Әлихан Бәйменов Республика күнін қалай тойлау керектігін айтты

12 Қазан 2022, 18:03 3045

Расында Республика күнін біз қалай түсінуіміз керек? Басты мәселе осы. Өйткені, заманауи талапқа тез төселіп, экономикалық үдерістерді үйлестіре білген әлемнің көптеген елдері Республика күніне аса құрметпен қарайды. 

 

Сонымен 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні болып қайтадан бекітілді. Неге қайтадан? Өйткені, бұл күн бұған дейін тойланған. Нақтырақ айтсақ, 1992 жылы бастау алған мереке 2001 жылы мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілді. Ал, 2009 жылы бұл атаулы күн «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына кірмей қалды. Яғни, бұл мерекені тойламайтын болдық. Енді, міне Мемлекет басшысының ұсынысымен ұлық күнмен қайта қауыштық.

«Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан 25 қазан жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихы қадамының символы болуы тиіс», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Расында Республика күнін біз қалай түсінуіміз керек? Басты мәселе осы. Өйткені, заманауи талапқа тез төселіп, экономикалық үдерістерді үйлестіре білген әлемнің көптеген елдері Республика күніне аса құрметпен қарайды. Бұл күн олар үшін құнды. Елдік еркіндік, азаматтық азаттық, ұлттық ұлағат осы күнмен астарласып жатыр. Ендеше, біз неге бұл күнді ұлттық өрлік пен азаттықтың ақшамы демейміз.

«Республика күні – біздің санамызда жаңғыратын маңызды мереке болу керек. Бұл күндері концерт өткізіп, түрлі іс-шаралармен ғана шектелу аз. Анығында, республика күнінің мағанасын, елге, тәуелсіздікке деген үлкен ұғымды түсіндіретін ағарту жұмыстарын жүргізу міндетті. Осы күндері барлық сауда үйлерінде, кинотеатрлар да, халық көп жүретін қоғамдық орындарда тарихтан тәлім алар шаралар өтізу абзал. Кәмелетке жасы толған белсенді жастарға осы күні салтанатты түрде төлқұжаттар берілгені дұрыс», - дейді Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов.

Қазақ қашаннан тәуелсіздікті текті ұғым деген. Бұл – кешегі  ел үшін егеулі найза қолға алып, ұлтарақтай жер үшін ат үстінен түспеген батыр бабалардан қалған жәдігер сөз. Біз – ғасырлар бойы азаттықты аңсап, еркіндікке қолы жеткізуге ұмтылған, арман-мұраты тең өріліп, тай қазаны ортаймаған қазақ деген байтақ ел, дана халықпыз. Міне, сол бақыт бастауы жеке мемлекет болу емес пе еді. Демек, Республика күні тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры болуы керек.   

«Біз әлі күнге дейін тарихымызды түгендей алмай жүрміз. Мәңгілік ел болу үшін алдымен өткенімізге қайта үңіліп, өрлік істерімізді паш ету керекпіз. Сонда ғана жастарымыздың бойына болмыс ұялайды. Яғни, болмысты ұрпақ қана ертеңінен үміт іздейді, еліне сенеді. Бір адамның төңірегінде жазылатын тарихтан арылғанымыз абзал. Жаңа Қазақстанның жаңа идеологиясын жасап, жасапмаз ұрпаққа бағыт-бағдар көрсету ләзім. Сонда ғана кемелді елдің көкжиегіне көз тіге аламыз»,- дейді Тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов.

Бүгінде төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабаларымыздың «Мәңгілік ел» мұратын шамшырақ етіп, жібек жіптей жалғасар ұрпақтар сабақтастығын қайта жалғау маңызды. Азат­тық шын мәнінде қазақтың ұлттық рухы мен ерік-жігерінде жатыр. Алты алаштың ардақтысы, ұлтының еркіндігін аңсаған Әлихан Бөкей­ха­нов өз заманында  «Тірі болсақ  алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде, бөлек мемлекет болар!» деп елдік сенімін айтқан екен. Ал бостандықтың боса­ғасынан аттау жолындағы күрес та­рихы  сонау ХV  ғасырда әз Жәнібек пен Керей хандардың бастауымен алғаш рет құрылған қазақ хандығынан  жастардың желтоқсан оқиға­сы­на дейінгі шежіресінде жатыр.

«Тарихтан алар тәлім мол. Біз өткенімізге салауат айтып, болашағымызға сеніммен қарауымыз керек. Республика күні – қазақтың ғасырлар бойы іздеген қасиетті мейрамы деп білемін. Біздің таңдаған жолымыз даңғыл. Ол – тәуелсіздік даңғылы. Жалпы тәуелсіздік сапары тәуекелді керек етеді. Ал біз сол тәуекелден тартынған жоқпыз, әлі де тартынбай келеміз. Мерейлі мемлекеттік мерекелер жетерлік. Бұл мерекелердің ішінде Республика күні бәрінен қасиетті. Бәрімздің жүрегімізде тыпыршып жататын бір-ақ тілек болу керек. Ол – еліміздің тыныштығы, мемлекетіміздің өркендеуі», - деген пікір білдірді Қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев.

Иә, Респблика күні - баршамызға ерекше күн болуы керек. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Тәуелсіздік жолындағы тарихи қадамдарымыздың символы болуы шарт.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, аштық жылдары мен тотолитарлық жүйе, екінші дүниежүзілік соғысы мен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы. Бұның барлығы да қазаққа ауыр жара. Алайда, бұл — тарих. «Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді»,- деген даналық сөз бар емес пе? Осы даналықты әрдайым жадымызда сақтау қажет. Адамның жан дүниесі, рухы мен ар — ұжданы алдымен азаттықты тілейді. Ендеше, Республика күні сол азаттықтың рухы. Ана тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі.

Ақын Нағашыбай Мұқатов Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр болтынын айтады.

«Ақиқаты сол, соңғы ғасырларда қазақ халқының болмысы үлкен өзгеріске ұшырап, тарихи жады өше жаздады. Тек тәуеліздік жылдарында ғана ұлттық санамыз қайта жаңғырды. Мемлекеті, отаны бар ұлт қана ұлттық өнегеге өріс береді. Демек, Республика күнін атап өтетін елдер өрлігін мойындата алады. Біз де халқымен қайта қауышқан атаулы мерекені мейілінше құрметтеп, жас ұрпаққа ұлттық болмысымызды ұғындыра беруіміз керек», – дейді ақын.

Қазір түтіні түзу ұшқан елдердің көбі заман талабына сай жаңа технологиялық дамудың жалына жармасқан. Демек, өзіндік саяси бағыт-бағдары, үдемелі үдерісі бар Қазақстанға да бұл жол жат емес. Бүгінде еліміз индустриалды-инновциялық дамудың дербес даңғылын таңдап, жеделдетілген бағытын қолға алған. Яғни, экономиканың қуатын күшейтіп, тамырын тереңдету үшін заманауи талапқа сай өнімді күштердің жаңа құрылымын жасап жатыр. Өйткені экономикалық мүддеге сүйенген елдің келешегі кемел. Ол, әрине, әлемдік экономикадағы еншімізді еселеп, даму бағытын ширату. Отандық тауарды өткізу аясын да жыл сайын кеңіп келді. Осының бәрі елдігіміздің арқасы. Мемлекет болып қалыптасуымыздың жемісі.       

«Экономикалық қарым-қатынас қай заманда болмасын мемлекеттің дамуына, өсіп-өркендеуіне аса қажетті шарттардың бірі. Ешбір экономика тұйықталып, өзінен-өзі дами алмайды. Қандай қоғамда болмасын, келешекке кемелді келісім, бұғаналы бетбұрыс қажет. Бүгінгі дәуірдің діттегені осы. Экономикалық келісімнің келешегі өркениет десек, бұл мақсатта мақтана айтар жетістіктер бар. Алайда, ұлттық құндылықты да ұмытпауымыз керек. Ал, ол құндылықтың бастауы – Республика күні», – дейді Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы Серік Жетпісқалиев.

Бабаларымыз бағзы заманнан армандаған осы күнге оңай жеттік пе? Тар жол, тайғақ кешуге тап болса да, теңдіктің туын көкке көтерген қазақ, сан ғасырлар бойы азаттықты аңсап өтті. Ереуіл атқа ер салып, елім деп өткен есіл ерлердің ерлік жолдары бүгінде тарихтың қалың беттерінде хаттаулы. Олардың соқтықпалы соқпақтарда сынбаған сағы, езілмеген еңсесі өскелең ұрпаққа өлмес өнеге. Сол өнеге бүгінгі жастарға қуат беруі керек. Ал олар қуатты болу үшін ұлттық тәрбие басты назарда болса игі.

Білім беру саласының ардагері Зұлфия Арғынбекованың айтуынша да, өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен мақтанады.

«Ал, өмір өнегесі. Сондықтан да, біз алдымен өскелең ұрпаққа Республика күнінің қадірін түсіндіруіміз керек. Байқаймыз ғой, жаңа жыл қарсаңында барлық мектепке дейінгі мекемелер түрлі шаралар өткізіп жатады. Ол шаралар бала санасында жатталып қалары сөзсіз. Сол сияқты Республика күнін атап өтуді балабақшадан бастаған дұрыс. Одан кейін мектептер де осы мерекеге белсенді болу керек», - дейді ардагер ұстаз.

Тәуелсіздік қай елдің болмасын басты игілігі. Баға жетпес құндылығы да осы. Ендеше біздің де тәуелсіздігіміз баянды болу үшін оны бастауы – Республика күні де ерекше маңызға ие болуы шарт. Әрине, алдымен оны жастарымыз ұғынуы керек.

Жанат Жанұзақов

 

Жанат Жанұзақов
Бөлісу: