Мемлекет басшысының газ бағасын белгілеу моделін жетілдіру бойынша тәсілдерді әзірлеу жөніндегі тапсырмасы аясында ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті тұтынушылардың жеке тоғызыншы тобын бөлу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл санатқа «мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек және тұрғын үй көмегін алатын тұрмыстық тұтынушылар» кіреді, деп хабарлайды El.kz Экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл жұмысты аталған комитет қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жүзеге асырды.
«Нәтижесінде, 2022 жылғы 1 сәуірден бастап пилоттық жоба аясында Тараз және Орал қалаларында жоғарыда аталған топтың азаматтары тауарлық газды 20%-ға төмендетілген бағамен алады, ал бұл 3 мыңнан астам тұтынушы. Бұл топтың тұтынушылары сәуір айындағы түбіртектерде газдың жаңа бағасын көре алды», делінген министрлік хабарламасында
Сонымен қатар, бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдармен және ұйымдармен бірлесіп, «QazaqGaz» ҰК» АҚ еншілес компаниясының «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ақпараттық жүйелерін электрондық үкімет шлюзі арқылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік көмек» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы интеграциялау бойынша жұмыс жалғасуда.
«1 шілдеден бастап «мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек және тұрғын үй көмегін алатын тұрмыстық тұтынушылар» санатына жататын тұтынушылардың елдің барлық газдандырылған өңірлерінде төмендетілген бағамен газ алу мүмкіндігі болады», - делінген
Айта кетейік, газға төмендетілген бағаны алу үшін тұтынушы Egov.kz порталындағы АӘК және тұрғын үй көмегін алушы ретіндегі өзінің мәртебесіне көз жеткізуі қажет.