ЛЕОНИД ПРОКОПЕНКО: ҚАЗАҚСТАН - «САН АЛУАНДЫҚ БІРЛІК» ҚАҒИДАТЫН ТАБЫСТЫ ІСКЕ АСЫРУДЫҢ МЫСАЛЫ

19 Қараша 2018, 05:00 2125

Назарбаев орталығында «Көпэтносты қоғам және замануи мемлекет: Даму стратегиялары» атты ғалымдар мен сарапшылардың халықаралық форумы өтті.

Форумның ашылуында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко іс-шара тақырыбының өзектілігін атап өтті.

«Астана клубының IV отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік геоэкономика мен геосаясатқа айналатын шиеленісті шиыршығының шығу жолын іздестіруге шақырды. Бүгінгі күннің басты тренді –«стратегиялық тұрақтылық негіздерін жою» болып табылады. Осы тұрғыда бүгінгі кездесудің тікелей міндеті – көпэтносты қоғамдарды ықпалдастырудың жаңа жолдары мен әдістерін іздеу және мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастағы бейбітшілік, келісім мен қауіпсіздік қағидаттарына жауап беретін стратегиялар бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады», – деді ҚХА хатшылығының меңгерушісі.

Оның айтуынша, Елбасы Қазақстанның әлемдік «ыстық» проблемалардың барлық спектрі бойынша өнімді және сындарлы позициясын нақты және айқын көрсеткен. Сондай-ақ 90-шы жылдардың басындағы барлық теріс және тіпті апокалиптикалық болжамдарға қарамастан, Қазақстан «сан алуандық  бірлік» қағидатын табысты іске асырудың үлгісі болғанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда тұрақтылықтың басты әлемдік тренді – бұл қоғамдық келісім мен бірліктің базисі ретіндегі әлеуметтік әл-ауқат. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көпэтносты Қазақстанның стратегиялық дамуын экономиканы, әлеуметтік саланы, саясат пен қоғамдық сананы жаңғырту призмасы арқылы қарастырады», – деді Леонид Прокопенко.

Спикер атап өткендей, бірлікті нығайтудың әлеуметтік негіздеріне баса назар аударылуда, әлемдік даму үрдістерін алға жылжытуда Президент «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынды. Сонымен қатар қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі нақты күшке айналды, өйткені онда бір этностық компоненттерді басқаларына сіңіру жоқ, сондай-ақ онда оқшауланған этностар жоқ.

«Мемлекет басшысының ұдайы назарында өңірлік тұрақтылықты анықтайтын факторлар ретінде көршілес мемлекеттермен ықпалдастық және ынтымақтастық мәселелері тұр.

Қазақстан Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен қатынастардың барлық спектрі бойынша өзара іс-қимылды күшейтуді дәйекті түрде қолдайды. Қазақстандағы Өзбекстан жылы — достық пен тату көршілік, сонымен бірге біздің мәдениетіміздің тарихи ортақтығының жарқын символы», – деп атап өтті ҚХА басшысының орынбасары.

ХХІ ғасырда бүкіл әлемде көпэтносты қоғамдағы өзінің ұлттық даму стратегиясын анықтауда үлкен тәжірибе жинақталған. Алайда, бұл мәселе жаһандық беріктікке сыналады. Қазақстан этностардың бірегейлігі мен бірлігінің, интеграциясының өз стратегиясын ұсынады.

«Біз өз жолымызды таңдап, өз жүйесін әзірледік. Бұл ретте екі фактор басты рөл атқарды: Президенттің саяси ерік-жігері және ол құрған этностардың біртұтас халыққа кірігуінің моделі. Біз аз ұлттар ұғымынан бас тарттық. Яғни, бір ел — бір тағдыр принципі бойынша бірікті. Бірігу үдерісінде мәдени-тарихи өзегіне қазақ халқы мен мемлекеттік тіл біріктіруші фактор ретінде кіреді», – деп атап өтті спикер.

Ол әртүрлі қажеттіліктерге сезімтал мультикомпонентті қоғамды қалыптастыру және әр компоненттің өз орны болатын қоғамның жаңа стандарттарын әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара іс-қимыл туралы Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаев айтып берді. Ол өңірде Орталық Азияның мүдделеріне және ағымдағы жылдың наурыз айында Астана форумы барысында Мемлекет басшылары белгілеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев белгілеген басымдықтарға жауап беретін келісілген саясатты жүргізу бойынша жоғары деңгейдегі қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудағы жетістіктің кепілі болып табылатынын атап өтті.

«Екі елдің Президенттері – Шавкат Мирзиеев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын және сенімді қарым-қатынастары біздің елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік тарихының жаңа бетін ашты. Тұрақты кездесулер қысқа уақыт ішінде стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне жетуге мүмкіндік берді», – деді Елші.

2019 жыл Қазақстанның Өзбекстандағы жылы деп жарияланды. Саидикрам Ниязходжаев хабарлағандай, Қазақстан жылын Өзбекстанда өткізу бойынша үлкен іс-шаралар бағдарламасы әзірленуде, жақын арада олар жарияланатын болады.

Форум аясында Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделіне арналған үздік ғылыми жобалардың республикалық конкурсының жеңімпаздары марапатталды.

Гран-при – Мұрат Насимов, «Болашақ» универститетінің тәрбие жұмысы және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Қызылорда облысы.

Жоба атауы: «Жаңа технологиялық тәртіп шарттарындағы ақпарат және киберәлеуметтену».

І орын – Рысты Керимбаева, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты, Жамбыл облысы.

Жоба атауы: ««Мәңгілік ел» ұрпағының рухани тұлғасын қалыптастыруда этнопедагогика материалдарын пайдалану».

ІІ орын – Анна Свинарчук, жоба жетекшісі, педагогика ғылымдарының магистрі, А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті. Жайлагүл Сагандыкова, «I-Bridge» тілдік мектебінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, Ақмола облысы.

Жоба атау: «Жастар ортасында этносаралық толеранттылықты нығайту».

ІІІ орын – Қарылғаш Қайралы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті, педагогикалық факультеті, «Тарих және ӘГП» кафедрасының оқытушысы, тарих магистрі.

Жоба атауы: «Депортация дәуіріндегі қазақ халқының ізгілікті-гуманистік келбеті (Батыс Қазақстан мысалында)».    

Іс-шараның жалғасы ретінде ғалымдар мен сарапшылар қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделінің рөлін талқылады.

 

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

Бөлісу: