Әлем таныған балуан

30 Сәуір 2021, 11:33 4315

Жақсылық Үшкемпіров туралы естелік

Жақсылық Үшкемпiров – қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы. Жамбыл облысы Тегiстiк ауылының тумасы 6 мамырда тiрi болғанда 70 жасқа толар едi. Чемпионның мерейтойы қарсаңында El.kz порталы спортшы туралы құнды деректер ұсынады.


Жақсылық Үшкемпiровтiң чемпиондық жолы

«Боз кiлемде жасындай жарқыраған жылдары қалың жанкүйер жанкештi ұлы жеткен жеңiсiнiң санынан жаңылатын. Жақаң он бес жыл аса жеңiл салмақта (48 келi) алты алаштың көз қуанышы болды. Ел намысын қолдан бермей, қазақтың қайсар мiнезiн танытты. Алдымен бүтiн Кеңес Одағының балуандарын сыпыра ұтты. Атағынан ат үркетiн қарсыластары қандай едi? В.Савчук, В.Чавка, Ф.Құрбанов, А.Вайнберг, В.Нецветаев, В.Аникин, А.Бозин, А.Шумаков! Аса жеңiл салмақтағы бұл балуандаресiмiне сол кезде әлем жанкүйерлерi қанық», - дейдi чемпион жайында естелiк кiтап жазған Төлеген Жәкiтайұлы.

Бұл саңлақтарға сол кезде Кеңес Одағына қараған 15 республика мен Мәскеу, Ленинград қалаларының балуандары бар. Он бес республика - қазiр бiр-бiр жеке мемлекет. Сол тұстағы Кеңес Одағының құрамасы дүние жүзiнде командалық бас бәйгенi ешкiмге бермейтiн. Бұл – одақта күрестiң даму деңгейi өте күштi болды деген сөз. Мiне, Жақсылық Үшкемпiровтiң алдында алынбас қамалдай болып, осындай «сен тұр, мен атайын» балуандар самсап тұрған. Жақаң жылдар өте сол қалың қолдай самсаған кiл мықтыны шетiнен жеңiп шықты.

«Жеңiп шықты деу, айтар ауызға ғана оңай. «Тас түскен жерiне ауыр». Болмаса, өз салмағында КСРО құрамасында бiрiншi орынды талассыз иемдену үшiн жұмсалған қажыр-қайратты, төгiлген тердi, белуардан кешкен бейнеттi Жақаңның өзi ғана бiлер. Бiр жыл, екi жыл емес, табаны күректей он бес жыл тек бiр салмақта ғана күресудiң қиындығын боз кiлемде бақ сынағандар жан-тәнiмен сезiнедi. Оған екiнiң бiрiнiң төзiмi жетпейдi. Iшкiсi келгендi iше алмай, жегiсi келгендi аузына сала алмай, емiн-еркiн жүре алмай, күрестен өзге тiрлiкке мойын бұра алмай он бес жыл төзуге тек Жақаң сынды, жiгiттiң сойы ғана шыдайды. Рас, қолдан жасалған сан қилы кедергi, әдiлетсiздiк қайта-қайта жолын бөгей берген кезде шет жерде, жат жұртта жалғыз жүрiп жабыққан, қамыққан шақтары да болғаны анық. Бiрақ, «азамат ердiң баласы, жабыққанын бiлдiрмес, жамандар мазақ қылар деп». Iштен тынып, талай сорақылықты көзбен көрiп, жүйкесi жүндей түтiлсе де бәрiне шыдады. Қайысқан жоқ, бүгiлмедi. Өйткенi ол «жарға бiткен жантақты, жаннан безген нар жейтiнiн» тым жақсы бiлетiн. Өзiнiң тектi атаның ұлы екенiн, тепсiнiсiп келгенде, дулығалы бас кескен алдаспаннан өткiр қолы бар батыр халықтың ұрпағы екенiн дәлелдеуге тиiс едi. Дәлелдеп шықты-ау, ақыры! Ендi Жақаңның сол боз кiлемдегi жарқын жолына үңiлiп көрелiкшi. Төрт жылда бiр рет өтетiн КСРО халықтарының жазғы спартакиадасында үш мәрте бақ сынаған. Алғашқыда жүлдегер, ал 1975 жылы чемпион атанды. «Кiшi әлем чемпионаты» деген аты шартарапқа мәшһүр И.Поддубный атындағы халықаралық турнир кiлемiнде сегiз рет белдескен. Нәтижесiнде, төрт рет төртiншi орын, бiр күмiс, екi қола және 1981 жылы алтын медальдi кеудесiнде жарқыратты», - дейдi Т.Жәкiтайұлы.

Жақсылық Үшкемпiров екi дүркiн КСРО чемпионатында топ жарды (1975 жылы және 1980 жылы), алты рет жүлдегер атанды. Бүкiлодақтық ауыл спортшылары бiрiншiлiгiнiң алтын тұғырына қатарынан тоғыз жыл табан тiредi. Яғни, тоғыз дүркiн чемпион! Қазақстан чемпионатын әлденеше рет жеңiп алды. 1980 жылғы Еуропа чемпионатының күмiс жүлдегерi. Мәскеу Олимпиадасының чемпионы! Қазақ қазақ болғалы Олимпиада дуына үкiлеп балуан қосып, тұңғыш «алтынға» қол жеткiздi. Жақсылық Үшкемпiров грек-рим күресiнде ұлтының қолын «алтынға» жеткiзiп, мәртебесiн теңiздей тасытқан, Олимпиада жекпе-жегiнде олжа салған тұңғыш қазақ. Iле-шала (1981 ж.) әлем чемпионы атағын қанжығасына байлады. Одан соң әлем Кубогiнiң иегерi атанды (1982 ж.). Мiне, бұл Жақсылық Үшкемпiров жеткен жетiстiк.


«Жақаң әлемдiк додаларда кiмдердiң жауырынын жер иiскеттi? Жоғарғыдағы түйiндi сөзiмiздiң дәлелi ретiнде оны да зерделей айтып өткен жөн шығар. Болгар Павел Христов – өз елiнiң бiрнеше дүркiн чемпионы, Еуропаның күмiс, әлемнiң қола жүлдегерi. Жақаң Чехославакияда (1979 ж) бұл Павел Христовты келiстiрiп тұрып жеңген. Поляк Роман Керпач — 1977 жыл мен 1980 жыл арасында әйгiлi румын балуаны Константин Александрумен ғана үзеңгi қағысып, Итжығыс түсiп жүрген жырынды едi. 1980 жылы Р.Керпачқа Жақаң Еуропа чемпионатында бармағын қайырып алып, есе жiберген едi. Өзге атақ-даңқын санамағанда Р.Керпач 1980 жылғы Еуропа чемпионы. 1977-1980 жылдар аралығында әлемдiк сараптама бойынша 48 келi салмақтағы ең үздiк балуанның бiрi ретiнде танылды. Ал, К.Александрудың екпiнi сол тұста мүлде сұмдық едi. Қараңыз, 1974-1975 және 1977-78-79 жылғы бес дүркiн Еуропа чемпионы! Мықтыны мықты деу керек. 48 келiде мұндай атақ әлем бойынша тек осы румын балуанында ғана бар. 1978-79 жылдарда екi дүркiн әлем чемпионы атанды. Екеуiнде де «алтынды» Кеңестiң 48 келiдегi бас балуаны Алексей Шумаковтың қолынан тартып әкеткен. Екi рет Шумаков күмiс алады. Ал, үшiншi жүлде иесi - Р.Керпач. Бүкiлдүниежүзiлiк универсиада кiлемiнде 1977 жылғы А. Бозиннiң жауырынын жер иiскеткен Константин Александру бүгiн КСРО-дан румын елiнiң иығын оздырды. Кеңестiң күрес мамандары «алтыны» үш жыл қатарынан К. Александрудi жеңбек тұрғай, онымен тең түсер орыс ұлын таба алмады. Кезектi халықаралық турнирде КСРО балуаны В.Хатуновтың жолын тағы да К.Александру кестi. Бұл жолы екiншi орында В.Хатунов тұрды. Үшiншi орында әйгiлi Роман Керпач. Жұмыр жер көз тiккен келесi сында К.Александру және тұғыр төрiне табан тiредi. Екiншi орын Р.Керпачқа, үшiншi орын жапон балуаны Сасакиге бұйырды. Кеңес балуаны құралақан қайтты. 1979 жылғы Еуропа чемпионатының алтын жүлдесiн К.Александру «ойнап жүрiп» алды. Күмiстi болгар П.Христов, қоланы Кеңес Одағының намысын қорғаған А.Бозин еншiледi. Болгарияда сол жылы өткен «Никола Петрови атындағы халықаралық турнир тағы да К.Александрудың қанжығасында кеттi. Екiншi, үшiншi орынды болгарлықтар бөлiсiп, кеңестiктер мүлде жүлдесiз қалды. Мұның бәрiн жiпке тiзгендей неге айтып отырмыз. Әсiресе, К.Александруға неге көп тоқталдық?! Себебi, румын балуаны сол кезеңде өз салмағы бойынша бес құрылықта ешкiмге дес бермей, жеке-дара тұр едi», - дейдi Жақсылық Үшкемпiров туралы естелiк кiтаптың авторы.


Расымен де, К.Александру Мәскеу Олимпиадасы алдында өзi қатысқан тоғыз бiрдей iрi бәсекеде ешкiмге дес бермеген. Еуропа, әлем чемпионатымен қоса қатарынан тоғыз додада топ жарады. К.Александру нағыз «бәйгемдi шаппай бер» дейтiн хас жүйрiк едi. Күрестiң есеп-шотын қаққандар сол тұста Мәскеу Олимпиадасының 48 келi салмақта сарапқа салынар «алтынын» К.Александрудың қанжығасына алдын ала байлап қойған. Мiне, осы қос бiлегiнен күш саулаған, азуын айға бiлеген, әлем бойынша бiрiншi рейтингтегi Константин Александрудың ең алғаш бетiн қайтарған, тастай жiгерiн құм еткен қазақ ұлы болды.

Балуанды тоғыз жыл дүниежүзiлiк додаларға жiбермеген

1979 жылы К.Александру Алматыға, Сұлтан Баймағанбетов атындағы турнирге арнайы шақырылған. Бұл да әйгiлi турнир. К.Александруың алыстан ат арытып келуi де тегiн емес. Мiне, осы турнирде Жақсылық Үшкемпiров румын балуанын ұпай санымен ұтып алған. Жеңiлмейдi деп жүрген К.Александруды да жеңуге болатынын қазақ жiгiтi солай дәлелдеген едi. Өзгелер Константин төрттағанға тұрғанда оның бауырын кiлемнен ажырата алмай әлек болатын. Ал, Үшкемпiров сол жолы румынның кiндiгiн кiлемге тигiзбедi. Оңға да, солға да, шыркөбелек айналдырып, айқын басымдылықпен жеңген.

«Соңғы үш жыл iшiнде алғаш рет Константин қаршығадай қағылез қазақтан айласы да, қайраты да кем соғып, елiне жеңiмпаз емес, жүлдегер ғана болып қайтты. Ж.Үшкемпiров өзiнiң әйгiлi румын балуанынан да басым екендiгiне кеңес құрамасы бапкерлерiнiң көзiн және бiр жеткiзген. Ж.Үшкемпiровтiң сонша көп жүлделерi арасында әлемдiк додлар бәйгелерiнiң санаулы ғана екендiгiн көзiқарақты оқырманның бiрден байқағанына шүбә жоқ. Себебi, Ж.Үшкемпiровке келгенде құрама бапкерлерiнiң көзқарасы, мысалдап айтқанда, өгей баласын қақпайлай беретiн өгей әкенiң көзқарасындай. Өздерiне салса оны Одақ көлемiнен асырмаған қалпы «қартайтатын» едi. Бiрақ, «өгей бала» өзiнiң шамырқанса жан шақ келтiрмес шарболаттай шымырлығы арқасында әуелi Кеңес құрамасынан өз орнын ойып тұрып алды. Ешкiмге дес бермедi. Өкiнiшке қарай, ол кез – ешкiмге дес бермейтiндi де көзге iлмеуге, ескермеуге болатын кез едi ғой. Сол себептi де, Ж.Үшкемпiров КСРО құрамасына алынған жетпiсiншi жыл басынан бастап 1980 жылға дейiн тұп-тура тоғыз жыл дүниежүзiлiк бәсекеде бақ сынауға жiберiлмедi. Жо-жоқ, бұған қарап Ж.Үшкемпiров сол тұста шет елге мүлде шықпаған екен деген ой тумаса керек. Керiсiнше, Жақаңның төрткүл дүниеде топырағына табаны тимеген мемлекет сирек шығар. Чехословакия, Франция, Германия, Югославия, Дания, Австрия, Сирия, Норвегия, Румынияда белдескен. Бұлардың кейбiрiне екi реттен барыпты. Болгария мен Польшаға үш қайтара, Венгрия мен Финляндияға төрт қайтара сапар шеккен. Ал, Швецияда бес мәрте бақ сынаған. Бәрiнде де қазақ ұлының мерейi үстем болыпты. Бiрақ, қалай дегенмен де, мұның бәрi жиылып жыл сайын барқұрылық көз тiккен әлем чемпионатының, Еуропа чемпионатының төрт жылда бiр өтетiн Олимпиаданың шенiне келмейдi ғой. Жүлденiң шоқтығы биiк, соқталысы солар емес пе?! Егер Кеңес құрамасы бапкерлерi әдiлдiктi белден баспағанда Жақаң 1975 жылғы әлем чемпионатына да, 1976 жылғы Монреаль олимпиадасына да даусыз баруға тиiс едi. Сол жылдары одақ көлемiнде бұл балуан асқан белестер сөзiмiздiң айқын дәлелi. Бiрақ, ол тұста ашық айтылмайтын «саясат» бойынша өзге ұлт өкiлдерiнен гөрi бапкерлердiң бүйректерi «өздерiне» көбiрек бұрылатын. Ж.Үшкемпiров сол саясаттың зардабын тым көп тартқандардың бiрi», - деп еске алады Төлеген Жәкiтайұлы.

Жиырма тоғыз жасқа жеткенше сонша жасалған көпе-көрнеу әдiлетсiздiктердiң бiрде бiрiне сыр бiлдiрмеген балуанның алдында ертең өздерiнiң ұятқа қалатынын анық сезiнгенде ғана бапкерлер оны 1980 жылы, дәл Олимпиада қарсаңында Еуропа чемпионатына тұңғыш рет жiберiптi. Не дегенмен де, қазақ балуаны бағының көп жыл қолдан байланғаны ащы да болса шындық. Тап сол жолы бапкерлер ұяттан бұрын Кеңес құрама командасында атақты К.Александруды Алматыда сүрiндiрген қазақ ұлынан - Жақсылық Үшкемпiровтен өзге балуандары жоқ болған соң да амалсыз көнген шығар деп. Себебi, А.Бозин, А.Шумаков, В.Хатуновты жеңу Александруға бұйым болмай қалған. В.Аникин, В.Нецветаев Одақтың өзiнде бiр қалыпты күресе алмайды. Бұларға сену қиын. Темо Казарашвили тым жас болғандықтан, тәжiрибесi аз. Ал, Жақсылық болса Александруды да Керпачыңды да, Христовыңды да жайпап шығады. Сондықтан бапкерлер Үшкемпiровтi Еуропа чемпионатына амалдың жоқтығынан жiберген.


Чемпионның балалық шағы қалай өткен?

«Жарықтық Бәтима әжем менi қызғыштай қорып, тура алақанында өсiрдi. Әжемнiң баласы болғандықтан әкемдi «тәте», анамды «жеңеше» деп атайтынмын. Әжемнiң бойы аса биiк болмағанымен, денелi, iрi кiсi. Қашаннан қазаны мол едi. Адуынды мiнезi бүкiл ауылды ықтыратын. Әжемнен ықпайтын тек әкем ғана. Қандай қатулы кезде де әжем әкем алдында жiбiп сала беретiн. Себебi, әкемнiң өзi атадан жалғыз ғой. Атам Әмiрәлi мен Бәтима әжем он бес ұл-қыз сүйген. Бiрақ, бәрi сол сәби кездерiнде шетiней берген. Бала тоқтамай қойған соң, он бесiншi туған ұлды қазақтың ежелгi ырымы бойынша он шақты шалдың шапанының етегiне бөлеп, қолдан қолға өткiзiп, ең соңында үш кемпiрге кезек көтертiптi. Сөйтiп, есiмiн де елеусiздеу етiп, Үшкемпiр қоя салған. Әкем әжемiздiң сондай зарығып көрген ұлы. Әмiрәлi атамыз ауыл- аймаққа қадiрлi адам. Ауыл қариялары оның жалғызының тiлеуiн жарық дүниеге шыр етiп түскен кезiнен тiлептi. Атамыз дүниеден ерте озған. Әкем ел қатарлы жетiлген, арнаулы бiлiм алған. Мамандығы – есепшi. Өмiр бойы кәсiбiне адал болды», - дейдi чемпион өз естелiктерiнде.

Спортшы ауыл балаларына тән қандай ойын бар, соның бәрiн ойнап өскен. Өз сұхбаттарында «қатарымның алдында жүрдiм деп айта алмаймын. Әйтеуiр, ешқашан топтың соңында қалмағаным анық» дегендi ерекше атап өтедi. 2013 жылы Жақсылық Үшкемпiровпен сұхбаттасудың сәтi түскен едi, сол кезде чемпион бала кезiнде суға жүзгендi ерекше ұнатқанын айтты. Ол туып-өскен ауылдың iргесiнде Талас өзенi ағып өтетiн. «Талас өзенінің жағасынан бала бiткен ертеңнен кешке дейiн үйiрiлiп шықпайды. Сонда көбiне суға жүзiп жарысамыз. Оның түрi көп. Құлаштап жүзу, итшелеп жүзу, шалқалап жүзу, су астымен сүңгу тағысын тағы... Мен суға түсудi өте жақсы көрдiм. Содан шығар есейе келе суға жүзуден де, сүңгуден де алдыма жан салмайтын, кәдiмгi ауыл чемпионы атандым», - дейді өзі.

Ж.Үшкемпіров дүниеге келгенде ешқандай ырым-жырым жасалмаған екен. Бірақ, оның атасы туғанда жасалған. Себебі, арғы атасы мен әжесінің он төрт баласы жастай шетінеп кете берген. Әжесі босанғанда шал-кемпірдің қолынан өткізіп, үш кемпірдің етегіне оратқан. Есімін де елеусіздеу Үшкемпір қоя салған екен.

«Менiң алдымда Алтынкүл есiмдi әпкем бар. Одан кейiн бiр ұл сәби шағында шетiнеп кеткен. Мен үшiншi туған баламын. Менен кейiн Шырынкүл қарындасым. Менiң дүниеге келуiм жайлы анамның күле отырып айтатын әңгiмесiнiң бары рас. Маңайдың бәрi анамның сатушы екенiн бiледi. Ауылды жер тәулiктiң кез келген мезгiлiнде керектi затын iздеп дүкенге келе бередi ғой. Дүкен үйдiң iшiнде болғандықтан анам маған аяғы ауыр шағында да саудасын ақырындап жүргiзе берсе керек. Сол күнi де қоржын тамның iргесiн дүрсiлдетiп тал түсте атты кiсi келе қалады. Әжемнiң жамағатпен намаз оқуға кетiп, үйде жалғыз қалған анамды толғақ қысып, бүк түсiп жатып қалған кезi екен. Сырттағы кiсi аттан түспей, қамшысымен терезенi тарсылдатып, айғайды салып тұр дейдi. «Әй, келiн, жолаушы келе жатырмын. Сабыныңнан бар болса бiреуiн бере ғой, айналайын!» Осы өңiрге сыйлы Сарманқұл ақсақал екенiн даусынан таныған анам қиналса да орнынан тұрады. Амалдап қоржын тамның екiншi бөлiгiне етiп, сабынды алады. Әрең-әрең жүредi. «Толғатып тұр едiм» деп қалай айтсын. Ақсақалдың ойында дәнеңе жоқ. Есiк алдында атын көлденеңдеткен қалпы, келiнi алып шығатын сабынын күтiп қамсыз тұрмай ма. Анам «Мiнекейiңiз» деп, әлгi сабынды табалдырықтың iшкi жағынан бере салмақ оймен ұмсынып қалғанда, мен тура сол жерде шыр етiп дүниеге келе қалыппын. Қатты сасқан Сарманқұл ақсақал аттан жас жiгiттердей қарғып түсiп, менi жерден көтерiп алыпты. Дес бергенде, сол мезет әжем де келе қалған. Шынында да өзi алыс сапардан оралған бетi, үйiне сабын алакету үшiн ғана бiздiкiне бұрылған Сарманқұл ақсақал: «Бұл керемет жақсылық екен. Үйiме жетпей сәбидiң шырылдаған үнiн естiдiм. Алла тағаланың бұдан артық қандай жақсылығын көрмекпiз. Бұл ұлдың аты Жақсылық болсын» деп менiң атымды сол жерде Жақсылық қойыпты. Мiне, бiздiң туу тарихымызда осындай оқыс оқиға бар. Бұл жайлы әсiресе, анам жиi айтатын» - депті чемпион.

Спортшы болған соң, күні сапармен өтетіні белгілі. Кейде жылына бiр-екi рет қана ата-анасына барып, төбе көрсетеді екен. Сонда анасы: «Кiсi көп жүрген есiк аузында, табалдырықта туып едiң. Жерден алғаш көтерiп алған жолаушы адам. Сенiң өмiрiңнiң негiзi сапарда, жол үстiнде өтер-ау деп iштей жорамалдаушы едiм. Сол жорамалым ақыры шындық болып шықты» дейді екен. Расымен де анасының сөзі шындыққа келетін секілді.

Бала Жақсылық бокстан неге кетті?

Жақсылық Үшкемпіров алғаш бокс қолғабын киген. Оған себеп, ауылына бокс жаттықтырушысының келуі.

«Мен сегiзiншi оқып жүргенде боксқа қатыстым. Дәл екi ай. Екi айда едәуiр дайындалдық. Бапкер жiгiт бiздердi қызықтыру үшiн шығар, анда-санда бокс қолғабын кигiзiп, жекпе-жекке шығарып тұратын. Өзi мектепте бар-жоғы жалғыз пар қолғап. Қашан бiздiң қолға тиер екен деп тыпыршып жүремiз. Ұстазымыздың көңiлi түсiп, жекпе-жекке шығара қалғанда аянып қаламыз ба. Бокстың әлiппесiн ендi үйренiп жатқанымызда шаруамыз жоқ, өзiмiздi кәнiгi боксшыдай сезiнiп, бар өнерiмiздi саламыз ғой, баяғы. Қарсыластың осалы кезiге қалса, соққыны қарша боратып, бiр жетiсiп қаласың. Бiрақ, сол күнгi қарсылас осал болмады. Өзiм тұстас қарашайлық бала едi. Ұстазымыз көп баланың арасынан екеумiзге ерекше назар аударып, арнайы уақытын бөлiп, сан алуан шеберлiктi тiптi, оңаша алып қалып та үйрететiн. Сондықтан болар екеумiздiң бокстасуымыз өзгелерге қарағанда анағұрлым сауатты едi. Бапкер жiгiт бiздi өзгелерге үлгi қылатын. Жаттығу соңында әлгi қарашай бала екеумiздi әдеттегiдей ортаға шығарды. Техникамыздың ендi-ендi қалыптасып жатқан кезi ғой, сартта-сұрт қойғыласа кетемiз. Бапкер тоқтата қойып, қатемiздi түзеп, қайта бокстастырады. Жеңiлу намыс. Қарашай баланы жалп еткiзiп құлатсам, беделiм бiр-ақ күнде көтерiлiп шыға келер едi. Ашық қалған сәтiн аңдып, бар күшiммен ұрамын. Қарашай бала жылпың. Соққымды оңайлықпен дарытпайды. Оң мен солға кезек секiрiп, ол да дәлдеп тигiзудiң қамында жүр. Шiренiп ұрған сондай бiр соққысын бұғудың орнына, шегiнiп қалып өткiзбекке, қалт артқа секiргем. Соққы дарымаса да көзiмнiң оты жарқ ете қалғаны. Сөйтсем, қолғап бауының ұшындағы темiр мұрнымды көлденеңiнен сойып түсiптi. Қатты тiлгенi соншалық, орны осы күнге дейiн бар. Анықтап қарағанда тыртық iзi көрiнiп тұрады. Мiне, бұл сол «боксшылықтан» қалған бiр белгi. Әкемiзден ұрыс естiп, сөйтiп бокспен қоштастық. Атын ұмыттым, Остапкин деген сол қарашай бала кейiннен бокстан «халықаралық дәрежедегi спорт шеберi» атанды. КСРО чемпионатында екiншi орынды иелендi. Олар бала кездерiнде-ақ Пятигорскiге көшiп кеткен. Пятигорск қарашай жерi ғой. Бiз көп жылдан кейiн кездестiк. Менiң КСРО құрамасында жүрген кезiм. Ленинградта (қазiргi Санкт-Петербург) өткен бiр iрi жарыста менi танып, өзi келiп амандасты. Ұмытпапты. Бала шақта талай суға бiрге түсiп, бiрге ойнап өскенбiз ғой. Қатты өзгерiп кеткен, мен әрең таныдым. Сол Ленинградта тұрады екен, болмай үйiне шақырып, қонақ қылғаны бар», - дейді.


Спортшының күреске келу тарихы

Жақсылық Үшкемпіров үшін Семей қаласының орны ерекше. Себебі, осы қалада ол оң мен солын танып, жетілген. Сол қала ауылдың қара баласын бүтiн өмiрiмен бiте қайнасқан боз кiлеммен табыстырды. Қырық жыл отасқан, ұрпағын өсiрген зайыбы Күлпанмен сол Семейде танысып, шаңырақ көтерген. Үлкен спортқа бастаған жеңiстi жолдың бастауы Семейде жатыр. Мұның сыры, Жақсылық Үшкемпіровтің сол қаладағы оқу орнын тәмамдауы.

«Институттың денешынықтыру кафедрасы бар. Алдында «кiм қайда барғысы келедi?» деп бөлгенде, еркiн күреске жазыла салғанмын. Ол кезде бәрiмiз күреске ұмтылатын едiк қой. Өйткенi, ауылдан келген балаларға спорт түрлерiнiң iшiндегi ең жақыны — күрес. Қазақша күреске ауылда талай түскен маған да ең оңтайлысы күрес болып көрiндi. Бiрақ, жазуын жазып алғанымен ол күрес жуық арада бастала қойған жоқ едi. Денешынықтыру пәнiнде Микрихов деген жаттықтырушы ылғи шаңғымен жарыс өткiзедi. Мен жарыспақ түгiл, алғашқыда шаңғы бiр жаққа, өзiм бiр жаққа ұшып түсетiнмiн. Қанша тырыссам да шаңғыны өзгелер секiлдi тебе алмай койдым. Жарысқа қатыспасаң «зачет» жоқ. «Зачетiң» болмаса сессияға жiбермейдi. Оның артында оқудан шығу тұр. Шаңғы тебе алмағанның жазасы – спортзалда күрес кiлемiн тiгу. Ине-жiптi қолыңнан түсiрмей, нән кiлемнiң сөгiлген жерлерiн шұқыланып, тiгесiң де жүресiң. Бiр өнбейтiн тiрлiк. Күнде-күнде сол өнбейтiн жұмысқа салды да қойды. Қатарласыңның бәрi алысып-жұлысып, жаттығып жатқанда бiр шетте ине-жiппен әуре болып, жалғыз шоқиып отырғанның несi жақсы дейсiң. Амал жоқ көнесiң. Еркiн күрес жаттығуының басталған кезi. Сабақтан соң баяғы кiлемiмдi тiгуге тура жүгiрем. Бар ойым қалай да «зачет» алу. Залға сол күнi де жаттығу басталмай бардым. Бапкер Лю Вен Хай деген кәрiс. Төртпақ келген, түрi қазаққа ұқсас кiсi. Менi көрiсiмен қасына шақырып алды. Өзi күрестен спорт шеберi.
— Не iстеп жүрсiң, қайда барасың?
— Кiлем тiгуге келдiм, шаңғыдан «зачет» алуым керек.
— Сен өзi күресу бiлесiң бе? Егер ана баланы жықсаң «зачетыңды» мен-ақ қойдырып берейiн. Күресесiң бе? Түрiне қарасам қалжыңның адамы емес сияқты. «Зачет» үшiн «таудан құдық қаз» десе даяр жүрген кезiм ғой. Қарсыласым мен құралпы бала. Дереу шешiнiп тастап, күресе кеттiм. Әдiс-тәсiл дегенде шаруам жоқ. Ұстаса кеткен бойда көтерiп соқтым. Бапкердiң найын дедi ме. өзi қалай жыққанымды байқамай қалды-ау деймiн. Әлде тағы сынап көргісі келді ме, білмеймін.

— Ендi ана баламен күрес, соны жықсаң «зачетың» дайын. Жаңағы күреске ендi қатысып жүрген бала ғой. Келесi шығарғаны еркiн күрестi әбден меңгерген, бiрер жыл жаттыққан, жоғары курс студентi. Салмағы да үлкен. Онысына қарап жатқан мен жоқ. Есi-дертiм қалай да оны жеңу, «зачет» алу. Сәл әдiсiн алған соң оны да алып ұрдым ғой. Әлгi бапкер:
— Әй, сен еркiн күресте жоқ әдiстi қолдандың ғой. Кәне қайта күресiңдер, – дейдi. Мен сол жерде: — Сiз «жықсаң болды», дегенсiз. Қалай күресудi айтқан жоқсыз ғой, – деп едiм, «жарайды, келiстiк» деп көне кеткенi. «Зачетiмдi» де сол күнi қойдырып бердi. Бiрақ, сол күннен бастап Лю Вен Хай маған еркiн күрестiң жаттығуынан қалмауымды мықтап тапсырды. Оның есесiне ол әлгi Микриховқа айтып жүрiп, менi шаңғы жарысынан босатып алды. Сөйтiп, менi күрес кiлемiне шаңғы қуып шығарған. Дұрысы, шаңғы тебуден қашып, еркiн күрес жаттығуынан қалмай қойдым. Кейiн шаңғыны ұршықтай үйiретiн болдық қой. Ал, алғашқы кезде мен үшiн дүниедегi ең қиыны шаңғы едi. Басқа спорт түрiне дәл сондай қинала қойған жоқпын».

(жалғасы бар)


Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: