздан шыққан сөздің қадір-қасиеті мен сөйлеу техникасының заңдылықтарын оқытқан.

Қазақ дикторларының ішінде Әнуарбек Байжанбаевтың орны ерекше. Дарынды дикторға «Қазақтың Ливитаны» деп баға берген. Ливитанның сөйлеу мәнерін, дауысын құрметттей отыра, мен Әнуарбек Байжанбаевты ешкімге ұқсамайтын, дарын иесі дер едім. Өйткені, ол радиожурналистикадағы кез келген жанрды меңгере білген. Табиғи болмысы шынайы дауылпаз дауыс иесінің қазақ көркемсөз өнеріне үлкен із қалдырды.

Әнуарбек Байжанбаев 1943 жылдан бастап Қазақ радиосында диктор болып қызмет жасаған. Табиғи дарын иесі. Оны мұндай биікке көтерген анасының әлдилеген бесік жыры мен қисса-дастандар, батырлар жыры мен аңыз әңгімелер екені даусыз.  Олар халқымыздың сан ғасырлық тарихы бар асыл маржандарын көңілдеріне түйіп өскен. Сол арқылы тіл және сөйлеу мәдениетін қалыптастырды. Оның дауысы – табиғаттың берген сыйы. Ол әкенің қанымен, ананың сүтімен келді.

Әнуарбектің әкесі Нығметжан Абай Құнанбаевпен жақын араласқан жолдас досы болған. Өзі өлең сөзге жақын, шешен адам екен. Ал анасы әнге құмар, күміс көмейлі әнші еді. Осындай ата-анадан тәрбие алған бала Әнуарбек жастайынан қазақ халқының шешендік сөздерін, қисса-дастандарын жаттап өскен. Абай Құнанбаевтың ауылдасы болғандықтан ақынның өлеңдерімен сусындап ер жеткен. Бала кезінен көпшіл болған. Ол үшінші сынып оқып жүрген кезінде-ақ «ауыл баласы» атанған. Себебі, ауыл арасында қисса-жыр оқудың шебері еді. Белгілі қазақ жазушысы Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» әңгімесінен және тағы да басқа өзі оқыған шығармаларды ауылдастарына мәнерлеп, күлетін жерінде күліп, жылайтын жерінде жылап, рөлге кіріп баяндап беретін. Мысалы, «Шұғаның белгісі» шығармасындағы автордың қызды суреттегендей етіп жеткізетін. Мұны тыңдаған үлкен кісілер қайта-қайта оқытқызған. Шығармада ән айтатын жері болса өзі сол әнді орындап беретін. Тыңдаушы қауым бала Әнуарбекке ризашылыған білдіретін. Осылай көпшіліктің алдында еркін ұстап, ойын анық, нақты жеткізіп үйренген бала Әнуарбек өзге балалардан дара болып өскен.

Әнуарбек Байжанбаевтың өмір жолы туралы С. Ақтаевтың «Дауылпаз дауыс» атты еңбегінде мынадай оқиға баяндалады:«Бірде ұлы ақын Абай туған Шыңғыс таудың бөктеріндегі ауылда той-думан уақыты. Көктем келіп, қытымыр қыстан аман шыққан ауыл аймақ жыл басы Наурыз тойын думандатқан кез. Оның үстіне тағы бір қуаныш Әнуарбектің жақсы көретін нағашысы Бөрібай келін түсіріп, той жасап жатты. Алыстағы ауылдардан ат шаптырып, күйші-жыршылар жас отауға жыр шашуларын арнап, ауыл арқа-жарқа болып жатқан сәт. Сол өнерпаздардың арасында бір естігенін әсте ұмытпайтын, домбырада тартылған өлең-жырды бірден қағып алатын, жасы кәрі болса да, әрі ешкімге дес бермейтін, дүйім жұртты аузына қаратқан Гүлсара кемпір өнер көрсеткенде бала Әнуарбек былай дейді:

- Халық жырын әуелете айтуға дем жетпейді, байғұстың тісі де кетік, шырайлы сөздің соңын жеп қояды. Оның бәрін әдемі сөзбен айтуға болады ғой...

Он жасар баланың аузынан осындай сөз естіген қарт жырау шамданып, ренішін білдіреді. Бұрын соңды мұндай жағдай орын алмағандықтан дүйім жұрт «Қария, бала ғой, ол бала! Баланың сөзінелеп қайтесіз» деп басу айтып жатты. Бірақ, бұл сөздер өнерпаздың көңіліне медеу бола алмады. Мұны сезген төрде отырған ақсақал:

-  Нығметжанның баласы оны балалықпен айтып тұрған жоқ. Бала сөзінің жаны бар. Шындықты айтып тұр. Алайда, табиғатынан сөзді анық айта алмағанымен, дауысы жағымды, тыңдаушы құлағының құрышын қандыратыны рас емес пе?

Аталы сөзге тоқтаған халықта тыныштық орнады. Қария сөзін әрі қарай жалғастырды.

- Кішкентай болса да Байжанбайдың баласы сол жырдың мөлдірлігін, тазалығын қалап тұр. Оған кінәлісін деп айту тағы кінә. Түбі осы баладан өнерпаз шығады. Алдыңғы жолы Қобыланды батыр жырын жатқа мәнерлеп оқып берді емес пе?!

Жұрт сыйлаған қарттың сөздері Әнуарбекке медеу болды. Жүзіне қан жүгіріп, әділ бағасын алғанына риза болды. Осыдан кейін Гүлсара жыршы балаға оң қабақ танытып, анасы Фатиханы кездестірген cәтте: «Сенің ұлы өз қатарынан ерте есейген бала. Мен бірдеме білсем, осы ұлың әлі-ақ кемел жігіт болады. Өзің әншісің, әкесі – ақын. Аузына өзім түкіріп берейінші, маған тартып ел әншісі, халық жыршысы болсын», - деп жылы шырай танытқан екен.

Міне, осы оқиғадан Әнуарбек бала кезінен-ақ сөз қадірін біліп өскендігін байқауға болады. Оның ауыздан шыққан әр дыбысқа мән беріп, оны орын-орнымен қолдану керектігін жас бала зерделей білген, түсінген.

Дауылпаз диктор отбасы жағдайына байланысты еңбекке ерте араласты. Үйінің жанындағы баспаханада хат тасушы болып жұмыс істеді. Баспадан шыққан өлең, әңгіме жинақтарды оқуға үлкен мүмкіндік болды. Тағы бір артықшылығы, болашақ дикторға мықты шығармашылық ортамен араласуға мүмкіндік туды. Әнуарбек Байжанбаев баспахана жұмыстарымен жүріп, халықтың сүйікті азаматы Сәкен Сейфуллинмен араласты. Ол кісі де дауысының ерекшелігін байқаған.

Әнуарбек Байжанбаев соғысқа шақырылып, 1943 жылы аяғын жараланып, елге қайтады. Күн көрістің қамымен жүргенде, бұрын баспада бірге жұмыс атқарған, ағасындай жақын болған Омарғазы Оспановты кездестіреді. Байжанбаевтың талантын білетін ағасы Қазақ радиосына жұмысқа шақырады. Ол кезде Омарғазы Оспанов Республикалық радио комитетінің басшысы қызметін атқаратын. Міне, осылай ерекше дауыс иесінің радиодағы қызметі басталады.

Әнуарбек Байжанбаев алғашында радиодан хабарландыруларды оқудан бастаған. Кейіннен радионың дикторы, аға дикторы қызметтерін атқарды. Қазақ радиосының әуе толқынынан республикада болып жатқан түрлі жаңалықтарды, саяси хабарларды, әдеби-музыкалық бағдарламаларды миллиондаған тыңдау-шыға ерекше дауысымен елу жылға жуық жұмыс істейді.

