Парламент Мәжілісі балалардың денсаулығы мен дамуына кері әсер ететін ақпараттан қорғауға бағытталған жаңа нормаларды бекітті. Бүгінгі жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарап, қабылдады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Құжатта балаларға зиянды контенттің таралуына жол бермеу үшін жаңа шектеулер қарастырылған. Атап айтқанда, енді жария кеңістікте, масс-медиа мен онлайн-платформаларда педофилияны және дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттайтын ақпаратты орналастыруға заң жүзінде тыйым салынады.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев бұл нормалардың енгізілуі қоғамның сұранысынан туындағанын атап өтті:
Балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістіктегі жағымсыз контенттен қорғау туралы қоғамның алаңдауын ескере отырып, заң жобасына қоғамдық кеңістікте педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға тыйым салатын түзетулер енгізілді. Балалар мен жасөспірімдердің отбасы, имандылық және болашақ туралы түсінігіне кері әсерін тигізетін ақпаратты күн сайын желіде кездестіріп отырмыз, – деді ол.
Бейсенбаевтың айтуынша, ұсынылған өзгерістердің негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты теріс бағыттағы идеология мен зиянды ақпараттардан қорғау.
Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Сондықтан олардың санасын улайтын, өміріне теріс әсер ететін зиянды ақпараттардан қорғау – ортақ міндетіміз. Цифрлық заманда ақпараттарға толық тосқауыл қою мүмкін емес, бірақ заңға қайшы контентті шектеу – орынды іс, – деді депутат.
Ол сондай-ақ жастардың психологиялық тұрақтылығына кері әсер ететін ақпараттардың алдын алу маңызды екенін қосты:
Бұғанасы қатпаған жасөспірімдердің түрлі ақпаратты талғаусыз қабылдап, соның жетегінде кетіп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан ұсынылып отырған заң осындай келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған, – деп түйіндеді Бейсенбаев.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ насихатына қарсы заң нормалары туралы пікір білдіріп, олардың ұлттың рухани және моральдық қауіпсіздігін қорғауға бағытталғанын айтты:
Біздің ЛГБТ-ны насихаттауды заңмен шектеу бойынша қабылдап жатқан нормаларымыз кейбір халықаралық ұйымдар айтып жүргендей адам құқығын шектеуге бағытталмаған. Керісінше, бұл нормалар дәстүрлі отбасылық институтты бұзудан және балалар мен жасөспірімдерді деструктивті идеологиялардан қорғауға, ұлттық қауіпсіздігімізді сақтауға септігін тигізеді, – деді ол.
Жаңбыршин сондай-ақ былтыр қоғам белсенділері E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялап, аз уақыт ішінде 50 мыңнан астам азамат қол қойғанын еске салды.
Дербес мемлекеттің ішкі ісіне араласуға, ең бастысы оның ұлттық заңдарына қысым көрсетуге ешқандай ұйымның құқығы жоқ. Ең бастысы, бұл нормалар ұлттың мүддесін қорғауға бағытталған, – деп түйіндеді депутат.