Әлихан Бөкейхановтың қоғамдық-саяси өмірі

18 Маусым 2021, 19:07 21812

Алаш көсемі – Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл

 

1916 жылдың 8 шілдесіндегі санында жариялаған бас мақаласында «Қазақ» газеті жігіттердің соғыс қимылдарына қатысушы, іс-әрекеттегі әскерге емес, соған қорғаныс орын қазып беретін қара жұмысқа шақырылғанына әрі намыстанды, әрі өкініш білдірді.


 

Сосын, қанша дегенмен, патша жарлығын орындау керектігін әңгімеледі. Соғыс жағдайындағы тәртіптің қаталдығын еске салды. Қара жұмыстан қашам деп жеңілтектік көрсетудің арты жаманға соғарын айтты. Император пәрмені артында қарулы жазалаушы тұрғанын емеурінмен сездіріп, қырдағы әскери жасақтардың шаруашылықты күйзелтерін, елді, ошақ басын бақытсыз етерін ескертті.

 

Халық құйын соққандай сенделіп кетті. Атқа мінді. Болыстар мен оязнайларға, мұздай боп бес қаруын асынып келген әскерилерге көнбей, толқып жатты.

 

Осы мәселе 1916 жылғы 7 тамызда Торғай, Орал, Ақмола, Семей, Жетісу облыстары қазақтарының Орынборда өткен жиналысында талқыланды. Мәжіліске Әлихан Бөкейханов басшылық жасады.

 

Он алтыншы жыл оқиғалары кезінде Бөкейханов Орынборда тұрған-ды. Самарадағы жер аударылу мерзімі аяқталған соң келген. Петроград пен Самарадағы белсенді істерін ол мұнда да жалғастырды. Қазақ өлкесінің тыныс-тіршілігіне, қаладағы қоғамдық-саяси өмірге қызу араласады. Жұртшылдыққа тез танытып, мойындатқан беделі арқасында, ұзамай қалалықдамуға мүше болып сайланады. О заманда жергілікті басқару орындарының сайланбалы мүшелерін гласный деп атайтын еді. Міне, бәлкім, Орынбор думасының гласныйы орайында ма екен, ең көңілге қонымды себеп осы болуға керек – қазақ қайраткерлерінің орысқа да, үкіметке де, танымал серкесі ретінде ме екен, әйтеуір, жер-жерден жиналған ел жақсылары оны бір ауыздан жиналыс төрағасы етіп сайлаған болатын. Сөйтіп ол дүбірді оқиғаға байланысты бас қосқан игі жақсылар мәжілісі делбесін ұстады...

 

Ең алдымен – халықты тыныштандыру керек деп есептеді күн тәртібін талқылауға қатысушылар. Барлық облыстарда да халықты тыныштандыратын шараларды шұғыл қолдану қажет делінді жиында. Ондай шаралардың бірі – қазақ-орыс қарулы отрядтарын даладан кері шақырып алу. Келесісі – жер-жерде халық өкілдерінің съездеріне өткізу.

 

«Жергілікті өкіметтер, әсіресе болыс басқарушылары өздерінің асығыс әрекеттерімен, дәрекіліктерімен және қиянаттарымен халық толқуларын өздері туғызды», - деп тұжырды мәжіліс.

 

Ал олардың мұндай бейбастастықтары – ең бір бейбіт, жоғары өмірге көнімпаз халықтың зығырданын қайнатты. Ашу-ызасын туғызып, көтерілуге мәжбүр етті. Елдің сонысын – ауылынан, болыс, оязнай біткеннің өздерімен ешбір санаспай, құқықтарын тұрпайы басынуларына келіспеушіліктерін де олар өз пайдасына бұрды. Сөйтті де, әкімдер бұратаналарды «өкімет пен заңға бағынбайды» деп жариялады. Мұның бәрі жалған, қазақтар жарлықты орындайды»...

 

Майданның қара жұмысына қол күшін «мобилизациялау туралы хабар қазақтардың пішен шабу науқаны қызып, астық жинау мерзімі тақалған уақытта шықты», - деп атап көрсетті бес облыс өкілдері. Оның үстіне, ел ішіндегі бастықтардың жоғарыда айтылған оралымсыздықтары салдарынан, жер-жерде орынды наразылық туды.

 

Міне – бір айдан бері күллі толқу үстінде, шаруашылық жайына қалды – шөп шабылмады, астық оралмай жатыр.Ал бұл, түптеп келгенде, өкіметке зиян.Осының бәрін реттеу керек. Жоғалтқан уақытты ұту ләзім. Бұл енді – күйзелген шаруашылықты қалпына келтіруді, ол үшін, ел ішінде жұмыскерлердің қазіргі таңда молырақ болуын қажет етеді..

 

Осыған орай, жігіттерді соғыс жұмысшылары қатарына «шақыру – солтүстік уездерде 1917 жылғы 1 қаңтарға, ал оңтүстік уездерде 1917 жылғы 15 наурызға дейін кейінге қалдырылсын»...

 

Қазақ облыстары өкілдерінің осы жиналысы қабылдаған қаулыда майданның қара жұмысына шақыруды жүйелеу шарттары 18 бапқа таралатып тұжырымдалған. Солардың ішінде халықтың интеллектуалдық күшін сақтауды көздейтін екі бап бар. Бұлардың бірінде * әр елу үйдің балаларын оқытуға бір мұғалімнен есептеп, ұстаз жігіттердің біраз бөлігін елде қалдыру, келесісінде – қалалардағы мұсылман медреселерінің шәкірттерін әскер жұмысына шақырудан мүлдем босату атап көрсетіліпті.

 

Хаттама мен қаулыға жиналыс төрағасы ретінде Әлихан Бөкейханов қол қойған.

 

Алайда үкімет бұлардың талаптарын орындай қояйын деп елпілдей қоймайды. Сәл – пәл кеншілік жасар, яғни тегі бөтендердің осынау көзі ашықтары ана тентек бодандарға мән-жайдың ушығарын түсіндіргенше тосар, одан арғы бұлталақтарына пысқырып та қарамайды. Оған керегі – от басып ойнақтап тұрған көшпенділерді солардың көмегімен биік пәрменді орындауға көндіктіру жағы ғана... Көнбейді екен – әуселелерін басар әскер дайын...

 

Тыл жұмыстарына шақырылған төрт жүз мыңнан астам қазақтың, әр аймақта күннен күнге өрістей түскен ұлт-азаттық көтерілістер от-жалынына қарамастан, жүз отыз мыңдайы жиып алынып, соғыс шебіндегі қорғаныс жүйелерін салуға жіберілді.

 

Зиялылардың көпшілігі көтерілісшілерге қолдау көрсеткен жоқ. Керісінше, олар мобилизацияға қарсылық жасауды қате деп білді. Сондықтан да кеңес өкіметі тұсында партия тарихшылары ұлт интеллигенттерін Он алтыншы жыл оқиғаларында сатқындық роль атқарды деп бағалады. Бүгінде оның сыңаржақ, бұрмаланған баға болғаны ешкім шек келтірмейді.

 

Әлихан Бөкейханов пен оның маңына топтасқан азаматтар «Қазақ» газеті бетінен қырғынның алдын алуға тырысып көрді. Жоғарыда айтылған жиынды өткізді. Газет арқылы Алаштың азаматына үндеулерін жария етті. Ал Бақытжан Қаратаев, IV Дума мен министрліктерді аралап, лауазымдылар қолына патша жарлығының заңсыз екенін дәлелдеген жазбасын тапсырумен шектелді. Екі серке де ұлт-азаттық сипат алған халық көтерілісіне тікелей басшылық жасаған жоқ. Дегенмен қай-қайсысы да әйтеуір елге пайдасын тигізуден тартынбағаны хақ. Әсіресе Әлекең атқарған жұмыс бір төбе.

 

Соғыстың қара жұмыстарына алынған жігіттердің соңынан сұрау салып, іздеп барған, майдан шебінде қажымай-талмай олардың мұң-мұқтажын өтерлік жұмыс істеуді ұйымдастырған бірден-бір азамат – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді. Шын мәніндегі үлкен қайраткер, үкіметке де танымал, орыс революционер-демократтары арасында да қадірлі Әлекең.

