Легионерлер қазақ спортын жарылқамайды

11 Қыркүйек, 17:32 705

Биыл ел спортындағы ауқымды өзгерістің іргетасы қаланды деп санасақ қателеспейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында балалар спортына ерекше қолдау көрсету қажет екенін мәлімдеді. Оның алдында Олимпиада жүлдегерлерімен кездесуде шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін жеткізген болатын.

Балалар спортын дамыту қажет

Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын, - деді Президент Тоқаев биылғы Жолдауында.

Мемлекет басшысы заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашатынын алға тартып, депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән беруге шақырды.

Қ.Тоқаевтың балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудың маңызына тоқталғаны бірінші рет емес. Бұған дейін Олимпиада жүлдегерлерін марапаттау кезінде де бұл мәселеге назар аударған еді. Президенттің пайымдауынша, кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Мемлекет басшысы мұның орнына елімізде дамуы кенже қалған тұрған спорт түрлеріне шетелдік мықты бапкерлерді тартудың қажеттілігін жеткізді. «Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің Жолдауда балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға басымдық беріп, легионерлер тартуды доғаруға шақыруы бекер емес. Тәуелсіздік алғалы Қазақстан атынан талай легионер сынға түсті. Кейбірі жеңіс тұғырынан көрінгенімен, елімізге тигізген пайдасы шамалы деп айтсақ қателеспейміз. Мұның себебі де жетерлік.

Олимпиада жақсы, бірақ нәтиже өкінішке орай...

Алысқа бармай-ақ, ең әуелі Париж Олимпиадасына тоқталайық. Биылғы байрақты бәсекеге Қазақстан атынан 79 спортшы аттанды. «Тоғызыншы территорияның» саңлақтары Франция астанасында өткен сайыста 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алып, 43-орыннан көрінді.

Жеңіс тұғырына көтерілгендердің тізіміне көз жүгіртсек, кіл қазақтар екеніне куә боламыз. Пьер де Кубертеннің отанынан бұйырған жалғыз алтынды дзюдошы Елдос Сметов жеңіп алды. Бұл – Елдостың үшінші медалі. Бұған дейін Жамбылдың жампозы Риода (2016 жыл) күміс, Токиода (2021 жыл) қола медаль олжалаған еді. Осылайша, үш Олимпиада ойынында топ жарған екінші спортшы атанды. Біріншісі – тағы бір қазақ қызы Ольга Рыпакова. Орғып та секіретін, қарғып та секіретін Ольга 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында күміс, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында алтын, Рио-де-Жанейрода қола медаль олжалады.

Париждің күмісін қанжығасына байлағандар да кіл қазақ. Олар: боксшы Нұрбек Оралбай, грек-рим күресі шебері Демеу Жадраев және спорттық гимнастикадан сынға түскен Нариман Құрбанов. Қола жүлдені жеңіп алғандар да өзіміздің оғландарымыз. Дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев жүлделі үшінші орыннан көрінсе, былғары қолғап шебері Назым Қызайбай жартылай финалда сүрініп, қола медальді қанағат тұтты. Александра Ле мен Ислам Сәтпаев стендттік атуда үздіктер қатарынан табылды.

Міне, Париж Олимпиадасындағы жетістігіміз осындай. Қай-қайсына қарасаңыз да, Қазақстанда туып-өскен өзіміздің сайыпқырандарымыз. Енді қараңыз. Биылғы Олимпиадаға «тоғызыншы территория» атынан 11 легионер үш жолақты елге аттанды. Өкінішке қарай, олардың ешқайсы жеңістің дәмін тата алған жоқ. Үкілеп сеніп артқан теннисшілеріміз Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева түрлі себепті сылтауратып, төртжылдықтың байрақты бәсекесіне қатысқан жоқ.

Александр Бублик пен Александр Шевченко да Париж кортында жарытып өнер көрсете алмады. Ресейден келген екі легионер алғашқы айналымда қарсыластарына жол беріп қойды. Теннистегі келесі «жерсіндірілген спортшымыз» Александр Недовесов те бірінші кезеңнен ары аспады.

Тағы бір легионеріміз Екатерина Шабалина триатлоннан сайысқа түскен еді. Алайда жүзу кезінде спортшымыз өзен суына шашалып, салдарынан жарыс жолынан шығып қалды. Сонау 2013 жылы Қазақстан азаматтығын алған Сергей Токарницкий байдарка есуде ширек финалдан өте алған жоқ.

Жеңіл атлетикадан жүлдесіз жүрміз деп көп айтылғаны себеп болды ма, кейінгі жылдары Қазақстанның шенеуніктері сонау Африкадан аттай қалап желаяқтар алдырқан еді. Биылғы додада олардың ешқайсы оңдырып өнер көрсетпеді. Кенияда туған Дэйзи Джепкемей 10 мың шақырымға жүгіруден 17-орынға қол жеткізді. Қазақстан атынан тұңғыш әлем чемпионы атанған Нора Джеруто үш мың шақырымға жүгіруде мәреге 9-шы болып келді.

Жеңімпаз легионерлер де бар

Дегенмен легионерлер Олимпиадада мүлдем нашар өнер көрсетті деп түбегейлі кесіп айтуға да болмас. Жалпы, жазғы және қысқы Олимпия ойындарын қосқанда Қазақстан 16 алты, 28 күміс, 42 қола медаль жеңіп алды. Соның ішіндегі алтынның біреуі легионердің еншісіне тиесілі.

Ресейдің Қорған облысында туып-өскен Алла Важенина Бейжің Олимпиадасында (2008 жыл) алтыннан алқа тағынды. Осы орайда Аллаға Алла қарасқанын айта кеткен жөн. Негізі сайыс қорытындысы бойынша ауыр атлетшіміз 75 келі салмақ дәрежесінде күміс медаль олжалаған еді. Алайда 2017 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті қан сынамаларын қайта тексеріп, алтын медаль иегері қытайлық Цао Лэйден допинг тапты. Сөйтіп, оның жүлдесі Алла Важенинаға берілді.

Допинг дегеннен шығады. Бірнеше жыл бұрын Олимпиадада алтын алған бірнеше спортшымыздың қан сынамасынан тыйым салынған зат табылып, жүлдесінен айрылып қалған болатын. Естеріңізде болса, 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан айды аспанға бір-ақ шығарып, 7 медаль олжалаған еді. Алайда жеңімпаз төрт ауыр атлетшіміздің қанынан допинг табылып, жүлдесін қайтарып беруге мәжбүр болды. Соның үшеуі – Светлана Подобедова, Майя Манеза және Зульфия Чинчанло шетелден аттай қалап алдыртқан легионерлеріміз еді.

Зілтемір көтеруден сынға түскен тағы бір спортшымыз, Бакуде туып-өскен Ниджат Рахимов 2016 жылы 77 келі салмақ дәрежесінде жеңістің ең биік тұғырынан көрінген елі. Бірақ 2022 жылы оның сынамасынан да рұқсат етілмеген препарат табылып, жүлдесінен айырылды. Сондай-ақ 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Таймураз Тигиев те допинг дауынан кейін медалін қайтаруына тура келді.

Бұдан бөлек, биатлоншы Елена Хрусталева Ванкувер Олимпиадасында (2010 жыл), грек-рим күресі шебері Георгий Цурцумия мен еркін күрес балуаны Геннадий Лалиев пен Гюзель Манюрова Афины Олимпиадасында (2004 жыл) күміс медаль иегері атанды. Өздеріңіз байқағандай, есімі аталған спортшылардың бәрі көрші елдерден келген легионерлер болатын. Сондай-ақ тағы 8 легионер Олмипия ойындарында қола медальға қол жеткізген.

Легионерлердің жартысы еліне қайтып кеткен

Осы орайда, айта кететін тағы бір мәселені талқылаған жөн. Шетелде туып, бірақ спорт табалдырыған Қазақстанда аттаған немесе басқа мемлекетте дүниеге келген не сонда тәрбиеленген қаны қазақ спортшыларымыз бар. Рио-де Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері, зілтемірші Александр Зайчиков Беларусьта дүниеге келген. Алайда спорттың әліппесін, ауыр атлетиканың қыр-сырын Қазақстанда үйренді. Бала кезінен-ақ Қызылордадағы спорт үйірмесіне қатысқан. Сол секілді Бақыт Сәрсекбаев Павлодарда дүниеге келгенімен, былғары қолғапты Өзбекстанда киген. Осы екі жағдайда да сайыпқырандарымызды легионер деп атауға келмейді.

Жалпы, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері 126 спортшыға Көк паспортты сеніп тапсырып, Көк туымыздың астында өнер көрсетуге шақырыпты. Биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік солардың 79-ы кейіннен туған жеріне қайтып кеткенін мәлімдеді. Осылайша, «Антикор» спорт саласына тексеру жүргізген екен, талай былықтың беті ашылды.

Енді есептеп қараңыз. Шетелден легионер әкелу үшін қаншама қаржы шығындалады. Алайда олардың Олимпиададағы жеткен жетістігі 13 медаль ғана. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері бәрін қосқанда 86 жүлдені қанжығасына байлаған. Сонда медаліміздің 15 пайызы ғана легионерлер еншісінде көрінеді. Былай қарасаңыз, ауыз толтырарлықтай нәтиже емес. Осындай болмашы жетістік үшін мол қаражат шығындаудың қажеті бар ма еді?

Оның үстіне, Президент Тоқаев айтқандай, шетелдік легионерлер қазақтың сайыпқырандарына кедергі келтірген тұсы аз емес. Мысал керек пе? Жетерлік. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында Ирина Некрасова күміс медаль иеленді. Рас, кейіннен ХОК сынамасынан допинг табылды деп оның жүлдесін қайтарып алды. Бірақ 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Ирина қызымыздың жолын легионер Майя Манеза кесті. 2012 жылы Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатында Қостанайдың тумасы жалпы 257 келі салмақ көтеріп, екінші орынға тұрақтаған. Бас жүлде Майя Манезаға бұйырды. Сөйтіп, ұлттық құрама сапында «Тұманды Альбионға» Қытайдан келген легионеріміз аттанды.

Осы жерде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің деректеріне қайта жүгінейік. «Антикордың» деректеріне сай, жоғары жетістіктер спортының бюджеті 340 млрд теңгені құраған. Ал бұқаралық спортқа 35 млрд теңге бөлінген. Яғни, екеуінің айырмашылығы 9 есе. Ресми деректерге сүйенсек, «Самұрық-Қазына» спорттық клубтарға соңғы алты жылда 138 млрд теңге жұмсаған екен.

Кәсіби спорт саласында ашық емес және субъективті төлемдер үшін жағдайлар жасалған, ал бұқаралық спортта қаражат бөлу рәсімі цифрландырылған, халықтың қажеттіліктеріне байланысты және атаулы сипатта болады. Жоғары жетістіктер спортында шетелдік ойыншылардың натурализация процестері қалыпты жағдайға айналды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдік азаматтарды алды, оның ішінде әрбір екінші ойыншысы Отанына оралды, - дейді агенттік.

Командалық спортта да былық жетерлік

Жоғарыда спорттық сайыстардың шыңы саналатын Олимпиада ойындарындағы мәселе туралы сөз қозғадық. Яғни, шетелден легионер шақырып, оларға азаматтық беру тұрғысынан әңгімелеген едік. Дегенмен легионерлер тек жерсіндірілуге байланысты емес. Еліміздегі спорт клубтарында, әсіресе футбол мен хоккейде қыруар жалақы алып, бірақ жарытып ойнамайтын легионерлер жетерлік.

Белгілі журналист Сәкен Сыбанбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау туралы айтқанын жоғары бағалап отыр. Оның пайымдауынша, легионерлер жастардың жолын бөгеп келеді.

Осыған дейін Қазақстанға қаншама легионер келді. Майя Манеза мен Зульфия Чиншанлоның қайда жүргенін білесіздер ме? Лондондағы алтынын допинг дауынан кейін тартып алды. Нора Джеруто әлем чемпионатын жеңіп алды демесеңіз, бұқаралық спортқа пайда тигізгені шамалы. Күрес түрлеріндегі легионерлердің тіпті атын ұмытып қалдық. Футболдағы жағдай түсінікті. Алаңдағы есімдерге қарап отырып, «бұл Қазақстан чемпионаты ма, әлде басқа елдің жарысы ма?» деген ойға келесің, - дейді Сәкен Сыбанбай.

Биыл Қазақстан футбол федерациясы Премьер-лигада клубта ойнайтын легионерлер санына қойылған шектеуді алып тастады. Ендігі жерде «тоғызыншы территорияның» футбол командалары қалағанынша шетелдік былғары доп шеберлерін алаңға шығара алады. Мұндай шешім спорт жанашырларының, депутаттардың наразылығын туғызған. Дегенмен Туризм және мәдениет министрлігінің өзіндік ұстанымы бар.

Мәжіліс депутаттарының бастамасымен «Спорттағы легионерлер туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Бұл заңның нормалары легионерлерді мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға толық тыйым салады. Бұл норма қазірдің өзінде қатты талқылануда. Әзірге Қазақстан Премьер-лигасында легионерлер ойнап жатыр. Оларға ешқандай лимит жоқ. Легионерлерге қойылған шектеудің алынып тасталуы өзін-өзі қаншалықты ақтайтынын көреміз», деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев liter.kz сайтына берген сұхбатында.

Екі хоккейшінің жалақысы 616 миллион теңге

Осы орайда, ведомство басшысы клубтық жүйені жекеменшікке беру керек екенін жеткізді. Министрдің сөзіне сенсек, клубтар инвестор тартып, легионерге қалауынша қаражат төлей беруіне болады. Дегенмен мұндай ұстаным шетелдік футболшыларға қыруар қаражат бөлуді қалай шешетіні түсініксіз.

Өйткені футбол мен хоккей секілді командалық спорт түрлерінде шетелдіктерге берілген қаражатты естігенде, жағаны ұстауға тура келеді. «Барыс» клубында да жалақыны шелектеп алатын хоккейшілер толып жүр. Спорт-Экспресс сайтының деректеріне сүйенсек, клубтың жалақы қоры 3 миллиард теңгеден асады. Соның ішінде алғашқы ондықты кілең легионерлер бастап тұр. Мәселен, осы жазда команда құрамына қосылған қорғаушы Уилл Батчер мен шабуылшы Майкл Маклаудтың жалақысы 60 миллион рубльді (313 миллион теңге) құрайды. Яғни, «Барыс» канадалық пен америкалық ойыншыларға жылына кемінде 626 миллион теңгені санап беріп отыр деген сөз. Бұл – түрлі бонустарды қоспағандағы көрсеткіш.

Футболдағы жалақыны айтсаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Негізі, ала доптың айналасындағы қаражат жарияланбайды. Дегенмен ара-тұра кей мәлімет тарап кетеді. Мәселен, by.tribuna.com сайтының деректеріне сүйенсек, «Астана» клубының жартылай қорғаушысы Макс Эбонг айына 15-17 мың доллар (6,5-7,5 миллион теңге) жалақы алады екен. Сол секілді «Елімайдың» футболшылары Николай Золотов пен Никита Корзун айына 15 мың долларды қалтасына басып отыратын көрінеді.

Караван газеті былтыр «Ордабасы» сапында доп тепкен өзбекстандық Бобур Абдухоликов бір жылда 300 мың доллар жалақы алғанын жазған еді. Яғни, 135 миллион теңге өзбек футболшысының қалтасына түскен. Биыл Конгоның және «Атыраудың» жартылай қорғаушысы Жоэль Каямба Meta-Ratings басылымына берген сұхбатында Қазақстанда футболшыларға қомақты жалақы төленетінін мәлімдеген еді.

Ал журналист Аслан Қаженовтің сөзіне сенсек, 2021-2023 жылдары қостанайлық «Тобыл» клубында өнер көрсеткен өзбекстандық Игорь Сергеев есімді шабуылшы 300 мың доллар жалақы алған. «Ұлттық валютаға шаққанда – 138 миллион теңге. Яғни, ай сайын 11,5 миллион, ал, күн сайын 383 мың теңге алады деген сөз», деп күйінеді журналист.

Біреудің қалтасындағы қаражатты санаған дұрыс емес, әрине. Алайда Қазақстандағы футбол және басқа командалық клубтарды мемлекет қаржыландыратынын ескерсек, легионерлердің жалақысы туралы мәлімет ашық көрсетілуі қажет.

Қазір Парламентте дене шынықтыру және спорт туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Өткен аптада Үкімет отырысында аталған құжат жөнінде Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова баяндама жасаған. Оның айтуынша, жаңа заңның бірнеше тұсы бар. Мәселен, қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі енгізіледі.

Дене шынықтыру және спорт саласында Мемлекет басшысы қойған мақсаттарды орындау үшін мынадай шаралар қабылданады. Алдымен саланы дамытудың үш сатылы жүйесі құрылады. Оның біріншісі бұқаралық спорт, кейінгі сатылары жоғары жетістіктер спортына қатысты. Жоғары жетістіктер спорт түрлері қайта қарастырылады. Ол тізімге Олимпиада, Азия, Паралимпиада ойындары, сондай-ақ, ұлттық спорт түрлері кіреді, - деді Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ спортқа бөлінетін қаржыны нәтижелі әрі тиімді пайдалану үшін қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі енгізіледі. «Спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар мен спорттық медицина, фармакология, диетология, психология саласының мамандарын дайындау жүйесі қайта қарастырылады. Әкімдіктермен бірлесе отырып аймақтардағы спорттық инфрақұрылым кеңейтіледі. Бұл өзгерістер Мәжілісте қарастырылып жатқан заң жобасы аясында енгізіледі», деді Тамара Дүйсенова.

Заң жобасын Мәжіліс талқылап болғаннан кейін жалпы отырысқа шығарады. Оған дейін жаңа құжаттағы біраз мәселе пысықталуға тиіс. Ең бастысы, легионерлерге және балалар мен жасөспірімдер спортына қатысты көзқарас өзгерді. Сең қозғалды, ендігі мәселе – нәтижесін күту.

Alikhan Assangeldi
Бөлісу: