Әлемдік діндер съезінде Елбасы еңбегін арнайы құжатқа енгізу ұсынылды

18 Қыркүйек 2019, 14:52 2468

 

 Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XVIII хатшылығының отырысы өтті. Отырысқа Қытай, Оңтүстік Корея, Тайланд, Ресей, Мысыр, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Ватикан, Ұлыбритания секілді жалпы саны 19 елден келген түрлі діндер өкілдері мен көшбасшылары қатысты. Күн тәртібінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің қорытындысы мен Хатшылықтың алдағы шаралары және 2021 жылғы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін өткізу жөніндегі ұсыныстар талқыланды.

Отырысқа төрағалық еткен ҚР Парламенті Сенатының төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Дариға Назарбаева Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары ішінде бүкіл әлем мойындаған бітімгер елге айналғанын айтты. «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу идеясының авторы болды. Өткен жылдары Қазақстанның орасан зор ядролық қару арсеналынан бас тартуына бастамашы болған, бүкіл әлем мойындаған бітімгер, Тәуелсіздік жылдары ішінде өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықтың тірегіне айналған елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын ең ірі әлемдік діндер мен конфессиялардың басшылары қолдады», - деген Сенат спикері съездің алғашқы отырысы өткен он алты жылдың ішінде халықтардың бейбіт және қауіпсіз әлемде өмір сүруі үшін көптеген істердің атқарылғанын тілге тиек етті. «Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі Жер бетіндегі бітімгершілік процесіне, адамдарды төзімділік пен сыйластық рухында тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты деп санаймын», - деді Дариға Назарбаева. Сондай-ақ, экстремизм, терроризм мәселелері өзектілігін жоймағандығына назар аудартып, конфессияларға жасалған экстремистік қастаңдықтар мен зорлық-зомбылық актілері қоғамға іріткі салуды көздеген мақсатына жете алмайтындығын, керісінше, оның бейбіт өмір үшін адамзатты біріктіретініне күмән келтірмейтінін айтты.

Отырыста сондай-ақ, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының мүшелеріне «Ерікті елші» атағын беру туралы мәселе көпшілік талқысына ұсынылды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілхановтың айтуынша, ерікті елшілер съезд атынан және оның тапсырмасымен түрлі әлемдік диалог алаңдарында съездің идеялары мен тұжырымдамаларын насихаттау, сөз сөйлеу құқығына ие бола алады.

Және бір елді елең еткізген жаңалық, «Сомайя Бахаратия Санкрити Питам» үнді мәдени орталығының директоры Кала Дхананджей Ачария ханым ұсынған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің әнұранын шығару туралы болды.

Сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XVIII хатшылығының жұмыс тобы арнайы құжатпен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбегін мәңгі есте қалдыруды ұсынды. Олар 2021 жылғы Әлемдік діндер съезінің өткізілуі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келетіндігін атап өтіп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың съезді шақырудағы, оның идеяларын әлемдік аренада ілгерілетудегі іргелі үлесі туралы айтты.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі 2021 жылы 15-16 маусымда өткізіледі деп келісілді. Бұл күндер жұмыс тобының мүшелерінің өз елдерінде аталып өтілетін діни мейрамдармен немесе қандай да бір діни, саяси оқиғалардың уақытымен сәйкес келмейді. Сондықтан жұмыс тобының мүшелері бірауыздан форумды өткізу уақытын осы күндерге белгіледі.

Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша  none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз. color:#3B3C3C">


Нұргүл Қалиева
Бөлісу: