Апаттың басты себебі – құрғақшылық. Демалыс күндері Қостанай облысы орманнан шыққан қызыл жалынмен күрессе, АҚШ-тың Солтүстік Калифорния штаты да екі орманнан шыққан тілсіз жауды ауыздықтады.
АҚШ телеарналары хабарлағандай, орманға жақын ауыл тұрғындары бірден қауіпсіз жерге көшірілген. Сискию ауданының штат губернаторы Гэвин Ньюом ауылдық округте төтенше жағдай жариялап, өрт салдарынан бірнеше тұрғынның зардап шеккенін мәлімдеді.
Олар қазір жақын маңдағы ауруханада ем-дом қабылдап жатыр, - деді штат басшысы.
Тілсіз жау 4 мың гектарға жуық аумақты қызыл жалынға ораған. Сенбі күні өрт 20 пайызға эвакуацияланған. Қауіпсіздік қызметкерлері қажетті іс-шаралар жалғасып жатқанын айтады.
Euronews телеарнасының мәліметінше, биыл Еуроодақ елдеріндегі орман өрттері рекордтық көрсеткішке жеткен – 700 мың гектар аумақ. Еуропалық орман өртінің ақпараттық жүйесінің (EFFIS) деректері бойынша Испания орман өртінен ең қатты зардап шеккен, елдің 283 000 гектардан астам жері өртеніп кеткен. Одан кейін Румыния (150 735), Португалия (86 631), Франция (62 102) және Италия (42 835) тұр.
Мамандар соңғы жылдары әлемдегі өрт саны күрт өскенін айтады. Мәселен, тамыз айының ортасында дүние жүзінде 2 300-ден астам өрт тіркелген, бұл 2006-2021 жылдарда тіркелген 1 349 өрт оқиғасының орташа көрсеткішінен біршама жоғары.
Ауа температурасының жоғарылауы, климаттың өзгеруі, құрғақшылық жайлап, жауын-шашынның аз түсуі орман өрттерінің басты себебі болып тұр, - дейді мамандар.
Еуропалық Комиссияның Бірлескен зерттеу орталығы бұл соңғы 500 жылдағы өрттің ең жоғарғы көрсеткіші екенін мәлімдеді.