Әлихан Смайылов Ресей Үкіметінің төрағасымен кездесу өткізді

26 Тамыз 2022, 02:40 829

Ресей – біздің негізгі сауда-экономикалық серіктесіміз.

Шолпан-Атада өтіп жатқан Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы алаңында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының нығаюына жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулердің серпін беріп отырғанын, сондай-ақ екі ел арасындағы мемлекетаралық байланыстар барлық бағыттар бойынша өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне көтерілгенін атап өтті.

«Өзара мүдделерді ескере отырып, дәйекті бірлескен жұмысты жалғастыруымыз керек», — деді Премьер-Министр

Үкімет басшысы өткен 30 жыл ішінде мемлекеттер арасында сенімді және сындарлы диалог орнатылғанын атап өтті. Сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді, өңіраралық ынтымақтастық және іскер топтардың байланыстары нығаюда.

«Ресей – біздің негізгі сауда-экономикалық серіктесіміз. 2021 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы үштен бірге өсіп, $24,2 млрд көлемінде рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында да сауда 5%-ға артты. Жыл қорытындысы бойынша оң қарқын сақталып, дамитынына сенім артамыз», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр ағымдағы жағдайда екіжақты сауда-экономикалық байланыстардың күн тәртібіне жедел, салмақты және өзара тиімді шешімдерді қажет ететін жаңа тармақтар шығарылатынын айтты.

«Біз прагматикалық және сенімді арнада жүйелі, бірлескен жұмысты жалғастыруымыз керек», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Михаил Мишустин Ресейдің Қазақстанмен тату көршілігі мен достығын бағалайтынын атап өтті.

«Біз импортты алмастыру бойынша бірлескен бағдарламаларды жүзеге асырудың жақсы перспективаларын көріп отырмыз. Өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, көлік инфрақұрылымы, бейбіт атом, цифрландыру сияқты салаларда жаңа стратегиялық жобаларды іске қосу үшін мүмкіндіктер бар. Аталған мәселелер біздің тұрақты назарымызда», — деді Михаил Мишустин.

Келіссөз барысында тараптар өнеркәсіптік кооперацияға қажетті өнімдерді жеткізу, қазақстандық шикізат транзиті, сондай-ақ тауарларды кедергісіз шығару мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру мәселелері, Каспий құбыр консорциумы мен «Астрахан-Маңғышлақ» магистральдық су тартқышының қызметі қаралды.

Бөлісу: