22.12.2025
11:02
686
ЛГБТ насихатына тыйым: заң қоғамды қорғай ала ма?

ЛГБТ насихатына тыйым: заң қоғамды қорғай ала ма?

Қазақстанда дәстүрлі құндылықтар мен ақпараттық кеңістіктің шекарасы заңмен бекітіле бастады. Күні кеше Парламент Сенаты ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңнамалық түзетулерді мақұлдап, қоғамды екіге жарған тақырыпты саяси шешім деңгейіне шығарды.

Енді педофилия мен дәстүрлі емес қатынастарды насихаттайтын кез келген контентке – мейлі ол кино, кітап, мультфильм немесе әлеуметтік желі болсын қоғамдық кеңістікте жол берілмейді.

Жаңа талаптарға сай, мұндай мазмұн анықталған жағдайда өнімдер 18+ немесе 21+ жас шектеуімен белгіленіп, міндетті тексеруден өтеді. Бұл шешім ең алдымен балалар мен жасөспірімдерге бағытталған ақпараттық ағынды қатаң бақылауға алуды көздейді. Заң жобасы Мемлекет басшысының қол қоюына жолданды.

Осы маңызды саяси-құқықтық шешім аясында Астана қаласында «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі баспасөз конференциясын өткізіп, қабылданған заңды ашық қолдайтынын мәлімдеді. Ұйым өкілдері бұл шешімді қоғамның рухани қауіпсіздігі мен бала тәрбиесін қорғаудағы шегін айқындайтын бетбұрыс деп бағалады.

Петиция: 50 мыңнан астам қол

«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбеттің айтуынша, бұл мәселе бір күнде көтерілген жоқ. Ұйым бірнеше жылдан бері ЛГБТ тақырыбының балалар мен жасөспірімдерге арналған ортада кеңінен таралып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп келеді.

фото: Амангүл Тілейқызы

Оның сөзінше, соңғы жылдары мектептерде, қоғамдық ұйымдарда, балаларға арналған кітаптарда, мультфильмдер мен фильмдерде дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды астыртын немесе ашық түрде насихаттайтын материалдар көбейген. Тек биылдың өзінде мұндай сипаттағы 1559 түрлі материал тіркелген.

Осы алаңдаушылықтың нәтижесінде былтырғы жылы ЛГБТ насихатына қарсы петиция жарияланып, оған 50 мыңнан астам азамат қол қойған. Бұл бастамаға «Әкелер одағының» мүшелері де белсенді түрде атсалысқан.

Басты қатер не?

Мақсұтбек Айтмағанбет өз сөзінде басты қауіп ретінде балалардың психологиялық тұрғыда әлі толық қалыптаспағанын атап өтті. Оның пікірінше, 18 жасқа толмаған бала «ақ пен қараны толық ажырата алмайды», өз болмысын енді ғана танып келе жатқан кезеңде кез келген ақпарат оның санасына тікелей әсер етуі мүмкін.

ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанай бұл әсіресе балалар үшін аса қауіпті екенін жеткізді.

фото: Амангүл Тілейқызы

Бес жастағы, үш жастағы, әлде 16-18 жас аралығындағы жасөспірім бе интернетте олардың таңдауы жоқ. Қалаған ақпараттың ішіне еркін кіріп кетеді. Оның баланың психикасына әсер ететіні – даусыз факт, – деді.

Сарапшылар ЛГБТ тақырыбын «қалыпты», «дұрыс» құбылыс ретінде көрсету – балаларға жасанды бағыт-бағдар беру екенін айтады. Бұл үрдістің салдары кейбір елдерде «бірінші ата-ана, екінші ата-ана», «екі әке» немесе «екі ана» ұғымдарының заңды нормаға айналуына алып келгенін мысал етті.

Мақсұтбек Айтмағанбеттің пікірінше, Қазақстан мұндай сценарийге жол бермеуі үшін алдын ала және жүйелі түрде шектеу қоюы тиіс.

«Қауіп кейде ойыншықтан басталады»

«Бабалар аманаты» тарихи-мәдени қорының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы ЛГБТ насихатының қауіптілігі тек ірі медиакеңістікте ғана емес, күнделікті тұрмыста, балаларға арналған ұсақ-түйек заттардың өзінен байқала бастағанын айтты.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда кішкентай балалардың қолына берілетін, қолмен басып ойнайтын жұмсақ ойыншықтардың арасында да күмәнді элементтер кездеседі.

фото: Амангүл Тілейқызы

Бірде балаларым ойнайтын жұмсақ ойыншықтың үстінен қарасам, ЛГБТ туының түстері бейнеленген. Бір жағы көк, бір жағы сары, бір жағы қызыл. Бұл – жай кездейсоқтық емес, баланың санасына ерте жастан белгі беру, – деді ол.

Арайлым Рахымқызы мұндай жағдайда ата-ана бейжай қалмауы тиіс екенін нақты мысалмен жеткізді. Оның айтуынша, өзі бұл ойыншықты төртінші сыныпта оқитын баласына не себепті жат екенін түсіндіріп, кейін жойған.

Мен балама ұл бала ретінде көк түсті ойыншықтың бар екенін, ал қыз балалар үшін өзіне тән түстер болатынын түсіндірдім. Бұл – ұят немесе қорқыныш емес, дұрыс пен бұрысты ажырату, – деді.

Оның пікірінше, балаға түсіндірілмеген нәрсе – ертең оның санасында қалыпты құбылысқа айналады.

Еліктеу

Сарапшы қоғамдағы еліктегіштік психологияға да назар аударды. Әлеуметтік желілердегі трендтер, біркелкі киіну, түрлі түсті үйлесімдер – барлығы өздігінен бейтарап көрінгенімен, белгілі бір символиканы байқамай дәріптеуі мүмкін екенін атап өтті.

Мейрам күндері отбасылардың бір түсті футболкамен суретке түсуі – қалыпты жағдай сияқты. Бірақ бірнеше отбасы бірігіп түскенде, нәтижесінде тағы сол белгілі бір тудың түстері шығып жатады. Біз кейде соны байқамай, өзіміз де дәріптеп кетуіміз мүмкін, – деді ол.

Әкенің жауапкершілігін күшейту керек

Мақсұтбек Айтмағанбет «Әкелер одағы» ұсынып отырған тәрбиелік модельдің негізі әке жауапкершілігін күшейту екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі қоғамда алимент төлемейтін, отбасынан кеткен, бала тәрбиесіне араласпайтын әкелердің үлесі алаңдатарлық деңгейде.

Қазақстанда 700 мыңнан астам жалғызбасты әйелдің барын, мектептердегі мұғалімдердің 80 пайыздан астамы әйелдер екенін алға тартты, ер адамның тәрбиелік рөлінің әлсіреуін әлеуметтік мәселе ретінде бағалады.

Әкелердің спорт, білім, кәсіби бағдар, денсаулық салаларында балалармен тікелей жұмыс істеуі – мінез-құлықтағы ауытқулардың алдын алудың бір жолы екенін айтты.

Қажеттіліктен туындаған шешім

Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанайдың айтуынша, педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттауға қарсы шаралар қоғамда мұндай мәселе болмаған жағдайда мүлде көтерілмес еді.

Заңға шектеу нормалары қоғам өз мәселесін өзі шеше алмайтын жағдайға жеткенде ғана енгізіледі. Бүгін біз дәл сондай кезеңге жеттік, – деді ол.

Бұл шешім тек Қазақстанға ғана тән емес. Халықаралық деңгейде де балалар психикасына әсер ететін контенттің зияны жан-жақты зерттеліп жатыр.

Оның сөзінше, ЮНИСЕФ 2023 жылдан бастап осы мәселені терең зерттеп, баланың психологиялық дамуына кері әсер ететін факторлар туралы деректерді ұсынып келеді. Сонымен қатар Қырғызстан, Латвия, Эстония сияқты елдер де ақпараттық кеңістікте шектеулер енгізген.

Олар интернеттік даму жағынан бізден ертерек өткендіктен, қауіптің алдын да ертерек алды. Біз үшін бұл – кеш емес, қажетті шешім, – дейді.

Өнерге қысым жоқ

Қоғамда заң өнерге, кино саласына кері әсер етеді деген пікірлерге де Нәзипа Шанай нақты жауап берді. Оның айтуынша, өнер-өнер ретінде қала береді, бұл жерде шығармашылық еркіндікке шектеу қойылмайды.

Ол мысал ретінде «Келін Сабина» фильмі мен сатиралық образдарды келтіріп, мұндай кейіпкерлер қудалауға ұшырамайтынын айтты. Сондай-ақ қазақ театр тарихында да ер адамдардың әйел рөлін сомдауы бұрыннан бар құбылыс екенін еске салды.

Тыйым тек бір жынысты адамдар арасындағы жыныстық қатынас ашық түрде көрсетіліп, насихатталған жағдайда ғана қолданылады, – деді.

Әженің тәрбиесі қаншалықты маңызды?

«Бабалар аманаты» тарихи-мәдени қоры жанындағы «Ақ кимешекті аналар» ұйымының өкілі Роза Шәймарданқызы қазіргі қоғамдағы басты олқылықтардың біріәже тәрбиесінің әлсіреуі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұрын қазақ баласы екі-ақ ауыз сөз бен тәрбиеленген: «ұят болады», «обал болады». Ал сол қарапайым, бірақ терең ұғымдар бүгінгі отбасыларда сирек айтыла бастады.

фото: Амангүл Тілейқызы

Бізді сол екі сөзбен өсірді. Сол тәрбие бізде қалды. Ал қазір көп үйде ол жоқтың қасы, – деді ол.

Роза Шәймарданқызы қазіргі «заманауи әже» бейнесіне қатысты қоғамда қалыптасқан қайшылықты да жасырмады. Оның айтуынша, бір бала әжесінің басында қалпақи (шляпа), қолында жасанды тырнақ болып, бата бермейтінін айтып шағымданған.

Сол әжесі кейін маған өзі хабарласып, «үйренуге бола ма?» деп сұрады. Ондай жағдайлар көп, – деді.

Ер баланың мінезі әлсіреп барады

Сондай-ақ қазіргі қоғамда ер балалардың мінезі әлсіреп бара жатқанын да жасырмады. Оның пайымдауынша, бұл – отбасындағы рөлдердің бұзылуымен тікелей байланысты.

Ер балалар әлсіз болып барады. Себебі кей отбасында еркектің рөлі жоғалған. Бар ауыртпалықты әйелдер көтерді, – деді ол.

Сонымен бірге, ол бар кінәні бір жаққа аударуға болмайтынын, әр адам өзін-өзі түзетуі қажет екенін де атап өтті.

Бұл – тыйым салу емес, насихатты шектеу

Сарапшылар ЛГБТ өкілдерінің жеке құқықтарына қол сұғу мақсаты жоқ екенін де нақты атап өтті. Оның сөзінше, мәселе – жеке өмірге араласу емес, қоғамдық кеңістікте, әсіресе балаларға арналған ортада насихатқа жол бермеу.

ЛГБТ өкілдерінің саны аз. Бірақ біз азшылықтың құқығын қорғау үшін көпшіліктің ата-аналардың, балалардың құқықтарын ескерусіз қалдыра алмаймыз, – деді.

Айтмағанбеттің пайымдауынша, ЛГБТ өкілдері өз өмірін өз кеңістігінде сүре алады, алайда оны мектепке, киноға, балалар әдебиетіне енгізу – қоғам үшін қауіпті үрдіс.

Астанада өткен баспасөз конференциясы ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу туралы заңның жай ғана құқықтық норма емес, қоғамның ішкі сұранысынан туған шешім екенін айқын көрсетті. Әкелер, аналар, әжелер мен қоғамдық ұйымдар көтерген мәселенің түп-тамыры бір – баланың санасын қорғау, ұлттың рухани тұтастығын сақтау.

Қабылданған заң ешкімнің жеке өміріне араласуды мақсат етпейді. Ол – қоғамдық кеңістікте, әсіресе балаларға арналған ортада насихатқа тосқауыл қоюға бағытталған.