Қазақтың белгілі жазушысы Сәбит Мұқанов: «Әнуарбек оқыса солғын шығарманың өзі торғын жібектей құлпырады» деп баға берсе, талантты ақын Тайыр Жароков: «Әнуарбек ініме өте ризамын, өлең оқығанда айызыңды қандырып, елді сілтідей тындырады», - деп шынайы баға беріп, талантына тәнті болған екен. Дауылпаз дауыс иесі көзінің тірісінде өзіне лайықты құрмет пен қошеметтен кенде болған жоқ. Көркемсөз құдіретін түсінетін қазақтың талантты тұлғалары диктордың өнеріне берер бағасын аяған жоқ. Солардың бірі қазақтың қаһарман жазушысы Бауыржан Момышұлы болатын. Ол бірде өзінің жазған мақаласын радиодан оқып беруді ұсынады. Әнуарбек Байжанбаев Баукеңің әдеби дүниені құлпырта оқитынын білгендіктен берілген тапсырмаға мұқият дайындалып, батыр ағасының сенімінен шығу үшін біраз тер төгеді. Мақаланың радиодан берілгеннен кейін Баукең хабарласып: «Жарайсың, Әнуарбек! Өз дүниеме өзімнің сай-сүйегім сырқырап кетті. Көп рахмет!», - деп ризашылық танытқан екен.

Әнуарбек Байжанбаев қимыл-әрекетсіз, еш әрлеусіз-ақ, көркемсөз оқу шеберлігі арқылы тыңдаушының қиялына ерік беретін. Ол кісі оқыған мәтінге жан бітетін. Ізінен ерген басқа дикторлардан талап қоятын, олар соған тырысатын.

Бүгінде қазақ халқының рухани құндылықтарын көркемсөз құдіреті арқылы шыңдағаны үшін халықтың әлі жүрегінде. Қазір ол тұрған үйдің сыртына мемориалдық тақта орнатылған. 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.

Бүгінгі таңда Қазақ радиосының алтын қорында Сауық Жақанова мен Әнарбек Байжанбаевтың дауысымен сақталған мыңдаған хабар бар. Бұл болашақ ұрпақ үшін теңдесіз рухани азық деуге толық негіз бар. 

Қазақ радиосының тарихында өзіндік орны бар диктор, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткері Хатира Әзімбаева. Ол 1922 жылы Семей облысы Абай ауданында дүниеге келген. Шыққан тегі Тобықты елінің Ырғызбай руынан тарайды. Абай Құнанбайұлының ұлы Тәкежанның шөбересі. Ол саналы ғұмырын Қазақ радиосына арнады.

Журналистің тер төгіп әзірлеген еңбегінің бояуын жоғалтпай, оған жан беретін – диктор. Осы маңызды міндетті жанына серік еткен талантты жан Қазақ радиосында отыз бес жыл аброймен жұмыс атқарған. Еліміздің тұңғыш әуе толқынының «Алтын қорында» Хатира Әзімбеваның оқыған хабарлары сақталған. Солардың бірі жоғарғы сынып оқушыларына арналған музыкалық хабарын тыңдап көрдім. Отыз жеті минуттық балалар хабары белгілі ком-позитор, дарынды әнші Манарбек Ержановақа арналған екен. Диктордың жа-ғымды дауысы мен көркемсөз оқу шеберлігіндегі тыңдаушыны өзіне жіпсіз байлайды. Мәтіндегі екпін, эмоция, интонация бәрі-бәрі хабарға жан бітіреді. Арасында кейіпкердің өмірінен мысалға алынған диалогтарда  олардың мінез құлқын, табиғатын шебер жеткізеді. 

Талантты диктор өз білгенін өзгелерге үйретуден жалықпаған. Қазақ радиосында дыбыс режиссері болып бірге қызмет атқарып, көзкөрген сіңілісі Фарихан Атқанова: «Қазақ радиосының алғашқы дикторларының бірі Хатира Әзімбаева, Мина Сейітова, Әнуарбек Байжанбаев сияқты радионың алғашқы хабарларын халыққа жеткізген. Ол кісінің артынан ерген шәкірттері өте көп. Олар: Бақытжамал Ерманова, Сауық Жақанова, Раиса Аманбаева, Гүлжан Қайыржанова т.б.», - деп атап өтті.

Ал, Хатира Әзімбеваның жеке өміріне келер болсақ, диктордың жиен келіні Шәкен Сиқымбаева: «Табиғаты шынайылықты сүйетін, айтар ойы анық, мінезі тура адам болатын. Құдай қосқан жары еліміздің халық әртісі Серғали Әбжанов екеуі өзгеге үлгі боларлық отбасы болатын», - деп еске алады.


Қазақ радиосының тарихында ерекше із қалдырған тағы бір диктор – Сауық Жақанова. Радио табалдырығын он жеті жасында аттап, жарты ғасырға жуық еңбек сіңірген.

Сауық Жақанова мектепте оқып жүрген кезінен-ақ өнерге жаны жақын болып өскен. Білім ошағында ұйымдастырылған сахналық қойылымдарға қатысып, кештердің жүргізушісі болған. Кейінен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Жас өнерпаз ол жерде де микрофонға жақын болды. Кештерді жүргізді, көркемсөз оқу шеберлігін шыңдай түсті. Сол жылдары Қазақ радиосында дикторлыққа байқау жарияланып, жас маман бағын сынап көруге бел буады. Байқау комиссиясында Мина Сейітова, Мәмбет Сержанов, Қатира Әзімбаева сияқты дауысынан ел таныған дикторлар қабылдаған. Дауысы жіңішке жас маманның үнінен ерекшелікті байқаған дикторлар, жұмысқа қабылдайды. Дикторлық қызметтегі алғашқы ұстазы Асыл Рахымжанова Сауық Жақановаға әуе толқындағы көркемсөз оқудың қыр-сырын үйретеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ радиосының белгілі дикторы, Шолпан Байғабылқызының Сауық Жақанова туралы: «Сауық табиғаты нәзік, болмысы шынайы жан. Ол – ерекше дарын иесі. Не оқыса да оған біткен дарын, бақ. Сол кейіпкердің жан дүниесін жеткізе біледі. Оның бар сиқыры үнінде, сөзінде, жан дүниесімен үйлестіруінде деп ойлаймын. Оны қазақ өнеріндегі ерекше тұлға дер едім. «Диктормын, актермын», - деп кейде біздің бойымызда жетпей жататын дүние Сауықтың бойынан табылады. Ол тек микрофон деген жан досына, сырласына, мұңдасына әсем үнімен нәр беріп жүрген тыңдарман қауымына ғана көсіле, шешіле, бар жан-тәнімен, емін-еркін сырласады. Сауық мен үшін қазақтың шетсіз, шексіз кең даласында тоқтамай, шаршамай, шалдықпай шауып бара жатқан көрікті ақбоз ат. Көркіне көз тоймайтын сұлулығына шабысы да, дүбірде сай кеп тұрған сұлулық иесі деп білемін. Тек көре білу қиын. Өзін көрмей тұрса да, көргісі келмейтін, бірақ, әдемі шабысымен еріксіз мойындататын күш иесі. Мойындамаса шарасы жоқ. Мойындайын десе тұншықтыра түсетін күш иесі – тағы да біздің Сауық. Иә, біздің Сауық осындай жан. Сауық жұмбақ, сыры әлі ашыла қоймаған ерекше жан иесі», - деп баға берген.

Қазақ радиосының тарихындағы шоқтығы биік тағы бір дикторы Мәмбет Сержанов. Ол 1929 жылы Орал қаласығы Орда ауданында дүниеге келген. Ол мектепті Тараз қаласында оқып, 1952-1956 жылдар аралығында Алматы қаласындағы қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінде ағылшын тілінің мамандығы бойынша білім алған.

Мәмбет Сержановтың оқыған хабарлары тыңдаушыға әсер етпей қоймайтын. Талантты диктор туралы шәкірті Болат Ажыбаев былай деп еске алады: «Мәмбет Сержанов ақкөңіл адам еді. Қаталдық танытатын кездер болса, орнымен сыбап алатын. Оны біз жастарға деген жанашырлығы деп қабылдайтынбыз. Өйткені, шындықты бетке айтып, түзейтін жері болса, ескертіп айтып отыратын. Әрқашан бізіді сауатты оқуға тәрбелейтін. Қайда жүрсе де әуе толқыннан жастардың хабарын тыңдап жүретін, мейлі демалыста жүрсін, үйінде болсын екі құлағы бізге түрулі болатын. Егер эфирде қателік болған жағдайда, хабар біте сала, дереу қоңырау шалатын. Қате жерді дер кезінде түзеп отыратын. Біз екінші мәрте қайталамауға тыры-сатынбыз. Мен көзкөрген азаматтардың ішінде Мәмбет Сержанов секілді ра-диоға жан-тәнімен берілген азаматтар кемде-кем. Олай дейтін себебім, ол кісі еңбек демалысында немесе басқа да радиодан тыс жерде өзге алыс аймақтарда жүрсе де, эфирде орын алған артықшылықтар мен кемшіліктер байқала қалса, бірден қоңырау шалып, асқан жауапкершілікпен, мұқият қадағалап отыратын.

Мәмбет Сержанов дикторлық қызметінен басқа, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын. Радионың спорт сексиясы, футбол, шахмат пен волейболдан жарыстар ұйымдастырып, өткізетін.

Талантты диктордың жары да Қазақ радиосында қызметін атқарған. Ол белгілі диктор Зияда Бекетова болатын. Радионың алтын қорында сақталған «Радио дәурен» хабарында «Мәкең мамандығын отбасынан да артық жақсы көрді. Оны сол уақытта радиода қызмет жасаған азаматтардың бәрі білетін. Он бес жасында радионың табалдырығын аттап, елу жылдай аянбай еңбек етті. Ол оқыған алғашқы мамандығы ағылшын тілі пәнінің ұстазы болғандықтан, Қазақ радиосына ағылшын тілінде келген шетелдік ақпараттарды өзі аударатын», - деп еске алады.

Қазақ радиосының өткен тарихындағы дауысынан ел таныған дикторларды өз көзімен көріп, қызметтес болған, бүгінде Қазақ радиосының ардагер дикторы Аманжан Еңсебайұлы: «Радиода басшылық қызмет атқарған жылдары қол астындағы дикторларға қойылатын жұмыс талабымен қатар әр қызметкердің жан дүниесінің ішкі сырын ұғына білді. Ол кісі басшылық қызме-тінде өмір болған соң неше түрлі жағдайлар болды. Кезекті эфирге ауырып немесе басқа да жағдайлармен келе алмаса, орнын басқа диктормен ауыстырып, бір рет болса да анықтама немесе еңбекке жарамсыздығы жөнінде құжат сұратқан емес», - деп, Мәмбет Сержановты мейірімді басшы ретінде есте алады.

Қазақ радиосындағы Мина Сейітова, Әнуарбек Байжанбаев, Мұқағали Мақатаев, Қатира Әзімбаева сына тұлғалармен қызметтес болған алтын дауысты диктор – Аманжан Еңсебайұлы зейнет жасына шықса да, әлі күнге дейін Қазақ радиосында қызмет атқарып келеді. Себебі, ол кісінің дауысы Қазақ радиосындағы бағдарламаларға жан бітіреді.

Алматы облысына қарасты Алакөл ауданы, Төңкеріс ауылында туып өскен Аманжан Еңсебайұлы мактеп бітірген соң, мал дәрігері мамандына оқуға түседі. Оқу бітіріп, мамандығы бойынша Үйгентас деген бөлімшеде еңбек жолын бастайды. Кейіннен әскерге шақырту алып, Отан алдындағы борышан өтеуге аттанады. Бала кезінен әдебиетке жақын, жазуға икемі бар жас жігіт әскерден келген соң Қазақ радиосында байқау болатынын естіп, бағын сынап көргісі келеді. Еліміздің әр өңірінен жиналған жастар арасынан нарынқолдық Бақытжан Атагелдиев пен Аманжан Еңсебайұлы байқаудан өтеді. Осылай қоңыр үнді диктордың Қазақ радиосындағы еңбек жолы басталады.

Қазақ радиосының табалдырығын 1973 жылы аттаған диктор қырық алты жыл бойы диктор, аға диктор қызметін атқарған. Бүгінде зейнет жасынан асса да, басшылықтың сұранысы бойынша, әлі күнге дейін қоңыр үнімен тыңдаушының танымын арттырып келеді.

Соңғы жылдары Қазақ радиосының әуе толқыны арқылы тыңдаушыға ұсынылған сексеннен астам әдеби шығармалардың аудио нұсқасын Аманжан Еңсебайұлы оқған. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын радионың директоры болған Мақат Садықтың жетекшілігімен 2012 жылы төрт айда дайындалып, эфирге алты ай көлемінде отыз минуттан берілген. Бұдан бөлек, Абай Құнанбаевтың қара сөздері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жылдар мен ойлар», «Ой бөлістім халқыммен», «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітаптары,Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя»повесі, Қалихан Ысқақтың «Келмес күндер елесі» романы, Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние»атты ой-толғаныс кітабы мен тағы да басқа тыңдарманның танымын арттыратын туындылар оқыды.

Қазақ радиосының майталман дикторларының ізін басып келе жатқан бүгінгі дара дауыс иесі – Мұхаммедәлі Болатұлы. Радиодағы еңбек жолын 2010 жылы жаңалықтар қызметіне бастаған редактор-жүргізуші радио-журналистиканың кез келген жанрындағы хабарына жан бітіреді. Оның қоңыр үні дауылпаз дауы иесі Әнуарбек Байжанбаевқа ұқсатады. Бүгінгі радио қызметкері хабарды өзі эфирге әзірлеп, өзі оқитын болғандықтан, жас дик-торларға қойылатын талап та өзгеше. Диктор: «Қазақ радиосында қызметкері болу тыңдаушының танымы аясында ету, сәйкесінше атқарған жұмыстың «жалақылық» өлшемнен жоғары болу керек. Бүгінгі эфир жүргізушісіне басты қойылатын талап: жүргізіуші-редактордың үні мен білімі. Егер редактордың өте білімді болса, мәтінін дауысы жақсы адамға оқытқаны абзал. Себебі айтылатын ой мен дауыс бірін-бірі толықтырып тұрады», - дейді.

2016 жылы Мәскеу қаласында өткен кеңестік информбюроның 75 жылдығына орай «Ливетан сияқты сөйлейміз» атты байқау өткен. 109 радио-жүргізуші қатысқан аламанда Мұхамедәлі Болатұлы арнайы дипломмен ма-рапатталды.

Болашақта диктор боламын деген жас маман үшін қазақ дикторларының тәжірбиесі мен көркемсөз оқу техникасын зерттеу, оны қолданысқа пайдалану аса қажет. Қазіргі жаһандану заманында қазақи мақамда сөйлеу мәнерін сақтап қалу, оны болашақ ұрпаққа қалдыру біздің азаматтық борышымыз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Назерке Чакирбаева
Бөлісу: