2022 жылы әлеуметтік осал санаттағы 75 мың бала колледжде оқуға грант алды, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Былтырмен салыстырғанда жеңілдікпен оқуға түскендердің саны 25 мыңға артты. Бұл квота санаттары тізбесін кеңейтудің арқасында мүмкін болды. Оқуға түскендердің 1 101-і - ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер.
Биыл жалпы саны 125 мың грант бөлінді. Бұл - рекордтық көрсеткіш.
«ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім берумен 100% қамтуды жоспарлап отыр. Ал биыл тегін оқығысы келетіндер үшін квоталардың тізімі кеңейтілді. Көпбалалы отбасы балалары үшін 5% квота, толық емес отбасы балалары үшін 1% (осы мәртебеге үш жылдан кем болмауы керек) ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы балалары үшін 1% квота қосылды.
Соның арқасында жаңа оқу жылында квота санатына 75 мың талапкер түссе, оның 1 101-і ерекше білім беруді қажет ететін балалар. Колледждерде жайлы жағдай жасау үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.
Биыл қазақстандық колледждерге барлығы 183 мың қазақстандық оқуға түсті.
Оқушылардың ең көп таңдаған салалары - құрылыс, білім беру, туризм, қонақ үй бизнесі және ар да басқа салалар.