 

Біз Мәскеу барып, қазақ қайдалап, ізге түскен соң, - дейді Бөкейханов, - князь Львов пен оның орынбасары Вырубов Земгорсоюз қазақтарын барын айтты.

 

Бұлардың айтуынша, Земгор оларға білгендерінше қамқорлық жасап жатыр. Алайда оған қазақ жігіттері риза ма, жоқ па, бұлар оны білмейді. Барысын аралап, өздерінен сұрасын, не кем-кетік бар екенін бұларға айтсын, сонда онысын Земгор қолдан келгенше түзетеді..

 

1916 жылғы 17 желтоқсанда Күнбатыс майданындағы Земгорсоюз комитетінің бастығы Вырубов Бөкейхановты серіктерімен бірге қазақ жұмысшылары өмірімен танысуға шақыртты. Шақыру қуана қабыл алынды. Әлекең төрт жас жігітті ертіп, батысқа аттанады.

 

Минскіде олар 21 желтоқсанда «Земгрдың зор бастығы, Күнбатыс майданындағы инженер Ладыжинскимен» танысты. Князь Львов пен Вырубов секілді, ол да «көп жақсылық – көмек көрсетті». Оның «бізге жақсы қараған қабағымен, біздің майданда жүрісіміз – соғыс жоқтағыдан болды. Дружиналарда армансыз қазақ жігіт бауырлармен сөйлестік. Күйі-жайын көзбен көріп, сұрастырып білдік».

 

Земгорға барлығы 19 қос қарады, соның тоғызы қазақтардан құралған. Бәрі союз үшін тең құқықты Земгордың міндеті – олардың жататын орнын жайлы, киімін бүтін, тамағын тоқ қылу да, қорғанысқа қажет ісін жақсылап істетіп алу. Қарауындағы жұмыскерлерді мынау орыс, анау қазақ, келесісі бурят, сарт, қалмақ деп ешбір адаламайды. Нақты жайды қазақтың осынау іздеу салушы басшы адамдары өздері барып көрсін...

 

Желтоқсанның 23-нен 1917 жылғы қаңтардың 12-не дейін Бөкейханов пен серіктері батыс майдандағы 13 мың қазақ жігіті шоғырланған 9 дружинаны түгел аралап шығады. «Жататын жай, ішетін тамақ, істейтін іс, бұл іске хақы беретін, қазақ жігітін бағып-қағып басқаратын осы Земгор» жұмысының нәтижесін олар көзбен көріп, 19 қаңтарда майдан комитетінде баяндама жасайды.

 

Оларға Земгорсоюз жанынан қазақ бөімін ашуға рұқсат беріледі. Әзірге Минскіде ашу керек. Басқа майдандағы – «арқа һәм құбыла майданындағы бұратаналарды» - яғни Мәскеу мен Оңтүстікте қорғаныс шептерін салып жүрген қазақ жігіттерін де Земгор өз қарамағына алуға іждиһат қылып жатыр. Сол шаруа тиянақталған кезде – Мәскеуден тағы бір бөлім ашылатын болады.

 

Әлихан соғыс жұмысындағы қазақтарға қызмет қылу үшін елден аудармашы,дәрігер,фельдшер,басқа да мамандықтар бойынша қызметкерлер шақыртады. Осынау мұқтаждықтарды тез ретке келтіруде «Қазақ» газеті зор ұйымдастырушылық жұмыс жүргізіп ьұрады. Ұзамай Батыс майданға, Әлихан Бөкейхановтың қоластында қандастары араласында түрлі жұмыстар атқару үшін, жас зиялылар жинала бастайды.

 

Бірінші дүниежүзілік соғыс майдандарындағы қорғаныс шаруаларын атқаруға қазақ жерінен жұмысшылар әкелудің себептерін, олардың не істеп, не қоятынын Әлекең «Қазақ» газеті арқылы түсіндіріп әңгімелеп тұрады. Елдегі азаматтарға танымды сыр шертеді.

 

Сол орайда, Минскіден жазған хаттарының бірінде: «Бұл зор Еуропа соғысы ісін үкімет басқара алмайтын болды»,-дей келіп, ол мұндай ахуалдың қалайша пайда болғанын баяндайды. Сосын соған біздің орыс жұртының халық дегенде қабырғасы қайысып, жаны күйетін жақсылары бас болып, «земский һәм городской союз» қауымын ашқанын айтады. Солардың соғыс жолында одақ болып тұрған үкіметке жандары ашып, жұртты ұйымдастыратын игі істерімен болыспақ болғандарын аян қылады.

 

Сөйтіп, жаралы солдатты емдейтін аурухана салу, әскерге оқ-дәрі, қилы жүк тасу, жолда әскерге тамақ беру, жарақат алған жауынгерді майдан даласынан алып шуғу, қару-жарақ қамдау, жол салу, ін қазу, байланыс жүйелерін жасау сияқты толып жатқан соғыс істері осы қауым қолында кетті.

 

Қауымның күйттегені – жұмысшылардың жататын барақтары жылы,жайлы,киімдері бүтін, тамағы тоқ болуын қамтамасыз етіп, қадағалау,сөйтіп олардың соғыстың қара жұмыстарын тиянақты атқаруларына жағдай жасау.

 

– Біздің келгенімізге жігіттер артықша ырза болды,-дейді қайраткер, - бәрі де қуанып қалды. Дружина әкімдері де бізді жақсы қабыл алып, жігіттердің хал-жағдайын түгел тексеруге жәрдем етті.

 

Артынан іздеушілер табылғанына дән риза жігіттермен олар емін-еркін сөйлесті. Жүзден үш жүзге дейін жұмысшы бірге жатқан барақ-үйлеріне кіріп, мәслихат жасады. Майдангер-жұмысшыларға көңілдеріндегі ойларын, ақыл-кеңестерін айтты.

 

«Жігіттер топтанып, біз кірген үйлерге ере жүріп, біздің сөзімізді қайта-қайта тыңдады, түсінді»,-деп хабарлады. «Қазақ» газеті арқылы Бөкейханов елдегі дүйім жұртқа.

 

Ол соғыстың қилы қара жұмыстарын атқарып жүрген қараңғы қазақ балаларына жалпақ тілмен оң-солдарын тануға жәрдемдескен еді. Алғы шеп ойламаған жерден жылжып, соғысушы әскерлер үстеріне келіп қалғанда өздерін қалай ұстау керектігінен бастап, жеке бастарын алып жүру тәртіптеріне шейін ұғындыратын. Осынау жаһандық соғыстың жүргізілу ерекшеліктерін әңгімелейтін. Содан кеңестерін туындататын.

 

– Сендердің істеп жатқан жұмыстарың Земгордың соғыс үкіметінен бітіріп беруге міндеттеніп алған жұмыстары,-дейтін ол. Бұл жұмыстардың бәрі де асығыс жұмыс, отан қорғау ісіне керекті жұмыс.

 

Салақтық, жалқаулық қылмай, өз жұмыстарыңды адал да тиянақты атқарып, жігіттік көрсету керек. Әрқайсысыларын шамаларын келгенше еңбек ет, өнерлеріңді тежеп қамаңдар, барларыңды көрсетіңдер.

 

Соғыс бітер, сол кезде сендердің еңбектерің босқа кетпес. Орыс халқы қадірлеріңді білетін күн туар.

 

Сендер жақсы көрші мысалында – өрт сөндіруге шақырылып отырсыңдар. Олай болса, қолдан келгенше – көршілік, жақындық хақын өтеңдер.

 

Жау жағадан алғанда – қазақ баласы аттанға шаппады деген болмасын!

 

Насихаттық жұмыстарда көрнекті жетекшілері Әлихан Бөкейхановтың өзінен бата алған жас жігіттер жұмысшыларды революциялық ойлармен бауырласуға септік жасады. Мәскеуде коммерция институтында оқып жүрген жерінен, патриоттық сезім жетегімен оқуын тастап, Әлекеңнің шақыруымен Күнбатыс майданға келген Нәзір Төреқұлов майдангер-жұмысшылар арасында «Еркін дала» атты ұйым құруға ұйтқы болды. Мұнда, сөз жоқ, әйгілі саяси қайраткердің жөн-жоба сілтеуі елеулі орын алғаны түсінікті.

 

Ал жалпақ қазақ даласында ұлт-азаттық қозғалыс кең қанат жая өрістеп, жер-жерде бұрқ-бұрқ шыққан көтеріліс өрті лаулап жатты. Империядағы екінші орыс революциясының шырқау шыңына көтерілуіне тап осы көшпенді қазақтың зеңбіректі жазалаушыларға қарсы найзамен жүргізген жанқиярлық соғысы анық септесті...

 

Революция

 

Бүкіл елді наразылық ереуілдері жайлады. Қазақ даласында ұлт-азаттық көтерілісі революция отын үстелмей түсті. Ревоюцияшыл Петроград дүбірлеп-гуілдеп жатты. Солдаттар топ-топ болып қала кезіп жүрді. Біреулер ұнамсыз полицейлерді тура телеграф бағандарына асып кетті. Тұтқындалған талай генералдар мен биік әскери шенділер жүк машиналарымен Таврия сарайы қақпасы арқылы ішке тасып кіргізіліп жатты. Үкіметте еш бедел қалмады. Мемлекеттік Дума депутаттар ішінен мемлекетті басқару жөніндегі уақытша комитетті құрды. Ақыры, революция толқыны патшаны тақтан түсуге мәжбүр етті.

 

1917 жылғы 2 наурызда ол ауыр сезіммен соңғы манифесінің мәтінін тағы бір оқып, түзету енгізді. Ел игілігі жолында ол Ресей мемлекетінің тағынан бастартуды және жоғарғы билік жүргізу құқын өзінен алып тастауды мақұл көреді. Ал таққа мұрагерлік жолын өз ұлына емес, заңға сәйкес келмесе де, бауырына – ұлы князь Михаилге береді.

 

Дума делегациясы майдандағы Бас қолбасшы ставкасынан Николай Екіншінің тақтан бастарту жөніндегі манифесін Петроградқа жеткізеді. Ізінше өткізілген тиісті әңгімеден соң – ұлы князь Михаил де тақтан бастартады. Сөйтіп монархияның күні таусылады.

 

Мемлекеттік Думаның мемлекетті басқару жөніндегі уақытша комитеті революцияшыл Петросовет серкелерімен келісе отырып, сонау буырқанған ұлы оқиғаға толы 2 наурызды Ресей Уақытша үкіметін құрды. Уақытша үкіметтің төрағасы болып князь Георгий Евгеньевич Львов бекітіледі.

 

Кәдімгі князь Львов – Әлихан Бөкейхановтың өткен жылдың соңына қарай Мәскеу барып, майдангер-жұмысшы қандастарына іздеу салған жылы қабылдаған, шаруасының реттелуіне қолұшын берген кісі. Майдандағы қорғаныс жұмыстарын жүргізуші Земгордың басшыларының бірі Әлекеңмен партиялас - кадет. Әлекең тәрізді, ол да Мемлекеттік Думаның бірінші шақырылымына депутат болған. Бүкілресейлік земство одағының төрағасы.

 

Оның үкіметінің алғашқы құрамында екі октябриет, сегіз бірдей кадет және жалғыз эсер болды. Сол жалғыз – Бөкейхановпен Самара кезеңінен таныс, масондық орайында бауыры боп келетін. Александр Федорович Керенский.Төртінші Думадағы трудовиктер фракицясының серкесі.Революция күндері социалист-революционерлер партиясына кірді. Уақытша үкіметтің бірінші құрамында – юстиция министрі делбесін ұстады.

 

Яғни, Күлліресейлік ұйыстыру құрылтайы шақырылғанға дейін, ел басқару шараларын жүзеге асыруға тиіс. Уақытша үкімет мүшелерінің ішінде Әлекеңнің күрескерлігін бағалай білетін, қазіргі Земгор ауқымында майдан үшін игі қызмет атқарып жүргенінен хабардар белгілі қайраткерлер енді.

 

Демократиялық Ресейдің Уақытша үкіметі мен солдаттар мен жұмысшылар депутаттары. Петроград кеңесінің, күллі саяси партиялардың жұмыстары қыж-қыж қайнады...

 

Батыс майдан далаларында қорғаныс шептерін салып жатқан жігіттер арасында да ақпан революциясы жайындағы хабар шат сезіммен қары алынды. Оларға басшы да, көмекші де боп табылатын қазақ интеллегенттері патшаның тақтан құлауына байланысты, ел игілігіне қызмет қылуға жаңа саяси мүмкіндіктер туғанын түйсінді.

 

Әлихан бабамыз бас боп, олар – Минск қаласындағы Земгорсоюздың бөтентек-бұратана бөлімінде есепте тұрып, майдангер-жұмысшыларға қызмет көрсетіп жүрген тілмәштар мен дәрігер,фельдшер,санитарлар – күнбатыс майданнан елге шұғыл хабарлар жіберіп жатты. Күллі қазақ халқының жалғыз ортақ мінбері қызметін атқарып тұрған «Қазақ» газетіне, Ресейдің он облысында шашырап жүрген, қазақ жеріндегі бірден-бір баскөтерер азаматтарға ұйымдасқан түрде тікелей жеделхаттар жолдады.

 

«Ресей халқы ескі үкіметті айдап, орнына депутаттардан жаңа үкімет сайлады,-деп жазды. Бөкейханов пен оның серіктері «Қазақ» газетіне – Ресейдегі барша жұрт еркіндік, теңдік, туысқандық жолына кірді».

 

Бірінші орыс революциясы кезінде, оның нақты жемісі ретіндегі 1905 жылғы 17 қазан Манифесін – бостандық күндерінің шымылдығы көтерілді,енді сүйкімсіз үкіметпен орыстың ұйысу жиналысында есеп айырысар уақыт тақалды деп есептеген Әлекең, араға қорғасынша басқан бір мүшел салып, алдамшы бостандық авторын үкіметімен қоса төңкеріп тастаған ақпан революциясын нағыз азаттыққа балады да асқан ризашылықпен қарсылады.

 

«Тозған үкімет тартысуға жарамады»,- Бөкейханов патша үкіметінің әбден қауқарсыз күйге түсіп, іріп-шірігенін осы сөйлемге сыйғызды. Иә, қалт-құлт еткен әміршіл билік жүйесі жала етіп құлады. Енді өкілдер жиыны өкіметтің жаңа құрылымын жасайды: «Жақын арада «Учредительное собрание» ашылып, Ресей мемлекетін бағуға кіріседі»,-деп хабарлады ол жерлестеріне.

 

Күрескер сезімталдығы мұның оп-оңай жүзеге аса қоймайтынын шамалайды: «Бірақ ілгері де күрес болар... «Енді не істеу керек?» «Алаш азаматынан біздің тілейтініміз жаңа үкіметті жақтаушыларға бар күштерімен болысу...» - бұл хатқа Бөкейхановпен бірге бес азамат қол қойған.

 

Ал ұзамай, наурыздың 15 батыс майданнан шығысқа, жиырма бес мекен-жайға жөнелтілген жедехтқа Әлекеңмен бірге он бес жігіт қол қойды. Онда да үлкен қайраткер ықпалы, әсіресе болашақ ел құрылымы хақындағы кадет көзқарасы анық көрініп тұр..

 

Ақ патша тақтан құлатылды – демек, бұғаудан құтылдық, азаттық таңы атты.

 

Ресейдің барша халқына ортақ бостандық күні шықты, теңдік пен ағайындық заманы туды. Соны баянда етпекке қызметтенетін жаңа үкімет жасақталды.

 

Жаһандық соғыс желкесінде жұмыс істеп, арада үзіліссіз байланысы бар орыстың астанасында дүбір қаққан оқиғаларға құлақтары түрік жүрген жігіттер өздерінің қадірменді басшысы Әлихан Бөкейханмен бірге осы қуанышты жәйітті хабарлай отырып, елдегі азаматтардың алдағы міндеттерге сергек қарауын өтінеді...

 

(Мақалада пайдаланылған тарихи деректер «Әлихан Бөкейханов» еңбегінен алынды).

 

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: