Әліпбиді ауыстыру — өркениетті шешім

17 Шілде 2018, 12:59 3784

Елдік мәселеге айналған латын әліпбиіне көшу ұлт ертеңі үшін қажетті маңызды шешім. Бірақ, бұл бүгін ғана пайда бола салмаған, тарихи түбірі бар мәселе. Демек, біз осы арқылы тарихи санамызды қайта жаңғыртпақпыз. 

«Дүние — үлкен көл, Заман — соққан жел». Адам баласы бәлкім, қалауымен, бәлкім, еркінен тыс, әйтеуір, сол замана желінің соққан бағытына қарай бейімделмей тұрмайды. Бұл жекелеген адамға да, тұтас елдің тағдырына да қатысты. Қазақстанда латын әліпбиіне көшу ісінің қолға алынып жатқаны да сол заман талабы, әлемдік өркениеттің көшіне ілесу қажеттілігінен туындап отырған жайт.

Бір анығы, қоғам талқысына салынып, ондағы пікірлер негізінде мемлекеттік деңгейде шешілген латын әліпбиіне көшу мәселесі бүгін ғана пайда болып отырған жоқ. Арғысын айтпағанда, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы 12 сәуірде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», — деп мәселенің төркіні 90-жылдардан басталғанын еске салған-ды.

Иә, Елбасының ел дамуын жаңа белеске көтеріп, қоғамдық сананы жаңғыртуды меңзейтін аталмыш мақаласында көп дүниеге қозғау салынды. Соның ішіндегі негізгілерінің бірі – латын қарпіне көшу мәселесі. Қоғамның қызу талқысына түсуінің өзі оның қазақ үшін қаншалықты мән-маңызға ие екендігін көрсетсе керек.

Мемлекеттің негізгі тұғыры болуы тиіс құндылықтар бар. Олар — жер, тіл, тарих және тағысын тағы. Ал, соның ішінде тілден әліпби мәселесін бөліп қарай алмаймыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы да «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы — тілі» деп кетті емес пе? Алаш қайраткерлері де ХХ ғасырдың басында латын әліпбиін жазу-сызуда қолданғанын ескерсек, бұл ендеше, бізге таңсық дүние емес және мәселенің түп-тамыры тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардан да арыда жатыр деген сөз.

Сонау ежелгі Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болған латын әліпбиі орта ғасырда Еуропаға тараған. Қазіргі таңда латын алфавитін әлемнің дамыған бірқатар елдері қолданады. Тарқатып айтсақ, ағылшын, неміс, француз, түріктердің пайдаланып отырғаны —, латын әліпбиіне негізделген жазу. Қызыл империяның құлауы да оның құрамында болған біршама түркі халықтарының латыншаға көшуіне жол ашты. Бастапқы көш иесі Өзбекстан болса, одан соң Түркіменстан мен Әзірбайжан жалғастырды. Бұдан тілдің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келгенін аңғарамыз.

Бүгінде біз қолданып жүрген кирилл әліпбиіндегі қазақ тіліміз Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Сондай-ақ, көрші және басқа алыс-жақын мемлекеттерде тұратын қандастарымыздың ана тілі. Өзінің жазу тарихында қазақ тілінің әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңді бастан өткеріп, ұлттық әліпби деңгейіне жетті десек қателеспейміз. Қазақ өз тарихында араб жазуын да қолданды, ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлының ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп жасалған, араб графикасына негізделген «төте жазуды да» пайдаланды, латын әліпбиін де көзі көрді. Өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастап кирилл графикасына көшірілді.

Тіл ұлттың жаны мен рухы екені шығар күндей шындық. Ол өшкен күні бүкіл ұлт та ғайып болады. Кез келген ұлттың ана тілі үшін жанталасатыны да сондықтан. Алфавит болса сол тілді жеткізудің, таңбалаудың құралы.

Тілді таңбалау құралын таңдау қажеттігі ХХІ ғасырдың басында қайта туындап отыр. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап-ақ іштен ойластырылған, әбден пісіп-жетілген мәселеге енді іс жүзінде көшуіміз Елбасының бұл мәселеге байыппен қарағанының белгісі екені анық. Әйтпесе, көрші Өзбекстан секілді егемендіктің алғашқы жылдары-ақ латын әліпбиіне ауысуға болар еді. Алайда, көрші ел тәжірибесі асығыстық мәселені тез арада толыққанды шешіп бермейтінін байқатты. Сол себепті де қазақстандық билік бұған кеңінен өлшеп-пішіп келіп отыр. Өйткені, әліпбидің артында тілдің, елдің тағдыры тұр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, ең бастысы — қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деп латын әліпбиіне көшудің мән-маңызын лайықты атап өтті.

Жоспар бойынша, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығару басталады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасағаны белгілі.

Біле білгенге, латын қарпіне көшудің терең логикасы, астары бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылым және білім берудің тілі болып отыр. Иә, мектеп қабырғасында балалар ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да меңгеруде. Осыны есте ұстасақ, әлдекімдер дабыраға айналдырып жүргендей жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергі бола қоймасы анық.

Айта кетерлігі, латын әліпбиінің дұрыс, тиімді, көптің көңілінен шығатын нұсқасын қабылдау да оңайға соққан жоқ. Елбасы 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерінің атсалысуымен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдап, ал, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуді тапсырған болатын. Демек, алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады.

Бір қуанарлығы, латын әліпбиін талқылауға жалпы халық белсене қатысты. Бұл ел тұрғындарының өз болашағына қатысты мәселеге атүсті қарамайтынын айғақтап берді. Қызу пікірталастың нәтижесінде латын әліпбиінің Парламентте таныстырылған алғашқы нұсқасы қабылданбағанынан да жақсы хабардармыз.

Еске салсақ, мұндағы ең басты дау – қазақтың төл дыбыстарының екі әріпті болып келуінен шыққан еді. Мұндай көкейге қонымсыз нұсқа түсініксіздік тудыратыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, Елбасы алғашқы нұсқаға қол қоймай, бүкілхалықтық талқылауды жалғастырды. Нәтижесінде жүздеген нұсқадан төл дауысты дыбыстарымызды апострофпен белгілеген екінші нұсқасы қабылданып, ол 2017 жылы 26 қазанда Президент Жарлығымен бекітілді.

Алғашқы нұсқадағы халыққа ұнамаған, қос әріпті болып келген қазақтың төл дауысты — ә, ө, ү және тағы басқа дыбыстары жаңа нұсқада толық шешімін тапты, яғни, олар енді бір әріппен белгіленетін болды. Әріптің үстіңгі оң жағына апостроф, үтір қойылады.

Артқа шегініс жасасақ, осыдан ондаған жыл бұрын латын қарпіне көшу мәселесі айтылғанымен, оған көшу сол кезде мүмкін еместей көрінгені жасырын емес. Ал, бүгінгі күні ол шындыққа айналды. Қалай болғанда да, уақыттан өткен сыншы, сарапшы жоқ екеніне тағы бір көз жетті. Заман талабы өз дегенін орындатты. Бірақ, бұл ел игілігі үшін. Ұлы ойшыл бабамыз әл-Фарабидің «Дүниені өзгерткің келсе, алдымен өзің өзгер» деп, даналық сөз қалдырғанын білеміз. Сол өзгеріске бастайтын «Рухани жаңғырудың» бастауы – ұлттық сана, тірегі – ұлттық тіл, арқауы білім болса, баспалдағы – жаңа ұлттық әліпби десек, қателеспейміз. Латын графикасына көшу — өркениетті шешім. Латын әліпбиіне негізделген қазақ тілінің бірыңғай стандарт жобасы Елбасының бағдарламалық мақаласында көрсетілген негізгі бағыттарының бірі һәм бірегейі. Сондықтан да, оны Президент Нұрсұлтан Назарбаев ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Латын әліпбиінің нұсқасы қабылданған тұста Мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру жөніндегі жобаны іске асыру мақсатында құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездескен Елбасы: «Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды», – деп халықтың бірауызды қолдауына ризашылығын жасырмаған болатын.

Иә, елі Елбасын қолдап, Елбасы елін қуаттап, «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығара білген мемлекеттің мұратқа жетері анық.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: