Әлихан Смайылов екі облысты сумен жабдықтау туралы тапсырма берді

2 Қыркүйек 2022, 17:54 1049

Кеңес барысында Үкімет басшысы биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша өңірде негізгі экономикалық көрсеткіштердің өскенін айтты

Жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Атырау облысының кешенді әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz

Кеңес барысында Үкімет басшысы биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша өңірде негізгі экономикалық көрсеткіштердің өскенін айтты. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,2%-ға, ал құрылыс саласы 15%-ға өсті.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов, энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жөребеков, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Талғат Момышев, оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсенбаев, денсаулық сақтау  вице-министрі Жандос Бүркітбаев баяндама жасады.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Атырау облысындағы 29 ауылдық елді мекенінде жалпы сомасы 11 млрд теңгеден асатын инженерлік инфрақұрылым мен күре жолдарды жаңғырту бойынша 41 жоба іске асырылып жатқанын атап өтті.

«Облыс әкімдігі өңірдің дамуы мен әлеуметтік мәселелерін шешуге бөлінген қаражатты тиімді және ұтымды игеруі қажет», — деді Премьер-Министр. 

Үкімет басшысы азық-түлік тапшылығы мен оның бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу жөніндегі жұмысты жалғастырудың маңызды екенін атап өтті. Бұл бағытта әкімдік сауда желілерімен жұмыс істеу кезінде «айналым схемасын» белсенді түрде қолданып, басқа өңірлерден ерте пісетін көкөністерді жеткізуге тікелей шарттар жасасуы қажет.

Үкімет басшысының айтуынша, облыс әкімдігінің тағы бір басты міндеті – өңірлік экономиканы әртараптандыру. Мәселен, 2024 жылға дейін 406 млрд теңгеге 260 жаңа инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. 2,7 трлн теңгеге тағы 114 жоба әзірленіп жатыр.

«Оларды іске асыру нәтижесінде  қосымша жұмыс орындары пайда болады. Барлық жоспарланған жобаларды уақытылы іске қосып, жаңа жобаларды сапалы пысықтау қажет», — деді Премьер-Министр. 

Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы тағы да бірқатар тапсырма берді: 

«Кеше Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында өңірлердің де, жалпы елдің де әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін беретін нақты қадамдарды белгіледі. Қойылған міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек, сондай-ақ қоғам көтеретін проблемалық мәселелерге жедел ден қойып отыру керек», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Бөлісу: