Әлеуметтік ахуал мен экономикалық реформа да өзгерістерге мұқтаж – әкім

1 Қыркүйек 2022, 14:01 2833

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, жаңа конституциялық реформа мен сайлау халықты біріктіреді

Биыл елімізде үлкен саяси өзгерістер орын алғалы тұр. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы айтты, деп хабарлайды El.kz

Ол мемлекет басшысының халыққа жолдауында әлеуметтік және саяси бастамалар жөніндегі шешімін қолдайтынын атап өтті. 

«Қазіргі таңда елімізде тарихи саяси реформалар жүріп жатыр. Оларды одан әрі жалғастыру керек. Әлеуметтік ахуал мен экономикалық реформа да өзгерістерге мұқтаж. Соған байланысты көп ұсыныс айтылды. Оның барлығы іске асырылса, жақсы өзгеріс болады. Президент саяси өзгерістер туралы да айтты. Мемлекет басшысының саяси шешімін де атап өткен жөн. Оның сайлауға қатысуы елдің тұрақтылығына өте қажет. Халық қазір бірігуі керек», - деді ол. 

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, жаңа конституциялық реформа мен сайлау халықты біріктіреді.

«Мемлекет басшысының бастамаларын қолдап, ертең сайлау аброймен өтсе, реформаларды жалғастыруға үлкен мүмкіндік береді. Ең бастысы- елдің бірлігі», - деді Берік Әбдіғалиұлы. 

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында кезекті Жолдауын жариялады. Онда Президент әлеуметтік және саяси бастамаларды ұсынды.

Миражан Махан
Бөлісу: