Әлихан Смайылов Ақмола облысын дамытудың өзекті мәселелерін шешу жөнінде кеңес өткізді

20 Шілде 2022, 19:21 1186

Кеңеске қатысушылар өңірді селекцияның заманауи әдістеріне көшіру және өзге де мәселелерді талқыланды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов 2022 жылғы 27 мамырдағы Ақмола облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша берілген тапсырмаларды орындау мәселелері жөнінде кеңес өткізді, – деп хабаралайды El.kzБұл туралы премьер-министрінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Кеңеске қатысушылар өңірді селекцияның заманауи әдістеріне көшіру, мал союды жүзеге асыратын кәсіпорындарға қойылатын санитарлық талаптарды қатайту және ет өңдейтін кәсіпорындарға шикізат жеткізуді ынталандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты талқылады.

Одан бөлек, өңірдің ауыл шаруашылығын субсидиялау бағдарламаларын қаржыландыру, ауыл шаруашылығы техникасын есепке алу бойынша бірыңғай цифрлық платформа құру, облысты қажетті көлемде мазутпен қамтамасыз ету және Көкшетау қаласында ЖЭО салу мәселелері қаралды.

Сонымен қатар Көкшетауда кәріз-тазарту ғимараттарын реконструкциялау және су тазарту құрылыстарын салу бойынша жобалар, ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтауды дамыту жобаларын қаржыландыру, нормативтік жай-күйдегі жолдардың үлесін арттыру және ауыл шаруашылығы техникасы компоненттері өндірісін локализациялау мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ кеңеске қатысушылар АӨК үшін білікті кадрларды даярлаудың қосымша шараларын, облыстағы мектептер құрылысын қаржыландыру нұсқаларын, сонымен қатар сауда қызметін реттеу және полимерлік қаптама өндіретін отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін қарастырды.

Кеңесті қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Ақмола облысы және басқа да өңірлерге жұмыс сапарлары кезінде берілген тапсырмалардың орындалуын ерекше бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

– Тапсырмаларда өңірлер мен тұрғындардың нақты мәселелері көрсетілген. Оларды шешу керек. Сондықтан барлық көтерілген мәселелерді шешуді аяғына дейін жеткізу керектігіне тағы да назар аударғым келеді, — деді Әлихан Смайылов.

Бөлісу: