ЛГБТ: СЫН МЕН СЫР

13 Наурыз 2017, 11:25 15082

Журналистік зерттеу

Түрлі-түсті Қазақстанның түрлі тұсы

Алғаш 2010 жылы өзін дәстүрлі емес жыныстық көзқарастағы жігітпен танысып, сырласудың сәті түсті. Есімдегісі, өзін «қорапта» күн кешетіндей сезінген бозбала тығырықтан шығар жол іздеп осы бағытқа түседі. Түседі деу оңай! Айнаға қарауға қымсынатын ол, өзін ешқашан жігіт санамаған екен. Бала болып, көліктермен ойнап, апа-топай төбелесіп, жаға жыртыспапты. Анасының көйлектері мен топлайларын күн ұзақ ермек қылған. Қызық! Қыздарға қырындаудың тіпті не екенін білмейді.

Содан, қалыпты қоғамның өмірінен шаршап, өзі секілді жанды жолықтырып, «бақытты өмірді» сезініп басы айналып жүрген сәті екен. Ол бүгінде қайда жүр? Әлі де сол бақыты басынан ұшпап па? Бұрын-соңды ондай тақырып тереңіне түспеген маған ЛГБТ құпиясын ашу қызық бола бастады. Жүрісі бөлек жандарды іздеудің жолын сұрап, журналистік зерттеу жүргізу мақсатында бірнеше жыл бойы жігіттермен жігітше, қыздармен қыздай (жат қылықты жандар) әңгіме құрып жүрдім. Талайымен бетпе-бет кездесіп, тілдестім. Олардың ішкі сырына үңілуге тырыстым. Мақсат – журналистік зерттеу жасау. Әрине бұл тақырыпқа қалам тербеу оңай болмады дегенмен де бұл біздің қоғамымызда бар проблема екені жасырын емес.

 

Расымен, ЛГБТ (лесбиян, гей, бисексуал, трансенгендер) тақырыбы қоғамда өте үлкен тартыс тудырып жүр. Қазақ қоғамы үшін жат қылық деушілердің пікірі мен іс-қимылы осының айғағы. Өткен жылы ғана ішімдік ішіп отырып, гей екенін достарына ақтара салған жігітті азаптап өлтіріп кетті. Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін ЛГБТ өкілдерін зорлық-зомбылық, кемсітушілік пен қатыгездіктен қорғай алмай отыр деп сынап жүр.

Қай әлеуметтік желіні ашсаңыз да, өзін «осы тақырыптамын (в теме)» деп мақтанышпен айтып отыратын жандарды жолықтыра аласыз. Тіпті қазір елімізде алғашқы ЛГБТ жаңалықтарын жариялайтын сайт ашылды (www.kok.team). «Біз бірігейік, сонда ғана өз теңдігімізді аламыз!», «Гей мәдениетін Қазақстанда қалыптастырайық!» деген секілді ұрандарын ортаға тастап, көпшілік қауымның батасын алғысы келетіндей. ДругВокруг немесе Вконтакте секілді орыс желілерінде «жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақтай қаптаған» «өз жұбын іздеушілермен» жақын таныса аласыз. «Радужный Казахстан», «Радужный Алматы», «Один твой дург – Гей», «Гей общение Казахстан», «Гей знакомство Казахстан» деген секілді толып жатқан топтар бар.

(Сурет ВК әлеуметтік желісіндегі «Радужный Казахстан» тобынан алынды)

Бір ғана «Радужный Казахстан» тобын екі ай бойы бақылауда ұстадық, Қазір бұл топқа 5 мыңнан аса адам тіркелген, екі ай бұрын 4800 тіркелушісі бар-тын. Екі айдың ішінде 300-400 адам қайдан келе қалды? Ашық қоғамды қалап, біз де қоғамның бір мүшесіміз деп осы топтардың артында тығылып отыратын қазақ жастары осы топтың 70 %-ын құрайды.

Елордамызда шамамен оншақты гей клубтары (Монро, Монако), Алматыда жиырмадан аса (кей бейресми деректер 60-қа жуық дейді) осындай түнгі көңіл көтеретін орындар бар (басқа да облыс орталықтарында жоқ екен деп қалмаңыз). Олардан адам аяғы үзілмейді. Үзілген күні Жер шары өмір сүруін тоқтатты деген сөз.

Жыныстық көзқарастың өзгеруіне әкелетін 5 себеп

ЛГБТ өкілдерін зерттей келе, біз олардың осы жолға түсуінің төмендегідей себептерін көрдік.

  1. «Табиғат қателеседі»

Табиғат расымен, қателесе ме? Әрине, жоқ! Сіз Алла Тағаланың бір нәрсені дұрыс жасамағанын байқадыңыз ба? Дәстүрлі сезімнен жұрдай болғандар үшін бұл жайтты сылтауратудың себебін түсіндіре алмаймыз. Табиғаты нәзік жігіттер мен қатал мінезімен ерекшеленіп, іс-қимылдары ер адамдардың көшірмесі секілді қыз балалардың осы топқа көп кіретіндіктерін аңғардық. Себеп – табиғат абайсызда қателесіп кетіпті...

  1. Еліктеу

Желіккен Батыс жастарынан тарады деп, бұл «дертті» әдейі жұқтырғандардың саны күн сайын еселеп барады. Олар желіктеп «жетіскен» істеріне, еліктеп жүрген жастарды тез-ақ желімдейді-мыс. Бұған дейін гетеросексуал боп саналғандар «қызықтың бәрі осында» дегенге шынымен сеніп, «бас сұғып» жатыр. «Егер, маған да жақсы ұсыныс түсіп жатса, қарсы болмас едім, неге көрмеске?». Бұл – бірге тұратын құрбымның пікірі.

  1. Зорлық-зомбылық

Бұрымдылардың ер адамдардан көрген зорлығы олардың жыныстық көзқарастарына айтарлықтай әсер етеді. Психологиялық тұрғыдан зардап шеккен қыздың қарама-қарсы жыныс өкіліне деген ішкі жек көрініші олардың өмірін бөлек арнаға түсіреді.

  1. Үйдегі тәрбие

Елмізде ажырасу саны күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. Бір жынысты отбасында өскен, яғни, тек анасы мен әжесінің қолында өскен баланың тәрбиесі толық отбасында тәрбиеленген баладан айырашылығы бар.

  1. Жарнама

Теледидардан көріп, ғаламтордан ұшырастырып, бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып өз сана-сезімін улап жатқандар қаншама? Біздің «дәстүрлі емес жыныстық көзқарастан абай болыңдар!» дегеніміз, оның ашық түрде таралуын мен жарнамалануына үлес қосып жатыр.

ЛГБТ және «асхана»

Актив, пассив, универсал... бұл сөздердің не қатысы бар деп отырған шығарсыз? Қатысы болғанда қандай?! Бұл дәстүрлі емес «махаббат» құрған жігіттердің бөлінуі.

ДругВокруг желісінде отырып, екі күнде 60-қа тарта гомосексуалмен танысып үлгердік. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен. Тіпті, бірін-бірі жақсы танитындар да бар. Олардың тең жартысы өздерін универсалмыз деп көрсетті. Бұл – активке де, пассивке де ортақ жігіттер. Гей-жұптарды зерттей келе, олардың мынандай түрлерін анықтауға болады: әкесі – баласы, күйеуі – әйелі, екі жолдас, төсек қатынасы үшін, азғырушы – құрыққа түскендер.

Аты орыс желіде отырып, екі күнде бар болғаны оншақты «сезімі ерекше» арулармен тілдесуге мүмкіндік туды.

(«Жизнь Адель» фильмі)

Лесбияндарда мынандай ұғымдар бар: буч (жігіт кейіпті), фэм (әйел мағынасында), дайк (ағлш. лесбиян)... Ілгеріде аталған екі термин лесбиян қауымының негізгі түрлері. Ал дайкпын деушілер ерлердегі универсал сөзімен синонимдес келеді. Оның өзі үшке бөлінеді: дизель дайк (өзін буч санайтындар), бэйби-дайк (жаңадан қосылғандар), дайк-натурал (гетеросексуалдарға көбірек ұқсайды).

ЛГБТ өкілдерінен үзік сыр

Саламат. 22 жас (Еуразия ұлттық университетінің магистранты)

15 жасымда ер адамдардан зорлық көрдім. Бұл менің өмірімді басқа арнаға бұрды. Содан бері, тек жігіттерді ойлап, солармен ашық түрде «ауыратын болдым. Қартайған ата-анам үйленгенімді күтіп отыр. Бірақ, олар қашанғы күтсін...

Дәурен. 24 жас (Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дің интерн-дәрігері)

Бала кездегі қызығушылығымнан әлі арыла алмай жүрмін. Үйленгенмін, бала күтіп отырмыз. Десек те, менің өз әлемім бар. Сонда қызығырақ...

Сымбат (Пумба) 21 жас, Шу қаласы, баскетболшы

Мен өз жыныстық көзқарасымның басқалардан ерекшеленетінін кішкене күнімнен сезіндім. Әлбетте, ата-анам бұл жайында хабарсыз. Жігіт, тұрмыс құру секілді сөздерді тіпті де ойланбаймын. Қазірде өзім ұнататын қызым бар, бірақ ол менен алыста.

Айнұр, 30 жас (Өскемен қаласында тұрады, қарапайым жұмысшы)

Осыдан 5 жыл бұрын өз еркіммен ажырасып кеттім. Мен қалаған өмір болмады. Екі балам бар. Бақытты отанасы болып көрінуге қанша тырысқаныммен, ішім жылап өз қалауын іздеп тұратын. Ақыры қасқыр-тілек дегеніне жетті. Балаларым да дәстүрлі емес жыныстық көзарас қалыптасатын болса, жолынан қайтармаймын.

Яна Журавлева, 18 жас, Алматы

Алғаш 16 жасымда жігіттерден гөрі, қыздардың көбірек ұнайтынын түсіндім, тұрмыс құрмаймын деп шештім, тіпті бір жынысты отбасы болу да ойымда жоқ. Бұл бағытымнан айнымаймын!

Бейресми деректерге жүгінсек, ЛГБТ өкілдерінің жартысынан көбі 20-25 жас аралығындағылар. Олар Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Өскемен қалаларында көптеп кездеседі.

Құрманкүл Айтқалиева, психолог:

Гомосексуализмге адам организмінің ауытқуынан пайда болатын құбылыс ретінде қарауға болады. Ол өте ежелден келе жатыр, өткен ғасырда америка ғалымдары медицинадағы «ауру» атағынан айырды. Мұны жүре келе, жыныстық органдардың қалыптасуы кезінде пайда болатын психологиялық ауытқу деп түсінуге де болады. Дер кезінде, оларға көмек қолын созып, ішкі ой-қиялының механизмін «бұрасаңыз» дәстүрлі жыныстық көзқарасқа алып келуге болады.

Жалпы, бір рет еркектің құшағын көрген еркек қайтып дәстүрлі жыныстылар қатарына оралмайды делінеді. Десек те, бұл үрдістің қате еекенін түсіндіру арқылы немесе арнайы дәрістерді айта отырып, олардың бетін бері қарату қажет.

Дін және ЛГБТ

Алла Тағала азған бір елдің еркектері әйелдерін ұмытып, бірімен-бірі жыныс қатынасын жасай бастаған Лұт қауымын жерден тып-типыл етіп азаппен жойып жіберген. Бұл қауым Тәурат пен Інжілде де лағнеттелген. Құран Кәрімнің Ағраф сүресінде: «Сендер, расында, әйел затына жуымай еркекке шабасыңдар. Сендер анық азғын жұртсыңдар!», ­– деп айтылады. Осы сүренің 84-аятында: «Оларға тас жаңбыр жаудырдық», – дейді Алла.

Һұд сүресінің 82-аятында: «Жаза әміріміз келген заматта олардың мекен-жайларының астаң-кестеңін шығардық және үстілеріне отпен қыздырылып әзірлеп қойған тастарды үстемелей жаудырдық», – дейді құдіреті күшті Раббымыз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) да бұларды лағнеттеген. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Лұт қауымының тірлігін істегендер – малғұндар (лағнеттелгендер)» деген. Тіпті, Иран, Йемен, Мавритания, Сауд Арабиясы, Судан және Нигерия мен Сомалидің кейбір аймақтарында гомосексуалдарға өлім жазасы бар.

СПИД-орталықтарына 250 мыңнан аса қызтекелер тіркелген. Ал әлемде өз-өзіне қол жұмсап, бұл жарық дүниесіне нүкте қойып жатқан біржыныстыларды санап болмайсыз.

Мұндай індетті күш арқылы шешу (қуалап жүріп ұрып-соғу т.б.) мүмкін емес. Бұл жолдағылар өздерінің құқықтарын жақсы қорғай біледі, сауатты келеді. Олар расында, ешнәрседен қорықпайды. Шет елдердегі жыл сайын өтіп жатқан шерулер осының анық белігісі. Заң жобасын әзірлеп, күші бар құжат арқылы тәртіп орнатқан мемлекеттер бұл тұста ұтып отыр. Бізге де керек-ақ! Алапат қауіптің бетін қайтарудың бірден бір жолы – осы.

(Ілгеріде аталған кейіпкерлердің өз қалауларымен есімдері өзгертілді, оларда гомофобия бар болғандықтан, кейбіреуі суреттерін жариялауға келісімін бермеді)

 

 

 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: